Бүгін Трамп импичменті дауысқа салынады

Бүгін Трамп импичменті дауысқа салынады

Бүгін Трамп импичменті дауысқа салынады
ашық дереккөзі
АҚШ Конгрессінің Өкілдер палатасы бүгін президент Дональд Трамп импичментін дауысқа салады.
Трампқа екі айып тағылып отыр - билікті асыра пайдалану және Конгресс зерттеуіне кедергі жасау. Өкілдер палатасы импичмент үшін дауыс берсе, Трамп АҚШ тарихында импичментке тартылған үшінші президент атанады, деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі. Президентке импичмент жариялау оның қызметтен кетуін білдірмейді. Айыптауды Сенат бекітуі керек. Ол үшін сенаторлардың үштен екісі импичментті қолдауы тиіс. АҚШ тарихында мұндай жағдай болған емес (Ричард Никсон импичментті дауысқа салу процесіне дейін қызметтен кеткен). Өкілдер палатасы жалпы отырыста импичментті алты сағат бойы талқылайды, одан соң дауысқа салады. Трамп қарсыластары - демократтар Өкілдер палатасында көп орынға ие, сол себепті олар екі айыптауды да қабылдауы мүмкін. Республикалықтардың оған дауыс берер-бермесі әзірге белгісіз. Трамп бұның алдында Палата спикері Нэнси Пелосиге ресми хат жолдап, демократтарды "төңкеріспен" 2016 жылғы президент сайлауының нәтижесін "жоққа шығармақ" деп айыптады. Трамп өкілдері президенттің тікелей таралымды көрмейтінін мәлімдеді. Сенат Трампты қызметтен алу процесін жаңа жылда бастайды. Әзірге оның қалай жүретіні белгісіз. Республикашылдар Сенатта көп, сол себепті Сенат президентті қызметтен алады дегенге сарапшылар сенбейді.