Әз-Тәуке реформалары қазақ елінің тұрмысын түбегейлі өзгертті
Әз-Тәуке реформалары қазақ елінің тұрмысын түбегейлі өзгертті
«Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін
алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының
Ликургі, Айдаһары – сол адам...»
Алексей Левшин, орыс тарихшысы.
XV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының құрылуымен Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның көшпелі және отырықшы – егінші халқын этникалық және саяси жағынан топтастыру аяқталды. Қазақ халқының қалыптасу үдерісі аяқталып, жергілікті этникалық негізде мемлекеттілік қалпына келтірілді, тәуелсіз ішкі-сыртқы саясат жүргізілді. Жошы ұрпақтары Керей мен Жәнібек хан тарихи екі мәселені – Қазақ мемлекеттілігі мен халық болып қалыптасу үдерісін шешіп берді. Осылайша ХІІІ-XV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ жерін қамтыған Ақ Орда мемлекетінің заңды мұрагері болған Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан мен оған көршілес аумақтарда моңғол дәуірінен кейінгі уақытта жүрген этносаяси және әлеуметтік – экономикалық үдерістердің заңды қорытындысы болып табылады. Жаңа мемлекеттің құрылған уақыты туралы мәлімет қалдырған ортағасырлық тарихшы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати болды. Ол өзінің парсы тілінде жазған атақты «Тарих-и Рашиди» еңбегінде: «...Бұл күндері Әбілхайыр ханның билігі Дешті Қыпшаққа түгел жүріп тұрды. Ол жошылық сұлтандар Керей мен Жәнібек хандарға тізесін батырып, олар Моғолстанға қашып кетті. Есен-Бұға хан (Моғолстан билеушісі) оларды жылы қабылдап, Моғолстанның батысындағы, Шу өзені бойындағы Қозыбасы деген жерді берді. Олар сонда орналасып, жағдайы оңалып қалған кезде Әбілхайыр хан қайтыс болды. Өзбек ұлысында өзара алауыздық басталып, көптеген халық Керей мен Жәнібек ханға қосылып, олардың қатары толығып, 200 мыңға жетті және «өзбек-қазақтар» деп аталды. Қазақ сұлтандарының билігі хижраның 870 жылы (1465-1466) басталып (ақиқаты Аллаға ғана аян), хижраның 940 жылы (1533-34) қазақтар өзбек ұлысының (Дешті Қыпшақ) көп бөлігіне билік жүргізді» – деп жазды (Дулати Мухаммед Хайдар. Тарих-и Рашиди (Рашидова история): Перевод с персидского языка, 2-е изд. дополненное – Алматы: «Санат», 1999. Стр. 656.) Тарихта ұлы адамдар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені олар белгілі бір тарихи ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырып, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше өзгерістердің тез немесе баяу болуына, оқиғалардың объективті даму, өрбу бағытына өзіндік ықпал жасайды. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап ел билеген хандардың әрқайсысының сіңірген өзіндік еңбектері орасан. Керей мен Жәнібек хандар мемлекеттің негізін қалап, оның сара жолын салып берсе, Қасым мен Хақназар хандардың тұсында хандықтың аумағы ұлғайып, Ақ Орда мемлекетінің территориясын қамтыды. Ал Тәуекел, Есім мен Жәңгір хандар кезінде сыртқы жауға тойтарыс беріліп, хандықтың өміршеңдігі айқындалды. Ендігі мемлекеттік деңгейдегі іс тындыру кезегі Тәуке Мұхаммед Баһадүр ханның (1635/1640 – 1715/1718 жж.) еншісіне тиді. Қазақтың ауызша тарихының білгірі, жазушы, этнограф А.Сейдімбек Тәуке ханның елі үшін сіңірген еңбегі туралы былай деп сипаттама береді: «Ханның еңбегі екі қырымен ерекше назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, төңірегіндегі анталаған жауға алдырмағаны болса; ал екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнықтыруында». ХІХ ғасырда қазақ тарихы туралы тұңғыш көлемді еңбек жазған А.И.Левшин Тәуке ханды көне дәуірдегі гректің әйгілі мемлекет қайраткері Ликургке, теңейді, қазақ Ордасының айдаһары деп, бағалайды және ханның тарихи тұлғасына мынадай сипаттама береді: «Ол бірнеше жылдарға созылған қантөгіс соғыстарды тоқтатып, өзара қырқысуларды тыныштандырды, ол өзінің ақылымен және әділеттілігімен басқаларды бағындыра білді, ол мықтыларды тыныштандырып, әлсіздерді біріктіру арқылы күштілерге қарсы тұра алатындай етті, ол жалпыға ортақ заң шығарып, сол заңмен өмір сүргізді, қазіргі күнде ол заң қазақтардың есінде сақталған» (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общ. Ред. Акад. М.К.Козыбаева). – Алматы, «Санат», 2009. – 656 стр.). Тәуке ханның кезеңі туралы жазба деректерде там-тұмдап қана мәліметтер кездеседі. Мұсылман авторларының еңбектерінде оның билігі кезіндегі оқиғалар туралы үзінділер ғана сақталса, ал қытай жылнамаларында XVII ғасырдағы Қазақ хандығында орын алған кейбір оқиғалар желісі ғана қамтылған. Ал осы кезден бастап Қазақ ордасына ішкерілей түскен Ресей мұрағаттарының қорында сақтаулы бірнеше құжаттар ғана Тәуке ханның есімімен тығыз байланысты. Сондықтан мәселені Тәуке ханның шығу тегінен бастап өрбітелік. 1465-1466 жылдары Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның 9 ұлының бірі Жәдік сұлтан еді. Қадырғали Жалайыри өз еңбегінде Жәдікті екі рет «хан» лауазымымен атап өтеді (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар Н.Мингулов, Б.Көмеков, С.Өтениязов. – Алматы: «Қазақстан», 1997. 121 б.). Жәдіктің ұлы Шығай хан (1580-1582 жж.), одан Есім хан (1598-1628 жж.), одан Салқам Жәңгір хан (128-1652 жж.), одан Әз Тәуке хан (1680-1715/18 жж.). Тәуке ханның толық есімі – оның жеке мөріндегі жазуға қарағанда Тәуекел-Мұхаммед батыр хан болған (Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 276 с.). Ш. Құдайбердіұлы Тәуке ханды Жәңгір ханның қалмақ әйелінен туған ұлы деп жазады (Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы: «Қазақстан», 1991. 25 б.5, 25 б.). Зерттеушілер Тәукенің қайтыс болған жылы мен сол тұстағы жасын мөлшерлей келе, оны шамамен 1635 – 1640 жылдар арасында дүниеге келген деген пікір айтуда. Осы жылдары оның әкесі Жәңгір жоңғар тұтқынында болып, Батыр қонтайшының Жоңғариядағы басты қарсыласы Хүндүлен тайшының көмегімен тұтқыннан босап, елге оралады. Яғни, Тәуке Хүнделен тайшының Жәңгірге қосқан қызынан туған. Салқам Жәңгірдің Тәукеден басқа бірнеше ұлы болды. Шах Махмұд Чорастың дерегінде Жәңгір ханның Тәуке және Абақ деген екі ұлы болғандығы, Абақ сұлтанның үлкен ұл екендігі айтылады (Тарих-и Шах Махмуд бин Мирза Фазил Чорас // МИКХ, С.385.). Т.И. Сұлтанов Абақ сұлтанның есімін нақтылап – Аппақ сұлтан деп түсіндіреді (Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме...). Ал Шәкәрімнің еңбегінде «Жәңгір ханның екі ұлы болған, біріншісі – Тәуке, ал екіншісі – Үргеніштегі Ғайып ханның қызынан туған Уәлибақи. Жәңгірдің орнына Тәуке хан болғанда хандыққа өкпелеп Уәлибақи Ғайып ханға кетіп еді», – деп жазады (Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі...). Тарихи деректерде Тәуке ханның билік басына келген уақыты нақты көрсетілмейді. Сол себепті зерттеушілердің бір тобы оны таққа 1652 жылы әкесінен кейін мұрагерлік жолмен келген деп санаса, басқа бір топ Тәуке хан 1680 жылы билікке келген деп тұжырым жасайды. Бірақ зерттеушілер 1652 – 1680 жылдар аралығында Қазақ хандығы 28 жыл хансыз тұрды ма деген сауалға әртүрлі болжамдар жасайды (Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамар»ЖШС, 2007. – 432 б.7, 418-420 бб.). Тәуке ханның мемлекет басқарған кезеңі халықаралық жағдайдың, әсіресе, Қазақ хандығының көршілерімен қатынасында маңызды оқиғаларға толы кезең болды. Бұл кезде Жоңғар мемлекетінің жаңа билеушісі Қалдан-Бошоқты (1670-1697 жж.) оңтүстік Қазақстан, Мәуереннахр мен Шығыс Түркістанға басқыншылық жорықтарды жиілетті. Ойраттармен жүргізілген ауыр да толассыз соғысқа қарамастан, Тәуке хан билеген тұста Қазақ хандығы өз тәуелсіздігін сақтап қана қоймай, ішкі жағдайын да күшейтуге қол жеткізді. XVI ғасыр басында Мәуереннахрда (орталығы Бұхара қаласы) билікке жаңа әулет Аштарханийлер келді. Бұл әулет 1785-1786 жылдарға дейін билікте отырды. Орыс ғалымы Вельямин-Зернов өз еңбегінде Тәуке ханның кезінде Сырдария бойындағы қалаларға үстемдік ету үшін қарулы қақтығыстар болғанын, алайда бұл шиеленістің Қазақ – Бұхар арасында үлкен соғысқа айналмағанын жазады. Тәуке хан кезінде Сырдария бойындағы 32 қала Қазақ хандығына қараған. Ал Тәуке хан Бұхар хандығымен арадағы шиеленісті елшілік байланыстар және сауда-саттық қатынастар жасасу арқылы бейбіт жолмен шешеді (Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. Ч. 1-2. СПб., 1863-1864 гг.8, 380 б.). Демек, Тәуке ханның мөріндегі Батыр атының қосылуы да ханның осындай сыртқы қарулы қақтығыстар мен соғыстарда жеңіске жетіп отырғанын білдірсе керек. Жоңғар хандығымен кескілескен және ұзаққа созылған соғыс Қазақ хандығында саяси және экономикалық жағдайды қиындатты. Сондықтан Тәуке солтүстіктегі көршімен қарым-қатынасты бейбіт жолмен өрбіту мақсатында 1686 – 1693 жылдар аралығында Ресейге маңызды дипломатиялық тапсырмамен 5 рет елшілік аттандырады. Ханның 1694 жылы қазан айында І Петр патшаға жазған хатының сақталған мәтінінде «достық қатынасты қолдауды ұсынғанын» көреміз (Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме...). Яғни, Тәуке ханның кезінде қазақ-орыс қатынасы нығайып, жаңа арнаға түсті. Алайда патша үкіметі «ұзын арқан, кең тұсау» саясатымен достық қатынасты қолдайтын сыңай таныта қоймады. Өзінің «шығысты иелену» саясатын бастап кеткен Ресей үкіметі Қазақ ордасымен бейбіт, достық қатынас орнатуға мүдделі еместігін байқатты. Қазақ елшілерін жөн-жоралғыға сай қабылдамады, Тобылдан әрі асырмай, кейбір реттерде елшілерді тұтқын ретінде ұстады. Сондай-ақ, Қазақ жерімен шекаралас аралықтарда бекініс-қамалдарын күшейте түсіп, «бөлшектеп жалмау» тәсілін қолданды. Алайда Әз-Тәуке хан Түркістанға келген орыс елшілеріне «Түріктің сұлтаны мен қызылбастың шаһынан кемдігім жоқ!» дей отырып, зорлыққа көнбейтінін және ешкімге бас ұрмайтынын жеткізді (Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2008. – 240 б.). Әйтседе Ресейдің көршіге көз алартуы мен Жоңғарды отты қарумен жарақтандыруы, қонтайшы Сыбан Рабданның (1697 – 1727 жж.) қазақ-жоңғар соғысын өршітуі Тәукенің қазақ жерін Ресей қамқорлығына алу туралы ұсыныс жасауына әкеп соқты. Өз заманының сұңғыла саясаткері, ақылман билеуші болған Тәукенің мұндай қадамға баруының өзі бізге сол кездегі сыртқы жағдайдың ушығып кеткенін аңғартады. Тәуке дана билеуші ретінде халық есінде қалды. Ол қасына ақылды адамдарды жинап, Хан кеңесі ішінде елдің жай-жапсарын жақсы білетін, өз заманының «орақ тілді» шешендері Төле, Қазыбек және Әйтеке билер арқылы елдегі ішкі саясатты реттеп отырды. Билер кеңесінің көмегіне жүгіне отырып, «Жеті жарғы» аталған заң жүйесін жасады. Қоғамдық салт-сананы заңмен ретке келтірген Тәуке хан үш жүздің саяси-шаруашылық жағдайын нығайтып, біртұтас хандықтың ыдырап кетуіне жол бермей, барлық күшті – Жоңғарға қарсы күреске жұмылдыра алды. Хандықты нығайтуда «Жеті жарғы» заңдар жинағының маңызы ерекше болғаны сөзсіз. Бірақ бүгінгі күнге дейін бұл заңдар жинағының жазба түрі бар ма, әлде жоқ па оны ешкім нақтылай алмайды. Бұл заңдар жинағы бізге орыс ғалымдары Г.Спасский (1820 ж.) мен А.Левшиннің (1832 ж.) жазбаларынан белгілі болып отыр. «Жарғының» 11 тармақтан тұратын үзіндісін (1804 жылы жаппас руының старшыны Көбек Шүкіралиевтің жазбасы бойынша) 1820 жылы орыс ғалымы Г.Спасский «Сибирский вестник»-тің 2 бөлімінде жариялады. «Жеті жарғының» екінші баспасын қазақ тарихының білгірі А.Левшин өзінің «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» 3 бөлімінде 34 тармақпен жариялады (Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме...). Зерттеушілердің барлығы да «Жеті жарғыда» көрсетілген құқықтық нормалар жиынтығы ел көлемінде қолданыс тапты деген тоқтам жасайды. Бұл заңдар жинағы заман ағымына қарай мынадай тармақтарға бөлінген: Көтеріліс жасап, бүлік шығарған адамдар өлім жазасына кесілсін; Түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық жасағандар өлім жазасына кесілсін; Мемлекетте жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына кесілсін; Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын; Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлікті ұрлаған кісі өлімге кесілсін. Төбелесте мертігудің түріне қарай мынадай мүлікті құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын берсін, қызы жоқ болса қыздың қалың малын берсін; ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат берсін. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлесін (Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Исин А.И. Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы. Алматы: «Сөздік-Словарь», 2011. – 320 б.). «Жеті жарғыны» жасауға атсалысқан үш би – Төле, Қазыбек және Әйтеке Есім ханның «Ескі жолындағы» «қанға-қан, жанға-жан» деген байламды барынша жеңілдетіп, «құн төлеу» сияқты жаза түрін енгізді. «Жеті жарғыда» әкімшілік, құқықтық, азаматтық, дін, салық туралы мәселелер де қамтылды. Аталған заңдар жинағы өмірге «билер сотын» әкелді. Ал «жоғарғы сот» ретінде ханның өзі соңғы үкімді кесіп айтатын болды. Тәуке хан 1715 (кей деректерде 1718) жылы әбден қартайған шағында дүниеден өтті. Ел құрметіне бөленген қазақтың ұлы реформатор ханы Қазақ хандығының саяси және мәдени орталығына айналған Түркістан қаласында жерленді. Тәуке билеген заман халық зердесінде қазақ мемлекетінің ең бір өркендеген, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманы», «алтын ғасыр» ретінде сақталды. 1748 жылы орыс елшісі М.Тевкелеев «Тәуке хан өте ақылгөй кісі болған, оны қырғыздар (қазақтар) үлкен құрметпен еске алады» деп көрсетсе, ал ғалым А.И.Левшин Тәуке ханды көне Спартаның әйгілі мемлекет қайраткері Ликургке теңеді. Тәуке хан туралы жоғарыда айтылған ойымызды аяқтай келе, мынадай қорытынды жасағымыз келеді. Біріншіден, Тәуке ханның шығу тегін Жошының тұңғышы Орда-Еженнен тарата келе, оның ата – бабаларының бәрі дерлік XV-XVII ғасырларда Қазақ хандығындағы саяси биліктің жоғары сатысында болып, қазақ елінің қалыптасуы мен дамуына өз үлестерін қосқан тарихи тұлғалар. Өз кезегінде Тәуке де билік құрған жылдары ата-бабасының жолы мен дәстүріне сай Қазақ елінің дамуына еңбек сіңіріп, есімі ел есінде сақталған тұлғалардың қатарына жатады. Екіншіден, Тәуке хан билікке келгеннен кейін қазақ қоғамындағы дағдарыстарды реттеу үшін «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын шығарып, оны қоғамдық өмірде кең қолданысқа енгізуге бар күш-жігерін салды. Мемлекетте ішкі саяси-әлеуметтік жағдайдың біршама тұрақталуы оның билік құрған жылдарын салыстырмалы түрде «алтын ғасыр» деген теңеуге алып келіп, халық оған әз-Тәуке деген ат берді. Үшіншіден, оның билік құрған жылдары Қазақ ордасына жоңғар шонжарларының жойқын шабуылдар ұйымдастыруымен тұспа-тұс келді. Тәуке ханның кезінде ауызбірлік пен мемлекеттік биліктің сақталуы жоңғар шапқыншылығына төтеп беруге мүмкіндіктер берді. Басқа көрші елдермен бейбіт қатынастар орнатуға күш салынды.Бауыржан АЙМАНОВ, № 18 орта мектептің тарих пәні мұғалімі.
Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы.