Орталық Азия мен Араб елдерiнде өсетін 10 түрлі сексеулдің үшеуі қазақ жерінде

Орталық Азия мен Араб елдерiнде өсетін 10 түрлі сексеулдің үшеуі қазақ жерінде

Орталық Азия мен Араб елдерiнде өсетін 10 түрлі сексеулдің үшеуі қазақ жерінде
ашық дереккөзі
Қазақстан жерінің 9,7 пайызын орман қоры құрайды десек, оның басым бөлігі, нақтырақ айтқанда, 48 пайызы сексеуіл тоғайларының еншісінде. Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi бар. Соның үшеуi Қазақстанда өседi: ақ сексеуiл, қара сексеуiл және Зайсан сексеуiлi. Қазақстанда сексеуіл орманы 6,1 млн. гектар  аумақты алып жатыр. Осы территорияның 70 пайызға жуығын (4,4 млн. гектар) қара сексеуіл, 30 пайызын (1,7 млн.гектар) ақ сексеуіл құраса, Зайсан сексеуілі  бірнеше мың ғана аумаққа шоғырланған. Ақ сексеуіл негізінен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында өседі.  Сексеуілдің құрғақ борпылдақ немесе біршама тапталған құмды жерлерде жақсы өсетін бұл түрінің биіктігі әдетте 1,5-2,5 метрге дейiн жетеді. Тамырын 10-11 метр тереңдiкке дейiн жібереді. Ақ сексеуілдің жас бұтақтары түйеге таптырмас азық, ал  оның жердегi жiңiшке сынық бұтақтары мен қураған жапырақтары ұсақ малдың тоя жеуiне жарайды. Яғни бұл сексеуiлдiң азықтық жұғымдылығы жоғары. Қара сексеуiл аққа қарағанда жуандау әрi iрi келедi. Оның өсу биiктiгi көбiне 7 метрге дейiн жетедi. Ал тамыры 11 метрден тереңдiкке дейін бойлайды. Сексеуілдің бұл түрі әдетте шоғырланып өседi. Алыстан қарасаң қалың жынысты орман тәрiздi. Орта Азияның шөлдi, құмды, сортаң жерлерiнде көп кездеседi. Сондай-ақ, тақыр жерлерде де өсуге бейiм. Қара сексеуiлдiң де жас әрi жұмсақ бұтақтарын, жапырақтарын түйелер мен ұсақ малдар сүйiсiнiп жейдi. Оның үстiне, сексеуiлдi аймақтар мал жайылымына қажеттi шөптердiң өсуiне пайдасын көп тигiзедi. Зайсан сексеуіліне келер болсақ, бұл өсімдік Қазақстанның шығысында – Зайсан көлі бойында және Жоңғар қақпасында өседі. Шөлейттің қиыршық тасты топырағында тез тамыр жаяды. Зайсан сексеуілін Қазақстаннан бөлек Қытай мен Моңғолиядан да жиі кезіктіруге болады. Қазақстандағы сексеуіл ормандарының ең үлкені Жамбыл облысында, атап айтқанда, Мойынқұмда шоғырланған. Облыстың 4 миллион 435 мың 186 гектар орман қорының 1 млн. 187 мың гектары сексеуілдің еншісінде. «Жасыл даму» салалық бағдарламасы бойынша Жамбыл облысында жыл сайын 6500 гектар сексеуіл алқаптары егіледі. Мәселен, 2013 жылы орманшылар көктемде 1300 гектар жерге сексеуілді көшет арқылы отырғызса, күзде 5200 гектар жерге оны тұқым себу арқылы отырғызды.  Ал 2014 жылдың көктем айында 1220 гектар алқапта сексеуіл көшеттері егілді. Тәжірибе көрсеткеніндей, сексеуілді көшет арқылы өсірудің нәтижесі тұқымынан себуге қарағанда анағұрлым жоғары әрі тиімді, өнгіштігі 75 пайызға дейін жетеді. Бірақ сексеуіл егу көлемі жылдан жылға төмендеп бара жатқаны қынжылтады. Бұрын Мойынқұмды ен жайлаған бес ауданның әрқайсысы жылына 4-4,5 мың гектар сексеуіл алқабына тұқым сепсе, кейінгі жылдары бәрінің жабылып жүріп еккені 5 мың гектардан әрең асады. Жойылып кету қаупі жоғары болғандықтан 2010 жылдан бастап Жамбыл облысында сексеуілдің барлық түрін кесуге 2018 жылдың соңына дейін мораторий жарияланған болатын. Орманшылар өздігінен құлап, шіріген сексеуілді ғана жинап алып, жергілікті тұрғындарға өтеусіз негізде береді. Мойынқұм ауданында газ жүргізілмегендіктен, жергілікті тұрғындарының тұрмыста қолданатын негізгі отыны –  осы ағаш. «Орман кодексінің» 91-бабы бойынша облыста жылына 18-20 мың текше метр сексеуіл босатылады. Ол әкімдіктің тізімі бойынша әр отбасына 8-10 текше метрден беріледі. Оны басқа тұлғаларға беруге, сатуға тыйым салынған. Десе де,  өзінің бас пайдасын бәрінен биік қоятын кейбір азаматтар сексеуілді аяусыз шабу арқылы табиғатқа орасан зиян келтіруді тоқтатар емес. Мәселен, өткен жылдың 26 маусымында Мойынқұм ауданының прокуратурасы жүргізген рейдтік шаралар кезінде бірінің кузовы мен тіркемесіне шамамен 20 тонна, ал тағы біріне 10 тоннадан астам қара сексеуіл тиелген екі бірдей «Камаз» автокөлігі ұсталған болатын. Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің 339-бабымен сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіміне тіркеліп, сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тексеру қортындысымен қылмыстық іс сотқа жолданады. Сот шешімі бойынша кінәлі азаматтар табиғатқа келтірілген залалды толық өтеуге міндеттелді.  2014 жылы осы  тектес заң бұзушылық жасағаны үшін Мойынқұм ауданының тағы бір тұрғыны аудандық сот үкімімен 1 жылға шартты түрде сотталған еді. Табиғаттың тынысына бас ауыртпайтын осындай азаматтар көбейген сайын иен даланың сексеуілі селдіреп барады.

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ