ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ
ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ
Тәуелсіздік!
Мехнатты жол, азапты арпалыспен келген қасиетті күн. Екі жүз жылға созылған патшалық бодандығынан, жетпіс жылдық Совет үкіметінің езгісінен құтылған ұлы күн!
Сәт санап, мың құбылған мына жаһандану заманында кез келген мемлекет бір-біріне шикізат болсын, сауда-саттық, тауар айналымы болсын немесе туризм болсын, қай жағынан алсаңыз да, бәрібір тәуелді болды да қалды. Ал мемлекет тәуелсіздігі, адам еркіндігі деген не? Тәуелсіздіктің маңызы неде? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Өткен күндер...
1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік орнады. Төрткүл дүние, алты құрлық пен төрт мұхит бәрі Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекеттің құрылғанын біліп, таныды. Мемлекет ретінде мойындады. Сол күннен бері Қазақстан әлемдік мемлекеттердің түрлі саяси қауымдастықтарына, беделі зор ұйымдарына мүше мемлекет. Тарих күнпарағының тігіндісін кері ақтарып, өткен күндерді еске алайық. «Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алады, тырмыспағандар есікте қалады. Есікте қалмай, төрге тырмысалық» – деп барша қазақ жұртына үндеу тастаған Алаш қайраткерлері алмағайып заманда саналы ғұмырларын ұлт жолына бағыштады. Ұлт жолы дегеніміз – Ресей империясының құлдық бодауынан қазақ ұлтын азат қылып, өз алдына дербес мемлекет ретінде құру болатын. Төрткүл дүниені уысында ұстаған көкжал Шыңғыс ханның жаужүрек ұрпақтары құрған Қазақ хандығы ішкі-сыртқы қақтығыстардың салдарынан әлсіреп, Ордасын құлатып алды. Ақ Ордасы құлаған соң, қазақтың қолынан тізгіні кетіп, еріксіз мойнына құлдық қамытын киген-ді. Бұдан кейін қаншама уақыт өтті. Ал ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде Мәскеу, Петербор, Томбы, Омбы, Орынбор, Вена, Каир, Варшава, Киев сияқты шаһарлардың ең озық университеттері мен институттарында білім алып, құқықтық-саяси көзқарастары мен дүниетанымдарын арттырған қазақтың аса талантты жастары – 1905 жылдың 9 қаңтарында «қанды жексенбі» атанған Ресей бейбіт шаруа қозғалысының Петербордағы патшаның қысқы сарайына басып кірген толқуынан соң, ұлт-азаттық жолына түскен еді. Қазақ жастарының бұл саяси қадамы – ренессанстық сипатқа ие болды. ХХ ғасырдың басы қазақ ұлты үшін шын мәнінде ояну ғасыры болатын. 1905 жылы оқыған қазақ жастары Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, «Қарқаралы құзырхатын» жазып, патша үкіметіне жолдап, қазақтың мүддесін қорғайды. «Қарқаралы құзырхаты» – Алаш ұлт-азаттық қозғалысының асыл идеясы іспетті аса құнды саяси маңызы зор тарихи құжат. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының ең бақытты кезеңі – 1917 жылдың 13 желтоқсаны мен 1920 жылдың 5 наурызы аралығы. Бұл қасиетті Алаш ұлттық-территориялық автономиясының құрылып, салтанат құрған шағы болатын. Алаш автономиялық мемлекетінің ұлт кеңесі – Алашорда үкіметі жасақталып, үкімет құрамына сайдың тасындай іріктелген, шеттерінен «сен тұр, мен айтайын!» деген қабылан азаматтар кірді. Үкімет құрамындағы 15 адамның тек біреуі ғана арнайы оқу орнын (Қазіргі тілмен айтқанда колледж) бітірсе, қалған 14-і университет бітірген мықтылар. Дәл осы уақытта бүгінгі қазақтың алғашқы партиясы – Алаш партиясы құрылып, билік етті. Екі жылдан астам Алаш үкіметі билік етіп, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның территориялық тұтастығы мен шекаралық межесін белгілеп қалды. Бірақ ғасыр басындағы қазақтың жан саны мен ұлттық әскердің аздығы автономиялық мемлекеттің одан ары билік етуіне тікелей кері әсер етті. Алаш автономиясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет ретінде құрылуының іргетасы, ізашары екені анық. Ал Алаш қайраткерлері мен Алаш қозғалысының ниеттестерінің қай-қайсысы болсын, қазақ ғылымының қалыптасуы мен дамуына айрықша зор еңбек сіңірді. Оны – бүгінгі шынайы көзқараспен жазылған тарихымыз айғақтап отыр. Алаш тағылымымен ынтыға танысқанымызда, көкейіңізге сөзсіз ұлы Абай хәкімнің «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» деген ұлағаты еске түседі. 1917-1991 жылдар аралығында Қазақстанда советтік қуғын-сүргіннің бірнеше толқыны жүріп өтті. Ұлттық интеллигенцияның орны ойсырап, халық үрейден көз ашпаған. 1921, 1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықта 3 миллионға жуық қазақ қырылды. 1937-1938 жылдардағы сталиндік қызыл террорда 25 мың қазақтың оқығаны атылды. 103 мыңнан астам қазақ қуғын-сүргінге ұшырап, саяси жер аударылды.Ақ күн туған сәт
Тәңірі өзі шартарапқа тарыдай шашылған қазақ баласына жар болып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында тағы да билікке қолын жеткізді. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев әлемдік саяси аренада қазақ мемлекетінің абыройын асқақтатып, елімізді жарқын болашаққа бастап келеді. Қазақ үшін желтоқсан айы – тым қасиетті, тым қастерлі емес пе?! Ендеше, қадірлі оқырман, 12 желтоқсан – Алаштың атойлы ұраны жаңғырған күн. Бұл күн – тарихи күн! Осы тарихи күннен тәлім алып, қазақтың ары мен ұятына айналған Алаш арыстарының өнегелі өмір жолынан қашанда хабардар болып, төл тарихымызды тани түсейік! Тәуелсіздік ұлт пен ұлысты теңестіріп, «советтер түрмесінен» шыққан жас мемлекеттің беделін арттырды. Ел экономикасы нығайып, халықтың әлеуметтік өмірі жақсарды. Сыртқы саясатты оңтайлы жүргізген еліміз алғашқы бес жылдың өзінде-ақ БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді халықаралық беделді ұйымдардың мүшелігіне қабылданды. 2010 жылы Еуропа Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, кәрі құрлықтың саяси мәселелерінің шешілуіне атсалысты. Елордамызда өткен ЕҚЫҰ-ның саммитіне 56 мемлекеттің басшысы келіп, Астана доктринасын қабылдады. Бұл – Тәуелсіздік жылнамасындағы аса зор оқиға әрі қазақ дипломатиясының сыртқы саясаттағы табысты жұмысының көрсеткіші. 2018 жылдың 19 қаңтарын әлі күнге дейін ешкім есінен шығарған жоқ шығар. Сол күні алыстағы Америкада, нақтылап айтсақ, Нью-Йорктағы БҰҰ штаб-пәтерінде тұңғыш рет қазақ тілінде баяндама жасалып, ана тіліміз әлем елдері жиылған кеңесте тұғырға шыққан. Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің жұмысы, кемеңгер басшымыздың «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы саяси ойлары да жас еліміз үшін абырой. Еліміздің ел болып, жиырма сегіз жылда атқарған ісі өте көп. Санап тауысып түгесе алмаймыз. Еркіндік кезеңі – сізге де, бізге де, оған да аян, таныс жол, көрген-білген сәт. Тарих қойнауына жазылғалы тұрған 2019 жылы 19 наурыз күні Қазақстанда билік Конституцияға сәйкес түрде ауысты. Елбасының сарабдал саясатының арқасында бейбіт түрде билік транзиті жасалды. Халық сайлауынан оза шығып, Қазақстанның екінші Президенті болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Қазақстанды жаңа белес, жаңа қыр күтіп-ақ тұр! Әне-міне дегенше-ақ сәт туған азаттыққа да мерейлі отыз жыл толғалы тұр...Елдос Нүсіпұлы