Жаңалықтар

Қисайған үй дауы: Сағынтаев тұрғындарды қауіпсіз орынға көшіруге уәде берді

ашық дереккөзі

Қисайған үй дауы: Сағынтаев тұрғындарды қауіпсіз орынға көшіруге уәде берді

Алатау ауданында қисайған көпқабатты үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріледі. Мұндай шешімді халықтың жағдайын білуге арнайы келген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қабылдады.  Себебі, басынан дау арылмаған бұрынғы «Алғабас», қазіргі «Зерделі» шағынауданының №179 үйдің тұрғындары қауіпсіздік үшін алаңдайтындарын айтты. Ал 9 қабатты, 72 пәтерлі үйдің қисаю себеп-салдары анықталмайынша жұртты жалдамалы баспанаға қоныстандыруды ұсынды, деп хабарлайды "Алматы" арнасы. «Сіздерді басқа жаққа уақытша қоныстандыруға дайынбыз. Біз осындай шешім қабылдадық. Қазір қала әкімдігі қаулы шығарып, ауданда төтенше жағдай жарияланады. Тиісті қаражат бөлінеді. Егер сіздер 72 жалдамалы пәтерді іздеуді бізге тапсырсаңыздар, оны дайындауға әзірміз. Әлде, «жоқ өзіміз табамыз» десеңіздер, оған да келісеміз. Онда пәтерді жалдағандарыңыз жөнінде құжат әкеліңіздер. Қаражатын толықтай төлеп береміз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ. «Қолымызға түскен қорытындыдан соң барлық кезеңге заң тұрғысында баға береміз. Құрылысты жобалау, салу, авторлық және техникалық қадағалау кезінде кеткен олқылықтарды анықтаймыз. Толтырған жұмыс журналдары да тексеріледі. Қылмыстық кодексте 278, 282 және 280-баптар бар. Тұрғын үйді қолданысқа берген, яғни құрылысқа жауапты тұлғалар жауапқа тартылады», - деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Берік АДАМОВ. Ал, мектепте өткен арнайы жиынға мердігер мекеменің басшысы да келіпті. Оның сөзінше құрылыс жүргізгенде олқылық жібермедік деп отыр. «Жоба бойынша үй бөлек берілген. Арасында мемлекеттік сараптамадан өткендері бар, құжаттары да бар. Яғни, бәрі жоба бойынша салынған. Бөлек. Мен қазір нақты осынша метр деп айта алмаймын», - деді мердігер мекеме басшысы. Ал зәре-құты қашқан тұрғындар 7,5 сантиментрге шалқайған үйлерінен кететіндеріне қуанышты. Себебі, түнімен үйден шықырлаған дауыс шығып, 4 күннен бері ұйқымыз қашты дейді олар. «Бізді көшіретініне қуаныштымыз. Қала әкімі дұрыс шешім қабылдады. Себебі барлық отбасында балалар бар. Тексерудің қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Үш күнге ме, бес күнге, бір аптаға небір айға созыла ма, ол жағы белгісіз. Сондықтан, нақты шешім шыққанға дейін көшіп кеткеніміз жөн болады деп ойлаймыз. Шешімге ризамын», - деді тұрғындардың бірі Әсем САДЫҚОВА. «NUR OTAN партиясының ғимаратында сол жерде штаб құрылды. Ол мына №179 үйден алыс емес. Тұрғындарға да ыңғайлы. Қазіргі күні 72 пәтер иесінің құжаттары қабылданып, пәтерін жалға бергендердің барлығының құжаттарын қабылдаймыз. Олар тұратын пәтер тауып, құжаттарын әкеліп, «жалға алу сомасы осынша» деп айтады. Солардың бәрін жазып, келесі жұмыс күнінен бастап, ақшаларын төлеуге ықпал етеміз», - деді Алатау ауданының әкімі Шахмерден РЫСПАЕВ. «Зерделідегі» қисайған үйдің тағдырын енді арнайы комиссия шешеді. Үй сүріле ме, әлде тұрғындар өз баспаналарына қайта орала ма? Бұл мәселе жақын арада белгілі болады. Бастысы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешіміне тұрғындар риза болып тарқасты.