Жаңалықтар

Алматыда жатақхана өртеніп, бір адам көз жұмды

ашық дереккөзі

Алматыда жатақхана өртеніп, бір адам көз жұмды

Алматының Алмалы ауданында 4 қабатты жатақханадан өрт шықты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.  «Кеше сағат 17.45-те «101» пультіне Алматы ауданы, Әуезов көшесі, 62 «а» мекенжайында өрт болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Сағат 17.55-те жеткен құтқарушылар 4 қабатты жатақхананың үшінші қабатындағы бөлме ашық жалынмен өртеніп жатқанын анықтаған», - деп мәлім етті ТЖД-дан. Қою түтін салдарынан тұрғындар далаға жүгіріп шығып, өрт сөндірушілерге хабарласқан. Сондай-ақ өрт шыққан бөлмеде адам болуы мүмкіндігін айтқан. «Адамдарды іздеу және тілсіз жауды ауыздықтау үшін газтүтіннен қорғау қызметінің 2 бригадасы жұмылдырылды. Осы мақсатта үшінші қабаттағы терезеге дейін үшиінді саты орнатылып, жалынды өшіруге өрт сөндіру оқпаны берілді. Онымен бір мезгілде эвакуация жолдарын қорғау үшін екінші оқпан пайдаланылды», - деп қосты баспасөз қызметінен. Бөлмеден бір адамның мәйіті табылды, жынысы және тұлғасы анықталу үстінде. Қолға алынған шаралардың арқасында өрттің жатақхананың қабырғалас орналасқан бөлмелеріне және өзге қабаттарға таралуына жол берілген жоқ. Жалын 17.59-да оқшауланып, тағы 10 минуттан кейін толығымен өшірілді. Залал келген аумақ - 20 шаршы метр.