Салық төлеуді қиынсынған қалталылар

Салық төлеуді қиынсынған қалталылар

Салық төлеуді қиынсынған қалталылар
ашық дереккөзі
Алматы қаласы, Алатау ауданының мемлекеттік кіріс басқармасының маманы Ғалым Үсіповпен салық төлемеген адамдардың үйін араладық. Бұл жолға бағытымыз – Айгерім-1 шағын ауданы. Мұнда бай-қуатты жандардың тұратындығын еңсесі биік зәулім үйлер мен котедждер айтқызбай-ақ білдіріп тұр.  2014 жылы Салық кодексіне өзгеріс енгізіліп, міндетті төлем екі есеге өскелі бері сәулетті, қымбат баспананың кейбір иесі салықты уақытылы төлемейтін болған. Далада күн жылы, аспан ашық. Жаяу-жалпы жүргіншіге күн де шуағын төгіп, көмектесіп тұрғандай. Ақсай көшесін бойлап келе жатырмыз. 23-нөмірлі екі қабатты котедждің алдына тоқтап, қақпасын қақтық. Ешкім шықпады. Есікті ашсақ, тордың ішінде дәу алабай ит жатыр. Кіруге жасқанып біраз тұрдық. Ит үрмеді. Текті иттің мінезі салмақты, өзі ақылды болатынын білетінмін. Содан еппен аулаға кірдік. Баспана иесі Исмаил Рашидовке  10 мың теңге қарызын төлеу туралы хабарландыру жазып, есігіне ілгелі жатыр едік. Тысқа жас жігіт шықты. Ол өзін Хайрулла деп таныстырды. Исмаилдың баласы екен. Ол: «Біздің салықтан ешқандай қарызымыз жоқ. Мамам төлеп тастаған», – деп бой бермеді. Ғалым Маратұлы: «Дүйсенбі күні кіріс басқармасының 7-терезесіне келіп, тікелей өзіме жолығыңыз. Ақша төлеген барлық түбіртегіңізді алып келіңіз»,– деп Хайрулламен қош айтысып, 46-үйге қарай беттедік. Ақсай көшесіндегі 46-үйдің тұрғыны Фахрадин Алахвердиевтің ауласына кірдік. Сыртқа үсті-басы алтынға малынған, әдемі киінген  келіншек шықты. Ауқатты отбасы екені көрініп тұр. Менің күйеуім ІІ топтағы мүгедек. Жүрегіне 5 жыл бұрын ота жасатқан. Фахрадин екі ай болды үйде жоқ. Сондықтан салық төленбеді. Жол сапардан келген соң өзі төлейді. Жеке куәлігін өзімен бірге алып кетті. Отағасы мүгедек болғандықтан, салықты жеңілдікпен төлеп отырсыз. Салық мөлшері 11905 теңге. Жолдасыңыздың жеке куәлігінің қажеті жоқ. Үйдің құжатын алып келіп, дүйсенбі күні кіріс басқармасына келіп, көрсетілген соманы төлегеніңіз жөн, – деген Ғалым келіншектің қолына хабарландыру қағазын ұсынды. Сөйтіп, бұл жерден де шықтық. Осы көшенің бойында орналасқан 12-үйдің қақпасын қақтық, есікті күзетші ашты.Үй деп осыны айт. Көркемдеп безендірілген сәулетті сарай. Ауласы қандай кең! Үй иесі Айна Хасановаға жылына 160 мың теңге мүлік салығы белгіленген. Недәуір бөлігін төлеп тастапты, енді 48 мың-ақ теңгесі қалып тұр. Айна: «Салықтың мөлшері қомақты болған соң, шамам келгенше бөліп-бөліп төлеп жатырмын», – деді. Оған да салық төлеу мерзімі өтіп кеткенін, енді оны тездетіп төлеу керектігін ескертіп, қолына хабарландыру ұстаттық. Өз ісін жақсы меңгерген жас маманды сөзге тарттым. «Ғалым, жұмыс барысында есте қалған бір оқиғаны айтып берші», – дедім. 2014 жылы Қарасу ықшам ауданына бардық. Жігіт ағасының есімін ұмытып тұрмын. Шаңырағын енді салып бітіпті.  Ол кісіге салық төлеңіз деп ескерту жасадық. Сонда ол: «Жерді ақшаға сатып алдым, үйді өзім қолымнан тұрғыздым. Сендерге не үшін ақша төлеуім керек», – деп безек болғаны. Заңды білмегендік жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан да ол кісіге Салық кодексінен дәріс беруге тура келді. Осыған ұқсас әрекетті «Лексус-470» автокөлігінің иесі қайталаған екен.  Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қызметкері Бақыт есімді келіншекке осыдан төрт жыл бұрын ағасы джип көлігін сыйлапты. Содан бері темір тұлпардың қызығын көрген Бақыт салық төлемеген. Оның айтуынша, білмей қалыпты. Сол жылдардың ішінде қордаланған міндетті төлемнің мөлшері 1 млн. 40 мың теңгеге жетіпті.  Көлік ресми түрде Дастан Ибраевтың атында болғандықтан сот орындаушылары одан салық төлеуді талап етеді. Ол болған оқиғаны айтып береді.  «Бақсақ бақа екен» демекші, көлікті Бақыттың Медеу есімді ағасы Дастаннан сенімхатпен сатып алыпты. Сенімхаттың мерзімі өтіп кеткендіктен көліктің заңды иесі Дастан болып табылады. Қазір  «Лексус-470» автокөлігіне тыйым (арест) салынды. Егер ол қарызды жаппаса, көлік аукцион арқылы сатылымға шығарылады. 2009 жылдан бері «Ниссан-титан» автокөлігінің  салығынан жалтарған  келесі кейіпкеріміз Алматы қаласы Алмалы ауданының 50 жасар тұрғыны Владимир. 5 жылдан бері іздестіруде жүр, жиналған міндетті төлемнің мөлшері 1млн. 650 мың теңге. Тұрақты тіркеуге тұрмай, «ұшарымды жел білер, қонарымды сай білер» деп жасырынбақ ойнаған азамат 2015 жылы құзырлы органның құрығына түсті. Владимирді азаматтық некедегі әйелімен тұрып жатқан жерінен ұстады. Шілде айында соты болды. Сот шешімін орындамаған соң, биылғы жылдың 20 қарашасында оның пәтеріндегі мүлік, атап айтқанда, екі теледидар, екі музыкалық орталық, ноутбук, принтер және мониторына тыйым салынды.  Егер ол 1млн. 650 мың теңгені төлеп құтылмаса, заттары аукционға қойылып, сатылымға шығарылады. Cондай-ақ, Ғалым Үсіпов әңгіме барысында мынандай маңызды мәселелерге тоқталып өтті. «Жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтың Техникалық түгендеу бюросынан биыл Алатау ауданының мемлекеттік  кіріс басқармасына 21 мың үйдің бағалау құны келді. Үйдің бағалау құнына қарай оның жылдық салығын белгілейміз. Баспана қымбат болған сайын оның салығы да өсе түседі. Тұрғын үйдің техникалық төлқұжаты болса, оның салынып бітпегеніне, Әділет министрлігінде тіркелмегеніне қарамастан оған салық төленуі тиіс. Алайда халықтың көпшілігі осыны біле бермейді. Ауданымызда орташа 30 мың үй бар, соның 1900-і салық төлемеген. Негізінен қарызы барларға хабарландыру жіберіп, 30 күннен кейін сотқа берсек те болады. Десек те, біз қалың қауымға кеңшілік жасаймыз. 1 қазанға дейін салық төлемесе, үйіне барып, жазбаша хабарландыруды қолына ұстатамыз. Сөйтіп, келесі жылдың соңына дейін, яғни үш ай бойы, әр аптаның сенбі күні үй аралаймыз. Жауын-шашын, бұрқасынға да қарамаймыз.  Бетпе-бет кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. 30 пайызына поштамен ескерту қағазын жібереміз. Телефон арқылы да айтамыз.  Қазір төленбеген салыққа айыппұл салынбайды. Бірақ, күніне үйдің құнынан   0,25 пайыз өсімпұл жүреді. 2014 жылы мүлік салығы өскеннен бері ауқымы үлкен зәулім үйлердің салығы уақытылы төленбей келеді. Олар көбінесе міндетті төлемді бөліп-бөліп төлейді. Көбінесе сотқа 100 мың мен 200 мыңның айналасында қарызы бар адамды береміз. Былтыр 300 адамның ісі сотқа тапсырылған.  Соттың шешімінен кейін де жалтарса, мүлкі тәркіленіп, аукционға қойылып, сатылады. Ондай кісінің мүлкіне тыйым (арест) салынады. Шетелге шығуға рұқсат берлмейді. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға келсек, бірінші және екінші топтағы мүгедектер 1500 айлық есептік көрсеткіштік (АЕК) сомадан және бір автокөліктен босатылған. 1500 АЕК 3 млн. теңгені құрайды. Қозғалтқыштың көлемі 4-тен аспауы тиіс. Үшінші топтағы мүгедектер жер салығынан түгелдей босатылғанымен, мүлік салығын толықтай төлеуге міндетті», – деді маман. Кіріс басқармасының маманымен халықты аралау барысында көңілге түйгенім, қаржылай мүмкіндігі бола тұра кейбір бай-қуатты адамдар салық төлеуге енжар қарайды екен. Егер мамандар келіп ескертпесе, төлемей қойғылары бар. Салық төлемегендерді Америкада, Испанияда темір торға тоғытса, ал Ресей қылмыстық жауапкершілікке тартады.  Егер елімізде салықтан жалтаратындардың саны шектен тыс көбейіп кетсе, Қазақстан да  қатаң заң талаптарын енгізуі әбден мүмкін. Сондықтан да баршаның ойланғаны жөн.

Сандуғаш Серікқали