Құйылсын көшің...
Құйылсын көшің...
Тәуелсіздіктің қазаққа берген үлкен сыйының бірі – әлем қазақтарының басы атажұртта жиналғандығы. Ел егемендігін ала салысымен тарихи Отанына қарай ағылған көштің легі әлі күнге дейін толастаған жоқ. «Елге ел қосылса құт» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Осы уақытқа дейін атажұртына көшіп келген қандастар саны 1 миллионнан асты. Олар елдің әр түкпірінде қоныстанып, кәсіп істеп, тарихи Отанының дамуына өзінше қызмет етуде. Осы орайда, көшіп келген ағайынның өмір тіршілігі мен қоғамдағы орны жайлы газет бетінде тұрақты жазып тұру мақсатында «Атажұрт» жобасын бастап отырмыз. Жоба аясында еліміздің барлық өңіріне көшіп келген қандастардың өмір-тіршілігі қамтылады. Сонымен қатар фото-видео материалдарды Túrkistan.kz сайтына орналастыратын боламыз.
Егемендік алып, Тәуелсіздіктің туы желбіреген күннен бастап еліміздің алға қойған басты мұраты – әлемнің әр қиырындағы қандастарымызды атажұртқа қайтару болды. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақты түгендеуге ел ағалары Қазақстан дербес мемлекет болып жарияланбай тұрып-ақ кіріскен-ді. 1991 жылдың 18 қарашасында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы сөзімізге дәлел. Бауырларымыздың атажұртқа оралуына жол ашқан да сол құжат еді.
Көші-қон өз тізгінін қолына алған тәуелсіз ел болғанымызды шын мәнінде айғақтаған тағы бір маңызды құжат – 1992 жылы 26 маусымда қабылданған «Көшіп келу туралы» Қазақстан Республикасының заңы. Ал 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданды. Бұл шараларды мемлекет тарапынан бақылау үшін 1997 жылы 8 қарашада Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылды. Осынау игі бастамалардың арқасында қандастар көші жанданып, қиын-қыстау кезеңдерде шекара асуға мәжбүр болған қазақ атаулы тарихи Отанына, Қазақстанға ағыла бастады. Ұлттық экономика министрлігі Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, 1991 жылдан бері 1 046 158 қандасымыз елге оралыпты. Оның 497 248-і ер адам болса, 548 910-ы – әйелдер. Көшіп келгендердің ішінде 589 602 адам еңбек жасындағылар, ал 49 695 адам – зейнеткер.
Бауырларымызды атажұртқа шақырып қана қоймай, олардың жаңа ортаны жатсынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешуіне жағдай жасауға мемлекет алғашқы күннен-ақ үлкен жауапкершілікпен кірісті. Қандастардың азаматтық алуына, әлеуметтік жағдайын оңалтуға, кәсіп бастауына көмектесуді парыз санаған еліміз арнайы бағдарламалар қабылдап, барынша қолдау көрсетті. Атажұрттың жылы құшағына, қамқорлығына разы болған қоныс аударушылар да ел жақсылығын еселеп қайтаруға тырысты. Көшіп келген қандастарымыздың арасында жоғары білімді 53 843 адам, орта білімді 122 058 адам болса, олардың әрқайсысы жатжұртта жиған ілім-білімін, тәжірибесін Қазақстанның өркендеуіне жұмылдырды. Өзге мемлекеттердің мәдениетіндегі озық үлгілерді қазақ жастарының бойына сіңіруге күш жұмсады. Тарихи Отанына оралған 85 ғылым докторы, 226 ғылым кандидаты өз саласындағы ізденістерін жалғастырып, қазақ ғылымының дамуына үлес қосуда.
Ел егемендігімен бірге қанат жайған қазақ көші толастамайды. Сонау жылдары соғыс болып жатқан Ауғанстан мен Тәжiкстаннан қазақтарды ұшақпен алып шыққан Қазақстан қандай жағдайда да өз жұртын өзектен теппейтінін көрсетті емес пе? Бірлігіміз бен берекеміз жарасқан бейбіт күнде бауырларға деген жанашырлық, қамқорлық артпаса, кемімесі анық. Биылдың өзінде 13 мың қандасымыз атамекеніне оралды. Келер жылы Қазақстанға көш түзейтіндердің саны арта түсеріне сенім мол. Өйткені Үкімет қандастарды қолдаудың жаңа тетіктерін қарастыруда. Бұл туралы жуырда «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық форумда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеген болатын. «Министрлік этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімін оңтайландыруға бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Біз адамдардың «қандас» мәртебесін алуға өтініш беруінен бастап, қазақстандық паспорт бергенге дейін барлық процесті талдай келе, қандастардан сұралатын құжат санын 46-дан 20-ға дейін қысқарбақпыз», – деді министр.
Бұдан бөлек, Дәурен Абаев құжат рәсімдеу бойынша барлық қызмет тек бір жерден – ХҚО-да «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетінін атап өтті. «Бұл ретте алғашқы өтінішті Қазақстанға келмей-ақ біздің шетелдегі елшіліктердің консулдығына беруге болады. Қандастарға уақыт және қаражат жағынан тиімді болуы үшін осы мәселені ескердік. Оған қоса, құжат рәсімдеу бойынша барлық қызмет көрсету мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады» деп ақжолтай жаңалықты сүйіншілеген еді.
«Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың да жалғыз-ақ Отаны бар, ол – Қазақстан!». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жігер жанитын осы сөзі әлі талай қандасымызды атамекенге жетуге асық қылары сөзсіз. Бүгінде әлемнің әр бұрышында 6 миллионға жуық қазақ өмір сүруде. Қазақстанның құшағы олар үшін қашан да айқара ашық. Шеттен келген бауырлар өз жерін жатсынбау үшін еліміз «оралман» атауынан түбегейлі бас тартуға ниетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі: «Тарихи Отанына оралған қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» терминін пайдаланғанымыз жөн. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады» демеп пе еді? Атажұрты «азаматым» деп ардақтаса, жырақтағы ер «елім» деп елжірейтіні кәміл.