Шетелдіктер Қазақстан футбол федерациясын келеке етуде
Шетелдіктер Қазақстан футбол федерациясын келеке етуде
Қазақстан Футбол федерациясы 28 желтоқсан күні Ұлттық құраманың бас бапкерін интернет арқылы дауыс беру жолымен халықтың өзі таңдайтынын мәлімдегені белгілі. Бұл шешім еуропалықтардың күлкісін туғызды. sn.kz-ке сілтеме жасаған nur.kz-тің хабарлауынша, Батыс БАҚ-тары Қазақстан футбол федерациясының осы әрекетін келекеге айналдырып, мақалалар жариялауда. Мысалы немістің Spiegel басылымы былай дейді: «Бұл шынайы ақпарат па? Егер біздің елде осылай жасаса халық Германия футбол кеңесі есінен ауысқан деп айыптар еді». «Шынайы болу үшін тым әсерлі» – бұл швейцариялық Berner Zeitung газетінде жарық көрген мақаланың тақырыбы. «Шенеуніктер футболды күлкіге айналдырды. Бас бапкерді осындай жолмен тағайындаса, Қазақстанның ешқашан не Әлем чемпионатына, не Еуропа біріншілігіне қатыса алмағаны түсінікті» делінген аталған мақаланың ішінде. Айта кетейік, Ұлттық құраманың бас бапкерін таңдау үшін дауыс беру бүгін аяқталады. Үздіктің есімін жақын арада білетін боламыз.