Жаңалықтар

Құрама халқы жөнінде не білеміз?

ашық дереккөзі

Құрама халқы жөнінде не білеміз?

Бүгінде әлемде неше түрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүруде. Бірақ солардың бірі ірі мемлекеттердің төл халқын құраса,  енді бірі макроэтностың құрсауында ассимиляцияға түсіп жұтылып кетуде. Әрине, олардың негізін этнос яғни халық құрайтыны белгілі. Этнос адамзаттың этникалық құрылымында маңызды орын алады. Бұл құрылымның күрделілігі сонда, басқа да этникалық құрылымдардың пайда болуымен байланысты. Мәселен, субэтнос деп халықтың бір бөлігі белгілі бір территорияда орныққан және мәдени-лингвистикалық ерекшелігімен бірге жалпы этникалық өзіндік сана элементтеріне ие болған халықты айтады. Субэтникалық топтарда негізгі этникалық қауымға қарағанда этникалық ерекше қасиеттер аз. Субэтностың өзіндік ерекшелігі оның шығу тегімен байланысты. Кей жағдайда олар біртіндеп негізгі этникалық бірлігін жоғалтқан бұрынғы этностар, енді бірде басқалармен бір қауымда екенін мойындайтын этникалық топтар, үшіншіден, өзіндік мәдениет белгілері бар (мәселен казактар) әлеуметтік қауым. Дегенмен де олардың бөліну критерийлеріне барлық уақытта мінез-құлық ерекшелігі жатады және этникалық топтардың белгілі бір этникалық топқа қатынасын сақтау кезінде қоршаған ортаға аса ұқсамайтынымен көзге түседі. Сонымен, этностың құрылымдық ұйымынан шығатын қорытынды, бір адам бір кезеңде әртүрлі деңгейдегі бірнеше этникалық қауымға кіреді. Мәселен, орыс (негізгі этникалық қауым), дон казагы (субэтнос) және славян (метаэтникалық қауым) барлығы өздерін орысқа жатқызуы мүмкін. Осындай субэтностың бірі — құрама хал­қы. Құрама халқы негізінен Ташкент облысының оңтүстік шығысы бөлігіндегі Ахан­гаран аңғарындағы Ангрен өзені бойында шоғырланған. Сондай-ақ ақ­парат беруші А.Раззақовтың айтуынша Ән­діжан облысының кейбір қыс­тақ­та­рын­да, Жызақ облысы Бахмал аумағында да мекендейді. Олардың шығу тегіне бай­ланысты зерттеушілер әртүрлі пікір ай­тады. Радлов, құрамалықтар (өзбекше – qurama; тура мағынасында құралған, жиналған деген ұғымды білдіреді) шығу тегі бойынша өзбек және қазақ тайпалары мен руларынан пайда болған, далалық отырықшылар болып саналатын, көшпелілер мен сарттардың мекендеу аймағын бөлетін, аралық аймақта өмір сүрген, халықтар деп көрсетеді. Антропологиялық типі бойынша және тұрмысының кейбір ерекшелігіне қарай құрамалардың бір бөлігі қазақтарға ұқсастығы бар. Тіпті тілі де мазмұны мен морфологиясы бойынша көбіне қазақ тіліне жақындығын сонау ХХ ғ. 90-жылдары Ангрен қаласы, Ахангаран аудандарына жүргізілген зерттеулерде байқаған болатынбыз. Құрамалардың шығу тегіне байланыс­ты XVIII ғ. орыс зерттеушісі И.Андреев те өзінің еңбегінде: «Жаңадан пайда болған бұл құрама халқы туралы ештеңе айта алмаймыз. Бір білетініміз, ташкенттіктер, қашқарлықтар мен бұқаралықтар оларды «жаңа қауым» деп таниды. Осыған қарағанда олар басқа жерлерден ауа көшіп келгенге ұқсайды, кейбіреулерінің айтуынша, олардың қауымдастығы хиуалықтар мен қарақалпақтардан құ­рал­ған, көпшілігі қашып келген қарақ­шылар деп санайды. Олар көбейе келе не әскері, не билеушісі жоқ Бұқар қалаларын иемденіп алған. Сырдарияға құйып жатқан Шыршық өзенінің ар жағындағы Ангрен аумағы Ташкент және Қоқан қаласымен шектесіп жатыр. Олардың саны он мың адамнан аспайды, малы да егістігі де жеткілікті. Қоқан бегінің қол астында Ташкент қаласынан 50 шақырым қашықтықта жатқан тоғыз қаласы бар, олар: 1) Пскент, онда сегіз жүз түтін; 2) Ке­реуші, бекініс есебіндегі қала; 3) Шарукия, Ходжент қаласының билігіне ба­ғынады; 4) Боқа, онда мың түтін бар; 5) Мұратәлі; 6) Кирейт Бақсу; 7) Қарақтай; 8) Қалай-мөр; 9) Пангас. Бұл қалаларда құрамалардың қыста тұратын баспаналары бар. Ал жаз уақытында олар егін егіп, мал ұстау үшін қала маңына көшеді, өздерінің қалаларына жеткілікті түрде күшті күзет қояды. Бұлар да қырғыздар (қазақтар) сияқты асау халық. Бұқар керуендеріне үнемі зиян тигізіп келеді. Шығу тегі беріден, осы ғасырдан басталады. Мұхаммед пайғамбардың «Қазір олар қуаттанып алғаны сондай, қытайлар да, қырғыз-қайсақтар да және оларға жақын тұратын жабайы қырғыздар да оларға шапқыншылық жасай алмайды» деп жаз­ды. Бұл жерде автор оларды басқа жақ­тан ауып көшіп келген этникалық қауым ретінде қараса, жергілікті халықтардың құрамаларды хиуалықтар мен қара­қал­пақтар не қашқындар деп санайтынын айтады. Ол құрамалардың шығу тегіне қатысты нақты деректерді көрсете алма­ған, тек олардың орналасқан жерлері мен қалаларын, мінез-құлық сипаты жөнінде ғана мәліметтерді келтіреді. Құрама халқының шығу тегі жөнінде М.Терентьев өз еңбегінде: «Қырғыз» (қазақ) халқы 600 жыл бұрын Ангрен аң­­­ғарына төмен түсіп, көшпелі өмір сал­тын тастап, отырықшылыққа көшті. Олар отырықшылықпен айналысып, хутор түрінде емес, тұтас село болып орналас­қан. Біртіндеп өздерінің рулық шежіресін ұмытып, қазір жалпы «құрама» атауын алып отыр. Көріп отырғанымыздай, М.Терен­тьев мұнда құрамалардың пайда болуын қазақтардың отырықшылыққа айналуымен байланыстырады. Қазақтың ертеден келе жатқан ру-тайпалық құры­лы­мымен бірге көшіп-қону, қоныстану үрдісінен айырылып, отырықшылыққа көшуі рулық шежіресінен айырылуына, оты­рықшы жергілікті халықтың мәде­ниетін сіңіруіне әкеліп, басқа этникалық қауым – құрама халқын тудырды деген пікірді айтады. Әрине, қандай да болсын белгілі бір этникалық қауымның қалып­тасуы біршама мерзімді қамтиды. Құрама халқының шығу тегінің бас­тауын қазақтардан таратып, кейін сарт, өзбектермен араласуы нәтижесінде құра­ма халық атауын алғаны жөнінде жазатын зерттеушілердің бірі А.Макшеев бол­ды. Ол өзінің «Географические, этног­ра­фические и статистические материалы о Туркестанском крае» деген еңбегінде: «Құрамалар Ангрен өзені бойындағы қоныстарды мекен етеді. Құрамалар осыдан жүз жыл бұрын, көшпелі қа­зақ­тың үш жүз руларынан құралған делінеді. Бұл қырғыздар (қазақтар-автор) әбден ке­дейшілікке ұшырап, көші-қонға ешқан­дай мүмкіндігі болмағандықтан сарттарға жақын «қораларда» немесе қала сыртына орнығып, мүмкіндігінше егін салумен айналысады. Олардың сарттармен, мүмкін өзбектермен араласуының нәтижесінде әртекті халықтар пайда болды, соның нәтижесінде оларды «құралған» немесе құрама деп атаған. Соңғы бірігулері жергілікті халықтардың айтуы бойынша 50 жыл бұрын болған. Ташкенттен алынған менің деректерім бойынша құрама халқы келесі қазақ руларынан Тама – Алшын руынан тарайды, Кер­дері, Жағалбайлы Керейт, Телеу, Арғын (Қанжығалы), Дулат (Үйсін) және Бестамғалы (Жалайыр бөлімі) руларынан құралған», – деп көрсетеді. Көріп отыр­ғаны­мыздай, Макшеев те өз еңбегінде құрамалардың арғы тегін қазақтардан таратып, ары қарай олардың өзбектермен араласуынан қалыптасқанын айтады. Ал құрама этникалық қауымының пайда болуы­ның бастамасын Н.Аристов құра­ма­лардың бастауын Ұлы жүз қазақ­тары­мен Ташкентті жоңғарлардың басып алуы­мен байланыстырып, XVIII ғ. бірінші ши­регінің аяғына жатқызады. Ол өзінің ең­бегінде былай дейді: «... 1723 жылы Цеван-Рабтанның шабуылы Ұлы жүз бен Ташкентті өзіне қаратқан соң, қазақтың тек ұлы жүзі ғана емес, басқа да жүздері қалмақтардың қысымынан Ташкент пен Сырдарияның арғы жағындағы елден пана іздейді. Көптеген малынан айырыл­ған кедейлер өздерінің руларының кө­шіне ілесе алмай Шыршық пен Ангренде қалып қояды, осы жерде олар сарттармен өзбектерге қосылып, бірігіп, жайылым жер мен малдың аздығынан егіншілікпен айналысады. Белгілі зерттеуші М.Тыныш­паев өзінің еңбегінде құрамалардың шығу тегі жөнінде былай дейді: «Тарихта қазақ және өзбек деген екі туысқан халық жөнінде айтылады да ал, құрама халқы жөнінде еш жерде айтылмайды. Қазақтар мен өзбектердің арасында жекелей тайпалар: үйсін, қаңлы, жалайыр, арғын, керей, қыпшақ, қоңырат, найман, алшын, т.б. (қазақ) юз, қырқ, минг, кенегес, барлас, дурмен, барин, қатаған (өзбек), ая­ғын­да қазақтың қыпшақ, найман, қоңы­рат, жалайыр тайпаларының жарық­шақ­тары өзбектерде, ал өзбектердің кейбір тай­паларының жарықшақтары қазақ­тарда кездеседі. Түркі және монғол тайпа­ларының негізгілерінің санынан бір жа­ғынан қазақтар, екінші жағынан өз­бек­тер пайда болды, бұл кезеңде де құ­ра­малар айтылмайды» деп көрсетеді. Жалпы, құрама дербес халық, жекелей түркі не монғол тайпасы екендігі негізделмеген. Тіпті, оның құрамындағы тайпалардың негізгі бөлігінің өзі қазақ рулары атауымен аталады. М.Тынышпаев «құрама» сөзін аударғанда құрақ, аралас, қосылған деген мағынаны білдіретіндігін айта келіп, қазақтардың арасында да құралған атаулардан пайда болған рулар жөнінде: «Мәселен кіші жүзден жетіру, жетімдер, қы­рық ру, қырық шата рулары. Құра­ма­ның құрамын қарайтын болсақ, шын­дығында әртүрлі тайпалардың құрағынан (жарықшағынан), әртүрлі рулар мен ұрпақтардан тұратынын көруге болады. Олардың арасында Ұлы жүздің үйсін, дулат, сыйқым, қыбрай рулары (дулат руының ұрпақтары), жалайыр, балғалы (жалайыр ұрпақтары), қаңлы, шаныш­қылы, сіргелі, тутамғалы (сіргелі ұрпақ­тары). Орта жүзден: найман бағаналы (найман руы), арғын қанжығалы (арғын руы), ашамайлы (керей руы). Кіші жүзден: жаппас, шөмекей, табын, тама, жағал­байлы, рамадан, жетіру және бас­қалар бар. Сонымен, құрама қазақтың үш жүзі ру-тайпасынан құралған қазақтар екендігін білдіреді» деп жазады. Шын­ды­ғында, ХХ ғасырдың 90-жылдарында Таш­кент облысы аумағындағы қазақ­тар­мен құра­малар арасынан жиналған да­лалық этнографиялық материалдарда құра­малар арасында осы аталған рулар­дың бар екенін және олардың негізгі бөлігі антропологиялық жағынан да, тілі де өзбектермен салыстырғанда қазақ­тарға көбірек ұқсас екенін байқадық. Бірақ 2019 жылы тамыз айында зерттеу-барлау жұ­мыстарымызда олардың көпшілігі өзде­рін өзбек – жалайырлармыз не өз­бек–телеу, т.с.с. атайды және тілдері де өз­бек тілінен айырмашылығы байқал­май­ды. Ал енді Ангрен өзені атырабының ста­тистика мен экономикасы жөнінде жазылған еңбекте: «Құрама халқы аты ай­тып тұрғандай, әртүрлі ұлттардың қо­сындысынан туған халықтың бір тобы. Мәселен, Ангреннің жоғарғы бойындағы құрамалар тәжіктермен көбірек араласса, өзеннің орта және төменгі ағысы бойын­дағы құрамалар (оның Ибелек – Моғол, Хурдан болыстығындағылар) өздерінің Ақмешіттен келгендігін жадында жақсы сақтаған. Майдантал бойындағы құрама­лар өздерінің тегін қалмақтарға жатқы­зады» деген мәліметтерді кездестіруге бо­лады. Бұл деректен байқағанымыз құра­ма халқының жаңа этникалық қауым ретінде пайда болуы қазақтың көшке ілесе алмай, қалып қойған әртүрлі руларынан ғана емес, басқа да жергілікті өзбек, тәжік халықтарымен араласа ор­наласқандықтан да «құрама» аталуы мүмкін. Себебі осы жылдың тамыз айында біз сөйлескен ақпарат беруші, Ангрен қаласы тұрғыны Абдумалик Раззақов өзі­нің тәжік құрама екендігін айтты. Со­нымен, ХХ ғ. І ширегінде Ташкент облы­сындағы Ангрен өзені бойының басым көпшілік халқын 93,1% құрамалар құ­раған. Қазіргі кезеңде де аталған ау­мақ­тағы халықтың негізгі бөлігін құрамалар құрайды, бірақ олар өздерін бұрын «құра­ма» деп атаса, бүгінде «өзбек-құрамамыз» деп атайды. Құрамалардың этникалық тари­хына байланысты белгілі түркітану­шы В.Радлов та өзінің еңбегінде: «Ташкент пен Ходжент аралығында (1868 ж.) өз­дерін құрама деп атайтын кішігірім та­тар тайпасының отырықшылары мекендейді. Олар бес руға: жалайыр, телеу, тама, жағалбайлы және тарақтыға бө­лінеді. Этникалық қауым ретінде қалып­тасуы өзбектер мен қазақтардың араласуынан пайда болғанға ұқсайды. Қазақтар құрама атауын көптеген әртүрлі тайпалардан құралғандықтан (құра – әртүрлі бөліктен құралу, т.с.с.) атаған дейді. Құрамалардың шығу тегі, атауы, орна­ласуы мен саны жөніндегі мағлұматтар И.Зарубиннің «Список народностей Туркестанского края» еңбегінде кездеседі. Анг­рен өзені атырабындағы құрама­лар­дың түркі халқы екендігін, оны зерттеудің өзі үлкен қызығушылықты тудыратын­ды­ғына назар аударады. И.Зарубин ең­бегінде: «Құрамалар қазақ және өзбек руларының тек қан жағынан ғана емес, көп жағдайда әлеуметтік өзара араласуы сияқты, басқа тайпалық элементтермен де қосылуының жемісі. Құрамалардың этникалық топ ретінде пайда болуы XVIII ғасырдың І жартысына жатады. Қазіргі кезеңде этнографиялық көзқарас тұр­ғысынан алғанда құрамалар қазақтармен басқа да отырықшы түркі халықтармен араласуы нәтижесінде қалыптасқан аралық топ. Кей жағдайларда құрамалар қазақтарға жақын (киіз үйді пайдалануы, әйелдердің бетінің ашық болуы), енді бір жағдайларда сарттарға жақын болып келеді. В.Радлов және басқа өткен ға­сырдың зерттеушілері белгілі құрама ру­ларын көрсетіп берді. Бірақ қазіргі кезеңде көп жерлерде рулық бөлініс жо­ғалған, кей жерлерде белгілі руға жата­тынын сезінетіндер бар (мысалы, юздерде), бірақ бұл олардың ру ішінде некеге отыруына кедергі болмайды, бұл жағдай қазақтар арасында жоқ. Құрамаларда ұлттық сана аса байқалмайды. Олардың арасында «құрама» атауынан қашатындар бар немесе оны екінші атау ретінде атайды. Сондықтан Наманган уезінің Бабадархан болыстығының 3 елді мекеніндегі 500 адам, Телеу қонысының құрамадан шық­қан ұрпақтары өздерін өзбекпіз, түрік­піз тіпті тәжікпіз деп атайды. Сон­дықтан да қырғыз (қазақ)-құрама, сарт-құрама, юз, өзбек-юз деген атаулар осымен түсіндіріледі. Мұндай жағдайда құра­малардың саны мен орнын анықтау қиын­дау», – деп мәлімдейді. Құрамалар Аблық және Бөкеде онан кейін Телеу, Қанжығалы, Карис, ең соңын­да Пскент болыстығында 64,5 % дейін мекендейді. В.Радлов та Ташкент пен Ходжент аралығында өздерін құрама деп атайтын, өте үлкен емес отырықшы татар тайпалары өмір сүреді. Олар: Жалайыр, Телеу, Тама, Жағалбайлы және Тарақ­ты деп аталатын бес рудан тұрады. Орыс отаршылары 1864 жылы Таш­кент­ті алған соң, отарланған аумақтағы халықтың санын білу мақсатында, алғаш рет орыстың Ұйымдастыру комитеті санақ жүргізеді. 1868 жылы осы комитет­тің жүргізген санағындағы деректерге қарағанда, Құрама уезіндегі (1886 ж. бас­тап Ташкент уезі болып қайта аталды) үш атырапқа: Тойтөбе, Ангрен, Шыршық­қа біріктірілген халықтардың санына қара­ғанда құрамалар аумақта сан жағынан екін­ші орынды құрайтын халықтың бірі бол­ған. Мәселен, уезде қазақтар – 144 970 бол­са, құрамалар – 77 301, өзбектер – 34 636, тәжіктер – 11 634 адамды құраған. Н.Аристов еңбегінде де 1868 жылы ал­ғашқы санақ мәліметінде Ангрен аты­рабындағы құрамалардың үй саны – 11 043, адам саны – 77 301 екенін көрсетеді. Бұл мәліметте де жоғарыда келтірілген Терентьевтің сандық көрсеткішін нақтылайды. Л.Костенконың еңбегінде 1868 жылы құрамалар 27 631 қожалықты құраса, 1877 жылы 31 330 қожалықты құ­рап, 13%-ға өскенін көрсетеді. Сонда, қо­жалықтағы әр отбасында орташа есеппен 5 адам деп есептесек 156 650 адамдай бо­лады. И. Зарубин, Ташкент уезінен бас­қа Ходжент уезінің Орал болыс­ты­ғында 9 330 адам құрама есепке алын­ған­дығын, жалпы құрамалар 1917 жылы 52 335 адам, 1920 жылы 49 697 адам бол­ған­дығын көрсетеді. Көріп отырғанымыздай, ХХ ғасырдың басындағы әртүрлі ағым­дық және 1920 жылғы Бүкілресейлік са­нақтарда олардың саны үш есеге жуық түсіп кеткен. Егер санақ мәліметтері бойын­ша 1868 жылғы санақ мәліметтерін 1917, 1920 жж. санақтармен салыстыратын болсақ, бұл жерде құрамалар 77 301 (1868 ж.) болса, 1920 ж. 49697 адам яғни 27 мың шамасында азайып отырғанын көруге болады.  Дегенмен осы кезеңдерде де Ташкент уезі халқының 45,8% қазақтар құраса, 26,6% (91 632) өзбектер, 15,3% (52 808) құрамалар т.с.с. ха­лықтар құраған. (Статистико –экономический очерк долины р.Ангрена, 1923:7.). Сөзімізді ары қарай дәлелдей оты­рып, мына еңбектегі мәліметтерді кел­тірейік: «Құрамалар барлық қыр­ғыздардың (қазақ) үш жүзі өкілдерімен, өзбектермен және мүмкін тәжіктермен де араласып, Ташкент уезінің оңтүстік шығыс бөлігіндегі Ангрен атырабына орналасқан. Тіркелген 49 700 адамның (әйел-еркегі бірге және Республиканың 1,1% халқын құрайды) барлығы дерлік тек ауылды жерлерде мекендейді». Бұ­лардың азаюын олардың кейбір бөлігінің өз­бек ұлтына жазылып кетуімен байла­ныстыруға болады. Жоғарыда талданған еңбектердегі мә­ліметтерге келетін болсақ, оның ішінде Аристовтың, Терентьевтің т.б. еңбек­терінен байқағанымыз құрама халқының құрамын сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде барып, кейін көшке ілесе алмай қалған қазақтың үш жүзі өкілдері құрады десек, сонымен қатар өзбек, тәжік, т.б. түркі халықтарынан құралған құрамалар­дың да болғандығын жоққа шығармай­мыз. Дегенмен де, ХХ ғ. 80-90-жылдары Ахан­гаран ауданында отырған құрама­лардың қазақтарға ұқсастығы көбірек байқалатын. Себебі менің сол кезеңдерде жүргізілген зерттеулерімде, далалық этнографиялық материалдарды жинау әдісіндегі бақылауымда да олардың тұрмыс салты, тілі, антропологиялық бі­тімі өзбек, тәжік халықтарына қарағанда қазақтарға өте ұқсас болатын. Ауыл ақ­сақалдарының әңгімелеріне қарағанда, әсіресе ХХ ғ. 60-70-жылдарына дейін құра­малардың тіліндегі қазақтарға ұқсас­тық жақсы сақталған. Енді бір зерттеулерде құрамалар қазақ және өзбек халық­тарының неке араласу нәтижесінде қа­лыптасқандығы жөнінде айтылады. Сон­дықтан олардың қай кезеңде пайда бол­ғандығын дәл айта қою қиынырақ. Сондықтан мақалада қарастырылып отырған құрама халқы да бір кездері қа­зақтың құрамындағы ру-тайпалардың жиын­тығынан (кейбір деректерде әр­түрлі ұлт өкілдерінен) қалыптасып, тарихи себептерге байланысты құрама атауы­мен субэтносты құрады десек, бү­гінде олардың барлығы дерлік өздерін өзбектің ішіндегі құрама – жалайыр, құрама-телеу, құрама-өзбек, құрама-тәжікпін деп те атайды. Сондай-ақ кейбір зерттеулерде және өзіміз ел арасынан жи­наған далалық этнографиялық материалдарда ақпарат берушілер құрама халқы тек қазақ халқының ру-тайпалық құрамынан ғана құралмағандығын, басқа да тәжік, өзбек т.с.с. халықтардан құрал­ған құрама тобы бар екендігін айтады. Сонымен құрамалар жөнінде арнайы зерттеу жұмысын жазған Файзиевтің сөзімен айтқанда Аханғаран құрамалары тарихи түрде қалыптасқан өзіне тән этникалық топтың бір түрі ретінде өзіндік әдет-ғұрыптары бар. Алайда жедел урбанизациялану нәтижесі ұлттық-жергілікті (психикалық және жергілікті) этникалық дәстүрлердің ұмытылуына себеп болды. Қорыта айтқанда, құрама халқы Өзбекстан Республикасының 1926 жылғы санағында республика халқының біршамасын құрағанмен, 1930 жылдардан басталған есептерде көп көрініс бермейді. Сондай-ақ 80-жылдарына дейін өзін құрамамыз деп келген халық бүгінде өздерін тек құрама-өзбекпіз, құрама-тәжікпіз деу кездеседі, бірақ халық ара­сын­да құрама-қазақтар да болған деген әңгімені естуге болады.  

Бибизия Қалшабаева,

т.ғ.д., профессор м.а.

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті