АЗАТТЫҚ ТАҢЫ АТҚАНДА

АЗАТТЫҚ ТАҢЫ АТҚАНДА

АЗАТТЫҚ ТАҢЫ АТҚАНДА
ашық дереккөзі
«Бодандықтың ащы дәмін татқан, өмір бойы туған Отанын көре алмай қор болған, ұлттық санасы мен намысы жоғары шетел қазақтары қызыл им­перияның құрсауында қалған Қазақстанда не болып жатқанына үнемі құ­лақтарын түріп, көңілдері алаңдап, сағынышпен күн кешкен. Сондықтан қызыл империя құлап, оның отары болған ұлт республикалары 1991 жылы бірінен соң бірі бостандық алып, салтанат құрып жатқанда, Қазақстан қашан тәуелсіздігін жариялайды екен деп күн санап, ай санап, тағатсыздана күттік»,  – дейді  Түркия, Моңғолия  және Қытай қазақтары. Оспан батыр Исламұлының (1889-1951) «Бала батыр» атанған атақты мергені, көзі тірі Құнанбай батыр: «Оның алдында КСРО-ны сақтау жөнінде ре­ферендумда Қазақстан халқының 80 пайызы  «КСРО сақталсын»  деп дауыс беріпті деген лақап тарады, Қытай қазақтарының көңіліне қобалжу ұялап, қажып кеткендей болдық», – дейді. Қазақстанның еркіндік алатынына бірден-бір сенген – Түркия қазақтары. Стам­бұлдың көшесінде немересімен келе жатқан Халифа Алтай Қазақстан тәуелсіздік алды дегенді естігенде сол жерде отыра қа­лып жайнамазын жайып жіберіп, Құран оқи­ды. 1991 жылы 25 қыркүйекте Ан­кара­ның Есенбұға алаңында 200-ден астам қа­зақ­тар ұлттық киім киіп шығып: «Қа­зақ­стан Жұмһурбашканы Нұрсұлтан Назарбаевқа жалынды сәлем! Жер бетіндегі қа­зақтың жалғыз көсемі «Көсегең көгерсін» деген сөздер жазылған плакаттар ұстап қар­сы ал­ды», – дейді осы оқиғаны көзімен көр­ген де­легация мүшесі Оқап Қыдырханов. Түр­киялық қазақ ағайындар Назарбаевты – «Жұмһурбашкан», яғни Президент деп қарсы алуы Қазақстан егемен ел дегеннің белгісі еді. Делегация мүшелері Жазушылар одағының басшысы Қ.Найманбаев «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Т.Әбдіковпен, Құранды қазақ тіліне тұңғыш аударған О.Қыдырхановпен әңгімесінде 80-нен асқан Ұядан Ақай қария былай деген: – Бауырлар, егемендіктің ерекше бір белгісі жетпей тұрғанын айтсам айып етпеңіздер. Қазақстан Президентіне көрсеткен жаңағы құрмет менің өмірімдегі ең зор қуанышым. Бұған жеткізген тәңірге мың шүкіршілік. Әттең, жаңағы жерде «Истихлал Маршынан» (Түрік гимнінен) соң қазақтың өз мемлекеттік гимні ойналса біздің бойымыздағы қан кернеуі екі есе ұлғаяр еді-ау. Шетелдердегі қазақтармен қоян-қол­тық араласып, өмір тұрмыстарын көріп әң­гіме-дүкен құрғанда, ешкімнің қас-қа­бағына қарап жалтақтамай, өз еліндегідей емін-еркін өмір сүріп жатқан Түркия қазақ­тары ғана. Өкінішке қарай, мұндай жағдай, тіршілік басқа бірде-бір алыс-жақын шетелдегі қазақтарда жоқ. Біраз жылдар қазақ диаспорасын зерттегенде ойыма түйгенім. –Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын естіген Пекиндегі жүздеген қазақ студенттері жиналып бұрынғы гимннен «Біз қазақ ежел­ден еркіндік аңсаған» деген сөздермен бі­рін-бірі құттықтап, Е.Хасанғалиевтің «Ата­мекен» әнін шырқайды... Қазақстан Тәуелсіздік алып, өзінің бос­тандығын жариялап, Н.Назарбаевтың сөзін ра­диодан естігенде Шыңжаң қазағында қуанбаған адам жоқ, – дейді жазушы Көбен Асқарұлы. Үйдің ішінде бір адам қуанса менің әкем қуанды, 90-нан асып көзі көрмей қалған болатын. Көзім көрмесе де, көңілім сенді, мен бақытты екем, қазір өліп кетсем де арманым жоқ, – деді әкем. Екі жылдан соң қайтыс болды. Назарбаевтың сөзін естіген соң «Алтай аясында» жур­на­лының мекемесіне бардым. Журналдың бас редакторы менің аталас бауырым Қабыл деген жігіт еді: «Аға, Қадыс Уәли Алтай ай­мағының губернаторы бізде жиын ашсам деп жатыр, бірталай зиялылар мен кадрлар түгел қатысады, сіз замандасыңыз ғой Ғалағанды шақырып келіңізші, біздің шақырға­ны­мызға келмейді, – деді. Ғалымбек деген кәрі төңкерісші түрмеден келген, үйінде жатып алады, қызметіне көп келмейді, зейнетке шығуға таяп жүрген. «Мақұл» дедім де үйіне барып, есігін қағып едім, әйелі қызметіне шығып кеткен кез, есікті Ғалымбектің өзі ашты. Үй арақ сасиды, үстелдің үстінде жарты бөтелке арақ тұр. – Ай Ғалымбек дедім, сенің әкең Әует арақ­тан өлген жоқ, найзағай түсіп өлмеп пе еді, мынауың не, таң атпай істегенің, үйің арақ сасиды. Ғалымбек: – Дәл айттың, жай түсіп өлген әкем тірілді, міне, сол үшін ішіп отырмын. Сен отыр, мен әңгіме айтып берейін. Жиыр­ма жыл түрмеде отырып келдім, кел­геннен кейін үкімет сенде қылмыс жоқ екен, сен «ақ адам» екенсің деп мені қызмет­ке орналастырды. «Алтай аясының» редакциясына келіп, директор болдым, әйел алдым, бала сүйдім, жаңағы 20 жыл бейнет ұмы­тылып кетті, бірақ көңілімде бір мұз қа­тып қалып еді, сол мұз бүгінге дейін ерімей келіп, бүгін түні еріді. Ақдалада айдауда соңғы жылдары жүргенде аздап еркіндікке шығарып, жаздың бір күні мені егін суаруға жіберді. Түскі тамақ ішіп келейін, – деп суды тоспалау жерге байладым да, асхананың тамақ беретін тесігінің аузына келсем, қалың кезек. Суым орып кетеді-ау деп біреудің кезегін алайын десем, ешкім кезегін бере қоятын емес, кезектің артына тұрсам суым қашып кететін түрі бар. Тұрғандарды жағалап келсем 6-қатарда өзіммен қал­жыңдасып жүретін бір мұңғұл бар еді, қо­лында ыдысы бар әлгі жайбарақат тұр екен. Ту сыртынан келіп итеріп жіберіп едім, сенделіп кетіп қолындағы ыдысы ұшып түсті. – Жаман қалмақ, бұл сен тұратын жер емес, мен тұратын жер. Мұңғұл жерге түс­кен ыдысын алып, ішіндегі топырағын сүр­тіп тұрып: – Ай Ғалымбек, сен қазақтың оқыған зия­лысысың, оңшыл, теріс төңкерісшіл болып келгенсің. Мен үкіметтің бір қойын ұрлап жеп қойған Балғанжап атты қой­шы­мын, өзім ұры, өзім надан. Сен жаман Бал­ғанжап десең, оның дұрыс, мен мойындаймын, енді жаман қалмақ дегеніңе келіспеймін. Жаман қалмақ дегенше, 500 жыл төбеме шай қайнатқан қалмақ де. Қазақ, се­нің нең бар, менің жаман да болса мемле­кетім бар. Әлгі сөзді естігенде, көзімнен жас шы­ғып кетті. Тез жүріп артыма да, тамаққа да қара­май кетіп қалдым. Осы сөз көңілімде мұз болып қалып қалды, ойымнан кетпей қойды. Бүгінгі күні дербестік алғанда сол мұз еріді. Көшеге шықтық, бір топ адам шулап жүр: «Қазағым жасасын», «Қазақстан жасасын», « Қазақстан мемлекет болды» деген ұран сөздер естіледі, әлгілерге қосылып, Қа­былдың өзін қосып алып, түнде жина­лыс­қа бардық. Жиналыстан рухтанып шы­ғып үш күн тойладық. «Қазақстан қашан тәуелсіздік алады»  деп күн санап күтіп жүрдік дейді Моңғолия­ның бұрынғы вице-премьері Зардыхан Қинаятұлы.  Моңғолиялық қызметтес әріп­тестер: «Сендер қазақтар орыстың құша­ғы­нан шықпай қойдыңдар ғой, сірә?» деп әзіл-қалжыңы аралас сөздермен күнде қа­жайды. Бір күні Министрлер кабинетінің мә­жілісінде отыр едік, қызметші қыз есіктен кірді де аяғын тез басып премьер-ми­нистр­дің жанына келіп алдына бір қағазды қойып кетті, Премьер қағазды қарады да менің алдыма қарай ысырды, қарасам «Қазақстан Тәуелсіздік алды» деген телеграмма екен. Көзімнен жас шығып кетті. Моңғолия қазақтарында Қазақстанның тәуелсіздік алғаны соғым басына шақыру дәс­түрімен сәйкес келеді. Дастарқанға жи­нал­ған халықтың қыстың ұзақ сары таңын­да бірден-бір әңгімелері Қазақстанның жеке мемлекет болғаны туралы болады, ән айтылып, күй шертіліп, сыбызғы тартылады. Кейбір отбасылар арнайы ақсарбас сойып, Қазақстаннның тәуелсіздік тойы деп атап өтеді. Жастардың арасында Қазақстан жеке мемлекет болды, біз өз елімізге кетеміз деген сияқты сөздер айтылып, моңғолдың ақ­шасын жыртып, лақтырған келеңсіз жағ­дайлар да болыпты. Қазақстанның туына, туының түсіне, көк байраққа өздерінің ойларын айтып пі­кірлерін білдірген монғолиялық қазақ, қалқа, тува, дөрбет халықтары «Тудың түсі өте дұрыс таңдалған», «Ежелгі көк түріктен келе жатқан көк байрақ қой»  деп қазақ­тар­дан, «көк аспандай, кең аспандай түстес екен, Көк тәңірінің қасиетті көк түсі емес пе?» деген сөздерді моңғолдар мен тува­лықтардың аузынан естідім. Ташкент қаласына барып жүргенде өзбекстандық әріптестеріміз мынадай бір әңгіме айтып еді. Өзбектің бір бай жігіті Синьцзянның Қашғар жағының бір ұйғыр қызына үйленетін болып, Ташкентте бес жүздей адам шақырып той жасайды. Қыз жолдас болып еріп келген сол жақтың қазағының қызы екен. Той үстінде қыз жолдасына сөз берілгенде, ол құйқылжыта қазақ әнін салды. Даусы ерекше ашық, әннің қайырмасын созғаны сонша кәсіби әнші ме деп қалдық. Бүкіл тойшы қауым риза болып қол соқты. Сонда өз­бектің елағасы жасындағы Турсын ака деген бір азаматы, асабаның қолынан микрофонды жұлып ап: Қазағым жасасын! Қа­зақ­стан жасасын! Мен де Қазақпын! – деп ай­қай салды. Асаба: Турсын ака, сізге не болды, өмір бойы өзбек болып, енді қазақ болғаныңыз де­генде, Турсын ака: «Менің түбім де қазақ, қа­ным да қазақ, жаным да қазақ, жетпіс жыл өзбек болғаным жетеді» дегені бар-ды. Турсын аканы, Тұрсын аға қылған қазақ әні­нің әуезі, өнердің құдіреті, сол өнерді шет жерліктерге мойындатқан қыз дауысы демекпіз. Қай заманда, қай халықтың өнер тарихына көз салсақ үздік өнер шығармалары бел­гілі бір тарихи толғағы жеткен оқиғалар шегіне жетіп, талантты өнерпаздар оны бірден байқап, мәңгілік қайталанбас өнер туындыларын өмірге келтірген. Мысалы, Бетховеннің 9-симфониясын алайық. Бетховен алдына мынадай мақсат қойған: На­­полеон бүкіл Еуропаны әскери талан­ты­ның арқасында жаулап алса, ағылшындар бүкіл әлемнің теңіздері мен мұхиттарын ба­ғындырса, мен музыкамен бүкіл әлемді жау­лап алам деген екен. Бетховен мақсатына жетті, ал Бетховенді қамшылаған, сөйтіп, мәңгі өлмес шығарма жасатқан Наполеон­ның әскери таланты, ағылшындардың соғыс теңіз флоты, Шостаковичтің «Ле­нинг­радтық» деп аталатын 7-симфониясы Ленинград блокадасының қайғы-қа­сіретіне миллиондаған аштан қырыл­ған­дар­дың аруағына мәңгілік ескерткіш есебінде жазылған. Егер де Ленинград қоршауы бол­маса, ХХ ғасырдың ұлы сазгері бұл шы­ғар­маны жазбас еді. Қазақтың бостандық алған, егеменді ел бол­ған сәтін музыкамен көркемдеген, бүкіл ха­лықтың сүйіп айтатын әніне, керек десеңіз гимніне айналған «Көк тудың желбірегені». Авторлары Шыңжаң өлкесі Тар­бағатай аймағының тумасы, ақын Алмас Ах­метбекұлы, Іле аймағы Күнес ауда­ны­ның тумасы, сазгер Ермұрат Зейіпхан. Бұл азаматтардың жүрегінде бодандықтың қамытынан құтылып, бостандыққа деген арманы, отаны Қазақстанға деген сағыныш, ата-бабаларының еркіндік үшін төккен қан мен тері, егемендік алған елінің қуанышы түйісе келе, адамға ерекше күш пен асқақ рух беретін өнерді өмірге келтірген. Мұндай туынды жасау шын мәнінде бостандықтың дәмін татып, қадір-қасиетін сезінген, соны ойы мен санасына тоқып өскен шын таланттардан ғана шығады. Ұлы Француз революциясы ақын Ежен Потье мен композитор Пьер Дегейтерге «Мар­сельезаны» тудыруға қалай әсер етсе, Қа­зақстанның егеменді ел болуы Алмас Ах­метбек пен Ермұрат Зейіпханға сон­дай­лық зерде мен күш-жігер берген еді. Көк тудың желбірегені – Қазақтың асқақ беделі. Махаббат, қайрат екеулеп, Шымырлатқаны денені. Көк тудың желбірегені – Жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту Жан емес, Маған керегі – Көк тудың желбірегені. Көк тудың желбірегені – Елдіктің асқақ өлеңі, Әр жаққа тартпай, қазағым, Бір жерге жинал дегені. Көк тудың желбірегені – Бақыттың елжірегені, Қиырда қалған қазақтың Көзінің мөлдірегені. Шетелдік қандастарымыз Қазақ­стан­ның тәуелсіздігін жан-тәнімен түсіне білді, себебі олар жатжұртта қаншалықты тамақ­тары тоқ, киімдері көк болғанымен өз елі, бостандық, егемендік деген сөздердің пар­қын біліп өсті. Сондықтан шетте жүрген қа­зақ­тардың бұл оқиғаны елемей қалғаны жоқ, бөркін аспанға атып қуанды, кейбір жер­лерде атап өтуге мүмкіндік болмаған жағ­дайда, іштерінен шаттанып, көңілдегі ойларын қағазға түсіріп, бізге жіберіп жатты. Бірталай шетелдік азаматтар тәуелсіз Қазақстанға келгенде, «бір нәрсе алам деп емес, тәуелсіз еліме не берсем екен, нендей үлес қоссам екен?»  деген сезімде болды. Тәуел­сіздік қашанда тәтті ұғым, барлығынан жо­ғары тұрады.  

Ахмет ТОҚТАБАЙ,

тарих ғылымының докторы,

профессор