Тәуелсіздік тойын қалай тойлап жүрміз?
Тәуелсіздік тойын қалай тойлап жүрміз?
Тәуелсіздік күні – егемендік алғалы бері жеткен жетістіктерімізді бағалайтын, атқарылып жатқан істерге шолу жасап саралайтын, келешекке жоспар құрып бағдарлайтын кезең. Әрбір қазақстандық өзіне және отбасына тәуелсіздіктің алып келген игілігін сезініп, еліміздің одан ары дамуына күш-жігерін салып, белсенділікпен атсалысса, Тәуелсіздігіміз баянды бола түспек. Осы орайда, біз мерекені тойлаудың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты бірнеше адамның пікірін алған едік.
Талғат ЖАНЫСБАЙ, саясаттанушы:
Мерекені тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыру керек
– Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Ата-бабамыз аңсап өткен егемендікке куәгер болып отырғанымызға тәуба дейміз. Өзім жыл сайын 16 желтоқсанда Тәуелсіздік монументіне барып, азаттық үшін күресте жанын берген ата-бабаларымызға арнап Құран бағыштаймын. Қазақ «өлі разы болмай, тірі байымайды» деп бекер айтпаған. Еркіндік пен азаттықты армандаған ата-бабамыздың еңбегі мен ерлігі ұмыт қалмауы қажет. Мен Республикалық жоғары медициналық колледжі бас директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. Тәуелсіздігіміздің ең басты құндылық екенін жастардың санасына сіңіру мақсатында жыл сайын көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Тәрбие сағаттары өткізіледі, бастысы Тәуелсіздікке арналған мерекелік безендіруді 10 күн бұрын бастаймыз. Колледждің ішіндегі құттықтаулардан бөлек, ғимараттың сыртқы бөлігіне көшедегі жүргіншілерге көрінетіндей етіп билборд ілінеді. Одан бөлек, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларын қонаққа шақырып, кездесулер ұйымдастырамыз. Осылайша, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жастардың бойына сіңіруге атсалысып, өз деңгейімізде идеологиялық жұмыстар атқарып жүрген жайым бар. Десе де, ең маңызды мерекемізді ел есінде қалдырудың жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Тәуелсіздік күнін айттырмай-ақ, қоғам белсенділері, өнер адамдары мерекені мәнді де сәнді өткізудің жолын тапса болады. Мысалы, Тәуелсіздік күніне орай «Мен Тәуелсіздік күнін тойлаймын», «Тәуелсіздік күні ұлттық киімімді киемін» немесе «Тәуелсіздік туралы өлең оқып, оны бәленшеге жолдаймын» деген сияқты эстафеталар ұйымдастыруға болады. Әр отандасымыз Тәуелсіздік күніне байланысты жақсы бастамаларды бастаса, нұр үстіне нұр болар еді. Гөзел ҚҰЛЖАБАЕВА, кәсіпкер:Ұлттық деңгейде тойлануына күш саламын
– Менің ойымша, Тәуелсіздік мерекесі балалар үшін тек мектепте өтетін шаралармен шектелмеуі тиіс. Бұл күні ата-аналар балаларына арнап игі бастамаларды қолдаса деймін. Тәуелсіздікті отбасымен бірге өз дәрежесінде атап өтуді қалыптастыру керек. Балалар бұл мерекені жақсы көреді, себебі тойланған мереке балалардың есінде жақсы сақталады, сондықтан жыл сайын сол күнді күтіп жүреді. Мен өзім көпбалалы отбасында өстім. Тәуелсіздік мерекесіне қарай әулетіміздегі балабақшаға баратын бүлдіршіндерден бастап, мектепте оқитын оқушылар мен студенттердің басын қосып, отбасылық мереке ұйымдастырамын. Балалар жас ерекшелігіне сай жаттаған өлеңдерін мәнерлеп айтып береді. Көк Туымызды оң қолдарына ұстап, сол қолдарын жүрек тұсына қойып Әнұранымызды шырқайды. Мұндай жан тебірентер сезімдер балалардың шабытын оятып, олардың өнерге, білімге деген қызығушылығы мен Отанға деген сүйіспеншілігін арттырады. Бұл – жай ғана басқосу емес, егемендіктің қадірін жастарға сезіндіруге бағытталған үлгі-өнеге, тәрбие. Өзім Тәуелсіздік мерекесінің ұлттық деңгейде тойлануына күшімді салып жүрмін. Ақнұр ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, Абай атындағы ҚазҰПУ тарих-дінтану мамандығының 2-курс студенті, «Студенттік ректорат» ұйымының ректоры:Отбасымызбен ерекше атап өтеміз
– Тәуелсіздікті қорғау һәм қастерлеу – Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың парызы. Себебі біздің әрбір күніміз, ешбір алаңсыз ұйқыдан тұрғанымыз, бейбіт елде білім алып жатқанымыз – осы егемендіктің арқасы. Тәуелсіз Қазақстанда туған, ойы озат, санасы азат жастар білім алатын Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері де әрдайым Тәуелсіздік алдында бас иіп, бұл мейрамның қаншалықты маңызды екенін естерінде сақтап келеді. Себебі Тәуелсіздік біз үшін тәңірдің басымызға тәж қылып таққан байлығы. Біздің университетте мемлекетіміздің ең маңызды мерекесі саналатын бұл мейрамды тойлаудың озық үлгісі қалыптасқан. Мәселен, жуырда Тәуелсіздік күніне орай «Студенттік ректораттың» ұйымдастыруымен университет жастары болып тарих беттерінен көрініс беретін «Көшпенділер қаласына» этносаяхат жасады. Негізгі мақсат – тарих беттерінен сөзбен оқып, көзбен шолу жасап, сонау өткен тарихтағы дүниелерді өз көзімізбен барып сезіну, сол арқылы жастардың бойындағы патриоттық сезімді одан ары жаңғырту. Себебі қазіргі таңда қазақ жастарының бойынан өзге елге еліктеушілік байқалады. Қазақи тәрбие, дін мен діл, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты дәріптеп, сақтап, оны құрметтеп, келесі ұрпаққа жеткізу – бізге дейін жалғасқан дүние. Мұндай сабақтастық отбасынан бастау алатыны белгілі. Осы атаулы күнде өз отбасың, туыстарыңмен еш алаңсыз, жайбарақат бір дастарқан басында отырудың өзі Тәуелсіздіктің сыйы деп білемін. Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы«Мен еліме не беремін?» деген қағиданы ұстанамын
– Бүгінгідей халық арасындағы рухани байлықтың жұтап тұрған шағында, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Жастар қоршаған ортадағы жақсыны да, жаманды да бойына сіңіріп жатыр. Оны таразылап, өлшейтін сүзгі керек-ақ. Жалт-жұлт еткен шоу-бағдарламалардан, бос сөз бен дабырадан шаршайсың. Мұндайда жан-жараңды жазатын көркем әдебиет көмекке келуі керек. Әлеуметтің әдебиеттенуі ұлтты өсірмесе, еш өшірмейтіні анық. Қай өнер түрі болсын, серпілудің бастауы осында жатыр. Егеменді елде тұрып та капиталдың, бюрократияның, ішкі және сыртқы фактордың, саяси жағдайдың, түкке де пайдасы жоқ реформалардың құлы болуың мүмкін. Өйткені басты мәселе – санада. Сана тәуелсіз болмай, адам ешқашан тәуелсіз бола алмайды. Бауыржан КАРИПОВ, журналист:Мерекеде балаларымызға сыйлық жасаймыз
– Қазақ журналистері әлеуметтік желіде Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне челлендж бастап жатыр. Негізгі мақсаты – Тәуелсіздік тарихын насихаттау, оны жас ұрпақ санасына сіңіру. Челлендж бойынша әр ата-ана Тәуелсіздік мерекесі күні өз баласына сыйлық жасауы керек. Ата-ананың жағдайы келіп жатса, көпбалалы отбасыларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де сый тартуға болады. Біз балалық шақтан қанша алыстап кетсек те жаңа жыл мерекесін неге әлі күнге асыға күтеміз? Өйткені бала күнімізде осы мерекеде сыйлық алатын едік. Ата-анамыз сыйлаған қораптың ішіндегі түрлі жемістер мен тәттілерді сонша күтетінбіз. Мерекеге деп арнайы киім дайындайтынбыз. Мерекені сыйлық үшін жақсы көрдік. Сол секілді кішкентай балаға Тәуелсіздіктің қандай жолмен келгенін айтсаңыз, ол тарихты қабылдай алмайды. Ал бірақ сыйлық беру арқылы мерекенің қадірін түсіндіруге болады. Бұл бастамамыз мерекені тойлаудың қарапайым үлгісі болып көрінуі мүмкін. Бірақ Тәуелсіздік күнін балалардың асыға күтуінің астарында сыйлық жататыны анық.Әзірлеген
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ