Алдан Смайыл: Тәуелсіздігімізді  баянды ете білгеніміз – үлкен ерлік

Алдан Смайыл: Тәуелсіздігімізді  баянды ете білгеніміз – үлкен ерлік

Алдан Смайыл:  Тәуелсіздігімізді  баянды ете білгеніміз – үлкен ерлік
ашық дереккөзі
– Желтоқсан – қазақтың қасиет айы. Ал халқымыздың та­ным-түсінігінде «қасиет», «кие» сынды ұғымдар ерекше қастерлі екені белгілі.  Осы ай­да еліміз Тәуелсіздігін ал­ды. Осы жолда қазақтың тарт­паған азабы жоқ. Қалай ой­лайсыз, бүгінгі ұрпақ ұлты­мыздың басына қонған осы­нау теңдессіз бақтың қа­діріне жетіп, қасиетін сезіне алып жүр ме? – Ең бастысы, біз сан жылдар бойы зарықтырып, сағын­тып, аңсатып жеткен тәуелсіз­дік­ті қолдан шығарып алмай, сақтап қалдық. Қадіріне жетіп, қасиетін сезінбесек, ба­сымызға қонған бақты қо­лымыздан сусытып шы­ғарып алуымыз да ғажап емес еді ғой. Тәуелсіздікке қол жет­кізуден бөлек, оны баянды ету де оңай емес. Егемендіктің ал­ғашқы жылдарында бұған кү­мән келтіргендер де болды. Өйт­кені Қазақстанды көптеген ұлттың өкілі мекен етеді, сол ке­­зеңдегі онсыз да эко­номи­ка­лық, әлеуметтік жағдайдың шатқаяқтап тұрған тұсында «ұлтаралық келіспеушіліктер орын алуы мүмкін, содан Тәуел­сіздіктің баянды болуы не­ғайбыл» деген ойлар да ай­тылғаны рас. Алайда Қазақстан бұл алма-ғайып кезеңнен өтті, үлкен сынақтан сүрініп кетпей, ел болып еңсерді. Оңай болған жоқ, әрине. Қиындығы көп, тәуекелі мол кезеңнен шығуы­мызға Елбасы көп еңбек сіңірді. Осының арқасында мемлекеттің тұтастығы мен дербестігін, ха­лықтың ынтымақ-бірлігін сақ­тай алдық. Тәуелсіздік жылда­рын­дағы ерлікке пара-пар ең басты жетістігіміз осы деуге болады. – Өзіңіз де егемендіктің елең-алаң шағында қазіргі ас­танамызда елдің рухын оятуға белсене атсалысып, қо­ғам құрып, газет аш­тыңыз, онда ұлттық мәселе­лер­ді ту етіп көтергеніңізді білеміз. Сол бір өтпелі, өлара уа­қыттағы қызметіңіз жайлы айтып өтсеңіз. – Иә, ол бір естен кетпес, қиындығы мен қарбаласы мол ке­зең еді. Тоқсаныншы жыл­дар­дың басында елімізде алғаш рет «Тіл және мәдениет» қоғамын құрдық. Бір кездері дәуірлеп тұрған Кеңес үкіметінің қауқары кеміп, қайраты қайтқан шақ. Ел болып, еңсе тіктесек, туған тіліміздің мәртебесін биіктетсек, төл атауларымызды, салт-санамызды жаңғыртсақ деген мақсат тұрды көкейімізде. Осы жолда мүмкіндігіміз жеткенше еңбек етуге тырыстық, қолдан келгенше ұлттық мүддемізді қорғауға ықпал еттік. Көптеген идея, бас­тамаларымыз жүзеге асты. Мә­селен, бұрын Буденный атал­ған Қажымұқанның туған жеріне  даңқты палуанымыздың атын қайтардық. Целиноградты Ақ­мола атауына ауыстыруға ықпал еттік. «Қараөткел» деген газет шығардық, онда ұлттық мүдде, тілге қатысты көптеген мақала басылды. «Лад» сияқты славян қоғамдарының жиналыстарына қатысып, өзіміздің ойымызды ашық айттық, мақсатымызды түсіндірдік, мүддемізді қорғай білдік. Ерінбей, жалықпай жүріп, қазақ мектептерін көптеп ашуға, осылайша тілімізді, ділімізді сақ­тап қалуға ел-жұртты үгіттедік. Осы­нау тағдырлы кезеңде елдік мәселелерді көтеріп, еге­мен­дігі­міз­дің баянды болуы жолында азды-көпті үлес қосқаныма қуа­намын, шүкіршілік етем. – Биыл Елорданың Алатау­дан Арақ төсіне қоныс теп­ке­ніне жиырма жылдан ас­ты. Бір кез­дері өзіңіз Цели­ног­рад атауын Ақмола деп өз­гертуге бір кісі­дей үлес қос­қан болсаңыз, бер­тінде Нұр-Сұлтан атанды. Атауы ға­на емес, ажары да адам та­нымастай  өзгерді. Бұл да Тәуе­л­сіздігіміздің жемісі ғой.  – Әрине, сөз жоқ, Астана – Тәуел­сіздігіміздің жеңісі. Енді осынау азат елдің астанасында ұлттық мүддеміздің бәсі биік болуы керек екені ешкімнің таласын тудырмаса керек. Ел  ты­ныш, халқымыз өзара тату. Осы тыныштық бұзылмасын, ын­тымақтан айырмасын, ел іші бү­лінбесін. Енді жатқа жаутаң­дап, есеміз кетпесін деп тілеймін. Тәуелсіздік күні – бір-бірі­мізге құттықтау айтып, той той­лап қана қоятын емес, осындай мәселелерді ойлап, алды-артымызға қарайлап, бар-жоқты саралап, жүрген жолымызға, жет­кен жетістік, кеткен кемші­лігімізге есеп жасайтын, ал­да­ғыға жоспар құратын кез болуы тиіс деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Шынар Тұрлыбекқызы