ТМД-да теңдесі жоқ өнім
ТМД-да теңдесі жоқ өнім
Елімізде ТМД-да теңдесі жоқ қалдықтардан энергия үнемдейтін өнім пайда болды. Save Energy отандық компаниясы энергияны үнемдеу және ғимараттарды жылыту үшін қазақстандық шикізат пен қалдықтардан жасалған әмбебап өнімді ұсынды.
Аталған жоғары технологиялық жоба «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметі желісі бойынша грантты жеңіп алды, бұл компанияға тұрақты өндіріске шығуға мүмкіндік берді. Save Energy вакуумдық оқшаулау панелінің жобасы бойынша ғылыми кеңесші Елжан Орынбеков аталған өнімнің бірегейлігі туралы айтып берді.
– Панель тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қажет сипаттамаларға ие. Бір материалда бірнеше қасиет бар: гидроизоляция, шудан оқшаулау, отқа төзімділік, жылыту, энергия үнемдеу. Яғни, біреуінде бесеу. Инновациялық өнім жылу оқшаулауы бойынша басқа құрылыс материалдарымен салыстырғанда 6 есе жоғары, орнатуы оңай, бірақ ең бастысы, бұл экологиялық таза, өйткені біз жылу оқшаулау панелінің құрамын мұқият таңдадық, – дейді Елжан Орынбеков.
Бұл тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар барлық ТМД елдерінде теңдесі жоқ материал. Сондай-ақ отандық әзірлеушілер ұсынатын өнім 100 пайыз қазақстандық. Оны өндіру үшін жергілікті шикізат қана емес, қалдықтар да пайдаланылады.
– Біздің жоба Алматыда өткен байқауда «жылдың үздік өнімі» аталымында жеңіске жетті. Өнім құны бойынша стандартты жылу оқшаулағыш материалдардан 30 пайызға қымбат, бірақ барлық бес сипаттаманы ескере отырып, оның өзіндік құны стандартты материалдарға қарағанда 45 пайызға төмен. Өнімнің отқа төзімділігі де маңызды, өйткені қазір бұл – құрылыс материалдарына қойылатын негізгі талап, – деп атап өтті кеңесші.