Цифрлы даму мәселесі талқыланды
Цифрлы даму мәселесі талқыланды
Қазақстанның Премьер-Министрі Асқар Мамин АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында цифрлық даму, венчурлық қаржыландыру және энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялардың басшыларымен кездесті.
Дүниежүзілік экономикалық форумның «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығының» басшылығымен өткен кездесуде инновациялық технологияларды реттеу саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары сөз болды. Нәтижесінде, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығы» арасында стратегиялық әріптестік құжатқа қол қойылды.
Ал 500 Startups венчурлық қорының басшысы К.Цаймен өткен кездесу қорытындысы бойынша QazTechVentures АҚ қазақстандық ұлттық даму институтын 500 Startups V Жаһандық қорына қосу туралы келісім мақұлданды. Бұл құжат елімізде тақырыптық венчурлық қор құруға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар Премьер-Министр Tesla компаниясының кеңсесі мен зауытын аралады, онда компания басшылығымен кездесу аясында Қазақстанда жанар-жағармай құю стансалары желісін кеңейту және электромобильдер үшін сервис орталықтарын ашу мәселелері қаралды.