Оқу орындарына қойылар талап күшеймек
Оқу орындарына қойылар талап күшеймек
Нұр-Сұлтан қаласында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен еліміздегі жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Жиында вице-премьер Бердібек Сапарбаев жоғары оқу орнын бітірген әрбір төртінші түлектің жұмыссыз екенін тілге тиек етті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «дипломдарды басып шығарып беретін кеңселерге» айналған жоғары оқу орындарына қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Бүгінде елімізде 132 ЖОО жұмыс істейді, оның 43 пайызы – жекеменшік. Оларда 600 мыңнан аса студент оқиды, оның ішінде 191 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алады. Өкінішке қарай, білім беру сапасы туралы біз еңбекке орналасу деңгейі бойынша ғана тұжырым жасай аламыз, әрбір төртінші түлек – жұмыссыз», – деді Бердібек Машбекұлы.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл 34 ЖОО-да тексеру жүргізілгенін, оның ішінде 22-сі жоспардан тыс тексеру болғанын атап айтты. Тексеру нәтижесінде бес жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылып, әкімшілік айыппұлдар салынды, тағы бес ЖОО бойынша шешімдер қабылдануда.
Отырыс барысында тексеру кезінде олқылықтар анықталған «Қайнар» академиясының, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының, Каспий қоғамдық университетінің, «Алматы» университетінің, Орталық Азия университетінің, Алматы экономика және статистика академиясының, Қазақ жол қатынастары университетінің ректорларының баяндамалары тыңдалды. Айта кетейік, министрлік қазір ЖОО-лардың басшылығымен бірлесіп оқу орындарын біріктіру немесе оларды колледж ретінде қайта құру мәселелерін пысықтауда.
Кеңесті қорытындылаған вице-премьер: «Жоғары білім беру сапасын арттыру – біздің еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі негізгі мәселе. Сондықтан біз оған барынша байыппен қарауымыз керек. Бізге құзыреті төмен, сұранысқа ие емес мамандарды даярлайтын университеттер не үшін қажет, жұмыссыздар қатарын кезекті рет көбейту үшін бе? Оларға қатысты лицензияларын қайтарып алуға дейін өте қатаң шаралар қолданылатын болады», – деді.