Оқу орындарына қойылар талап күшеймек

Оқу орындарына қойылар талап күшеймек

Оқу орындарына қойылар талап күшеймек
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтан қаласында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен еліміздегі жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында вице-премьер Бердібек Сапарбаев жоғары оқу орнын бітірген әрбір төр­тін­ші түлектің жұмыссыз екенін тілге тиек етті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «дипломдарды басып шы­ғарып беретін кеңселерге» айналған жоғары оқу орындарына қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Бүгінде елімізде 132 ЖОО жұмыс істейді, оның 43 пайызы – жекеменшік. Оларда 600 мыңнан аса студент оқиды, оның ішінде 191 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алады. Өкінішке қарай, білім беру сапасы туралы біз еңбекке орналасу деңгейі бойынша ғана тұжырым жасай аламыз, әрбір төртінші түлек – жұмыссыз», – деді Бердібек Машбекұлы. Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетов биыл 34 ЖОО-да тексеру жүргізіл­генін, оның ішінде 22-сі жоспардан тыс тек­серу болғанын атап айтты.  Тексеру нәти­жесінде бес жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылып, әкімшілік айыппұлдар салынды, тағы бес ЖОО бойынша шешімдер қабылдануда. Отырыс барысында тексеру кезінде ол­қы­лықтар анықталған «Қайнар» акаде­мия­сының, Қазақ еңбек және әлеуметтік қаты­настар академиясының, Каспий қоғамдық университетінің, «Алматы» университетінің, Орталық Азия университетінің, Алматы экономика және статистика академиясы­ның, Қазақ жол қатынастары университеті­нің ректорларының баяндамалары тың­дал­ды. Айта кетейік, министрлік қазір ЖОО-лардың басшылығымен бірлесіп оқу орындарын біріктіру немесе оларды колледж ретінде қайта құру мәселелерін пысықтауда. Кеңесті қорытындылаған вице-премьер: «Жоғары білім беру сапасын арттыру – біз­дің еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қам­тамасыз етудегі негізгі мәселе. Сондықтан біз оған барынша байыппен қарауымыз керек. Бізге құзыреті төмен, сұранысқа ие емес ма­мандарды даярлайтын университеттер не үшін қажет, жұмыссыздар қатарын кезекті рет көбейту үшін бе? Оларға қатысты лицензияларын қайтарып алуға дейін өте қатаң шаралар қолданылатын болады», – деді.