Мұрат Бақтиярұлы: Қазақстанның даму бағыты әлемдік үдеріске сай
Мұрат Бақтиярұлы: Қазақстанның даму бағыты әлемдік үдеріске сай
– Алаш туының астында азаттықтың ақ таңы атқалы да ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішіндегі Қазақстанның дамуына қандай баға бере аласыз?
– Тәуелсіздік алғанымызға биыл 28 жыл толды. 28 жыл бір ғасырмен салыстырғанда айтарлықтай уақыт болуы мүмкін. Ал енді бірнеше ғасырлармен салыстырсақ, бұл – өте аз уақыт. Осыны ескере отырып, Қазақстанның бүгінгі даму жолын жоғары бағалауымыз заңдылық.
Тарқатып айтар болсақ, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның таңдаған даму бағыты әлемдік даму үдерісіне сәйкес келеді. Ал әлемдік даму үдерісі нарықтық экономикаға негізделетіні баршаға аян. Әлемде дамудың одан өзге жолы жоқ. Сұраныс, ұсыныс, бәсекелестік. Бұл үш ұғым міндетті түрде болуы тиіс. Әрбір адамның жұмыс істеуіне түрткі болатын да осы бәсекелестік екенін сіз де, біз де мойындаймыз. Сондықтан біздің таңдап алған экономикалық бағытымыз дұрыс деп есептеймін.
Бірақ қателіксіз алға басу болмайтынын жадымыздан шығармағанымыз абзал. Біз де егемендікке қол жеткізген бастапқы кезеңдерде қателікке бой алдырдық. Мәселен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында балабақшалардан, әлеуметтік нысандардан, кейбір мектептерден айырылып қалдық. Кезінде «олардың қажеті жоқ, балаларды үйде тәрбиелеу керек» деген ұрандар тасталды. 2000-жылдардың басында біз осының зардабын тарттық. Осы ретте, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының қолға алынуы да тегін емес еді. Кезінде айырылып қалған нысандарды қайта қалпына келтіру үшін қайтадан мемлекеттен қаржы бөлдік. Сол нысандарды қайта салуымызға тура келді. Бұл біздің сол кезде жіберген үлкен бір қателігіміз болды.
Екінші, ауыл шаруашылығын жекешелендіріп жібердік. Біздің жағдайымызда оны басқаша сақтау керек пе еді?! Бізде колхоз, совхоздар жұмыс істеді. Ұжымдасқан коллективтер болды. Олардың жері де, техникасы да ортақ болатын. Ал біз оны бардық та, қираттық, жекешелендірдік. Соның нәтижесінде барымыздан ажырап қалдық. Енді оны қалпына келтіру жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілуде. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы саласын жоғары деңгейге көтердік деп айта алмаймыз. Оған өте көп уақыт керек, қомақты қаржы қажет. Біз бәрібір аграрлық мемлекет болып қаламыз. Қазақстанның аграрлық мемлекет болуына табиғатымыздың өзі, жеріміздің өзі сұранып тұр. Біз тек қана өзімізді емес, бүкіл әлемді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге әлеуеті жететін мемлекеттердің біріміз. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін көптеген азық-түлік өнімдерін шеттен тасып жүрміз. Бұл да ауыл шаруашылығы саласында жіберген бір кемшілігіміз.
Ал саяси реформаларға тоқталатын болсақ, әрине, мемлекеттік басқару құрылымында, саяси партиялар мен институттар құрылымында реформалар жүрді. Ол реформалар кей кездерде оң нәтижесін де берді. Сондықтан экономикалық және саяси реформаны қоса алған кезде біздің мемлекетіміз дұрыс бағытта келе жатыр. Бірақ оның кейбір жерлерінде кеткен кемшіліктерді жөндеп алуымыз керек. Мұның бәрін жөнге келтіруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген нақты тапсырмалар мен міндеттер мүмкіндік береді. Жолдауда айтылған мәселелерді Үкімет, Парламент дұрыс орындайтын болса, мемлекеттің даму бағыты, даму жолы ары қарай дұрыс жалғасады деп есептеймін.
– Егемен ел атанғалы Қазақстандағы заң шығару қызметі де жетілдірілді. Бұл процеске тікелей араласатын азамат ретінде еліміздегі заң шығару қызметінің қыр-сырымен бөлісіңізші...
– Еліміздегі заң шығару қызметі тікелей Парламентке жүктелетінін білесіздер. Ал бұл қызметті жүзеге асыруда Парламенттің екі палатасы да (Сенат және Мәжіліс) айтарлықтай маңызға ие. Ең алдымен заң жобалары Мәжілісте жан-жақты талқыланады, содан кейін Сенатқа келіп түседі. Сенатта да ол заңдар бір айға дейін қаралады. Кеткен кемшіліктері болса, түзетулер енгізу қажет болса, Сенат түзету енгізеді, толықтырады. Сосын оны қайтадан Мәжіліске қайтарады. Егер Мәжіліс енгізілген өзгертулермен, толықтырулармен келіспейтін болса, келісім комиссиясы құрылады да, бір келісімге келіп, заң жобасы Президентке қол қоюға жіберіледі.
Сенаттың тікелей заң шығару жұмысына келетін болсақ, мұнда қазір 6 комитет жұмыс істейді: Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті, Қаржы және бюджет комитеті, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитеті, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті. Аталған 6 комитет өз бағыттары бойынша заң жобаларын әзірлейді. Мысалы, ауыл шаруашылығына қатысты заңдарды, заңнамалық, конституциялық негіздегі заң жобаларын, әлеуметтік-мәдени және ғылым саласына байланысты заңдарды, экономикалық және инновациялық заң жобаларын, халықаралық қатынастарға қатысты заңдарды әр комитет өз бағыты бойынша негізге алып қарайды. Басқа комитет мүшелері бұл заң жобаларына өз пікірлерін білдіріп, араласуға құқылы. Содан кейін ол заң жобасы арнайы комиссияға беріліп, талқыланады. Ал депутаттар келіспейтін болса, пленарлық отырыста тағы да талқыға түседі.
– Тәуелсіз Қазақстанның талай заң жобаларын қабылдауға атсалысқан депутаттардың бірісіз. Қандай заң жобаларымен тікелей жұмыс істедіңіз?
– Ал енді өзімнің заңнамалық жұмыстарыма келсем, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде 6 жыл жұмыс істедім. Сол уақыт аралығында аграрлық кешендерге қатысты көптеген заң жобасына комитет мүшелерімен бірге атсалыстық. 2011 жылдан бастап ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты заңдарға бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Соның ішінде менің есімде қалғаны – «Кооперация туралы» заң. Осыған дейін бізде 4-5 кооперативтерге қатысты заң болған, солардың басын біріктіріп, бір «Кооперация туралы» заң жобасын әзірледік. Бұл заң қазір жақсылы-жаманды жұмыс істеп жатыр. Заңның бағыты, негізі дұрыс. Бірақ оның орындалу механизмі жергілікті жерлерде өз деңгейінде болмай тұр.
Сонымен қатар «Экология туралы» кодекске де толықтырулар мен өзгертулер енгіздік. Оның ішінде ауаны, қоршаған ортаны ластауға байланысты шаралар қатаңдатылды. Су қауіпсіздігіне байланысты, суды үнемдеуге байланысты заңдарға да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Соңғы 2 жыл көлемінде Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде еңбек етіп жатырмын. Бұл комитеттің қарауында да көп заңдар бар. «Денсаулық сақтау» кодексі, «Білім туралы» заң, зейнетақы туралы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгіздік. «Атаулы әлеуметтік көмек туралы» заң жобасымен де жұмыс істедік. Парламент Сенатында бұл жобаға байланысты сан түрлі пікірлер мен көзқарастар айтылғанымен, құжат қабылданды. Бірақ бұл заң ұзақ жұмыс істейді деп айта алмаймын. Қазір заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Атаулы әлеуметтік көмектің жалпы механизмі өзгеріп жатыр.
Одан кейін үлкен айтыс-тартысқа түсіп жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заң Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Біз оны қараймыз, талдаймыз. Бұл заңның педагогтер үшін жағымды жақтары мол. Бұған дейін біз бұл заң жобасы туралы Білім және ғылым министрімен талай рет кездесіп, тиісті хабарлама алғанбыз. Енді бұл заң Сенатта жан-жақты талқыланады. Содан кейін аталған құжат бекітіледі деп сенемін.
Тағы бір заң – «Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру туралы» құжат. Бұл заң қазір Сенатта қаралуда. 2020 жылдан бастап еліміздің медицина саласы жаңа жүйеге көшеді. Сол бойынша азаматтар тапқан табысының бір бөлігін сақтандыру қорына жарна ретінде салып отыруы тиіс. Бұл заң қабылданады, бірақ жергілікті жерлерде, ауылдарда, аудандарда түсіндіру жұмыстары көбірек жүргізілуі тиіс.
– Тәуелсіздікке қолы жетпей жүрген мемлекеттер қаншама. Қазақ халқы да бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқ. Ащы термен келген тәтті жеңісті қаншалықты дұрыс бағалай алып жүрміз?
– Тәуелсіздік деген – киелі ұғым. 1-2 күндік мейраммен, қызық қуып, той тойлаумен Тәуелсіздіктің қадіріне жете алмайтынымыз бесенеден белгілі. Елдің ішінде жүргенде оның қадіріне жете алмауың мүмкін. Ал елден жыраққа кетсең Тәуелсіздіктің қадірін шын ұғасың, шын түсінесің.
Мемлекеттің тұрақтылығы, Тәуелсіздіктің баянды болуы тікелей сол елдің азаматтарына байланысты. Мәселен, әр қазақстандықтың емделуге, балаларын оқытуға, үй алуға жететін қаржысы болса, өз-өзін асырай алатын орта деңгейлі азаматтарымыз көп болса, сол мемлекеттің тұрақтылығы да, Тәуелсіздігі де баянды болады деп білемін. Қазіргі мемлекеттің негізгі саясатының бірі – орта тап өкілдерінің санын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту. Біздің елдегі шағын және орта бизнестің деңгейі 60 пайызға дейін жетуі керек. Бұл көрсеткішке жетті деген сөз – халықтың сонша пайызы орта тап өкілі деген сөз. Ал орта тап өкілдерінің барлық жағынан мүмкіндігі мол болады. Біз сол деңгейге жетпейінше, Тәуелсіздіктің құнын толық бағалай алмаймыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Әсел ӘНУАРБЕК