Депутаттар жаңа Мәжіліс көп партиядан жасақталады деген сенімде

Депутаттар жаңа Мәжіліс көп партиядан жасақталады деген сенімде

Депутаттар жаңа Мәжіліс көп партиядан жасақталады деген сенімде
ашық дереккөзі

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жаңадан жасақталатын Мәжіліс көп партиядан құралады деген сенімде. Журналистерге берген сұхбатында мұндай пікірді Нұрлан Әбдіров те жеткізді. Оның айтуынша, депутаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізіп, Елбасы жариялаған реформаларды жүзеге асыруға мықтап кірісу керек. «Көппартиялы Мәжіліс бұл ұтымды. Мысалы, төртінші және бесінші шақырылымдағы Мәжілістің атқарған істерін салыстыра келе, көппартиялы Мәжілісті бір қадам алға басу деп қабылдаймын. Егер Елбасы қолдап, жаңа Парламент, алтыншы шақырылымдағы Мәжіліс сайланса, мен оның құрамына көп партиялар кіреді деп сенемін. Қандай партиялар кіреді, жаңа партиялар бола ма, әлде бүгінгі партиялар қала ма - оны халық шешеді», – дейді депутат. Оның айтуынша, бесінші шақырылымдағы Мәжіліске Ұлт жоспары аясындағы заңдарды әзірлеу және оны қабылдау тарихи миссиясы бұйырды. Н.Әбдіров өз сөзінде бірқатар заң жобаларын депутаттар дайындағанын ерекше атап өтті. «Осы жұмыс аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ақпарат қолжетімділігі және қоғамдық кеңестер туралы үш маңызды заң қабылданды. Таяу арада осы жаңа заңдардың тиімділігін көретін боламыз», – дейді ол. Депутаттың пайымдауынша, Мәжіліс депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізіп, Елбасы жариялаған реформаларды жүзеге асыруға билік пен қоғамның күшін жұмылдырған жөн. «Бүгінде бәріміз бірігетін уақыт жетті. Біз қоғамдағы жағдайды көріп отырмыз. Қазір реформаларды жүзеге асырып, дағдарыстан қорғануымыз керек. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын тездетіп жүзеге асыруымыз қажет. Егер бұл жұмысты созып жүріп алсақ, барлық ресурстарды осыған шоғырландырамыз, ал бізге жоспарымызды тезірек іске асырған жөн. Егер қазір мерзімінін бұрын сайлауды ұйымдастырсақ, біз екі айлық қысқа мерзімде жылдам жиналып, бүкіл қоғамды жұмылдыра аламыз. Ең бастысы осы, халықтың күткені де осы деп ойлаймын», – деп түйіндеді халық қалаулысы.