Тұрмысы төмен отбасыларға арзан несие беріле бастады
Тұрмысы төмен отбасыларға арзан несие беріле бастады
Алматыда көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлерге арзан пайызбен несие беріле бастады.
Қала билігі биыл қос қаржы ұйымын ашып, оған 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлген. Нәтижесінде, кәсіп ашамын дегендер тиімді шарттармен арманына жетуге бір табан жақындай түсті, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.
Қыркүйек айында ғана құрылған қос қаржы мекемесі қазір 5 жобаны мақұлдапты. Енді жыл соңына дейін алып шаһарда үш тігін цехы, нан өнімдерін пісіретін шағын наубайхана және кофе қуыратын шағын нысан ашылады.
«Алматы бизнес 2025» аймақтық бағдарламасы – қала үшін жан-жақты қамтылған маңызды құжат. Басым бағыттарының бірі – халықты кәсіпкерлікке баулу, қалаға қалтасы қалың инвестор тарту, қаржылық қолдау көрсету және бизнес құру үшін тиімді жағдай жасау. Сондай-ақ, оның аясында 6 жаңа мекеме құрылды. «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайтын Алматы финанс және Almaty микроқаржы ұйымы болатын. Олар қазір кәсіпкерлерден өтініштер қабылдап жатыр. Мақсаттары бір қос компания бизнес бастаймын дегендерді демеп жіберумен айналысады.
«Осы екі мекеме шағын және орта бизнеске несие береді. Яғни, алматы микро қаржы ұйымы 20 млн теңгеге дейін және 2 пайызбен көпбалалы жанұяларға береді. Ал Алматы финанс мекемесі 20 миллионнан 300 миллионға дейін орта және кіші бизнесті дамыту үшін несие береді. 7 жылға дейін 2 пайызбен егер алатын болса бізде мына жаңадан қосылған аудандар бар ғой. Алатау ауданы, Наурызбай ауданы» - деді Аlmaty Finance қаржы мекемесі басқарма төрағасының орынбасары Заңғар СӘЛІМБАЕВ.
Айта кетейік, кәсіпті Алматыға жаңадан қосылған Алатау мен Наурызбай аудандарында бастаймын дегендер несиені бар болғаны 2 пайызбен алады. Несие кәмелеттік жасқа толғандардан бастап, зейнет жасына дейінгілерге беріледі. Сондай-ақ, кәсібі бар дегенмен оны кеңейтем деушілер үшін де мүмкіндік қарастырылған. Қала әкімдігі бастаған бағдарламаның тиімді тұсы сол, кәсіпкерге қаражат өзі таңдаған екінші деңгейлі банктегі есепшотына аударылады. Несиені қарастыру кезінде бір тиында комиссия алынбайды. Яғни мақұлданған сома нақты қолға түседі.
«Бізде тек қана несие емес, лизинг деген қаржы құралы да бар. Қаржылық лизинг. Яғни, бұл өзіңіздің 20 пайыз бастапқы мөлшеріндегі қаржыңыз бар болса, сол 20 пайызды құя отырып, қалған 80 пайызды біздің компаниядан алуға болады деген сөз», - деді Аlmaty Finance қаржы мекемесі басқарма төрағасының орынбасары Заңғар СӘЛІМБАЕВ.
Көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар бизнес бастаса, алайда қолында жоспары жоқ болса да, көмек қолын созамыз дейді қаржы ұйымдары. Бастысы, алға асқақ мақсат қойып, өз-өзіне сенуі керек. Оған қоса, Алматыда ашылған қолдау орталығындағы мамандар бағыт-бағдар беруге қашанда дайын. Ал өз кезегінде мамандар оларға 21 күндік немесе 3 айлық «Бизнес бастау» курсын тәмамдауға кеңес береді. Сертифткат алған соң, Байзақов 303 мекенжайына келуге болады.