Жаңалықтар

Есімнің ұлы Жәнібек хан

ашық дереккөзі

Есімнің ұлы Жәнібек хан

XV-XVIII ғасырдағы Қазақ хандығының тарихында ең аз зерттелген  ғасырға – XVII ғасыр жатып, осы ғасырдағы тарихымыздың әр мәселесін толық шешілген деуге аузымыз бармайды. Тіпті, жекелеген хандарымыздың билік құрған жылдары мен олардың қатысуымен өткен маңызды оқиғалар туралы толық біле алмай жатырмыз. Мысалы, XVII ғасырдың екінші жартысында, яғни 1652-1680 жылдары билікте болған хандарымыз жөнінде әлі толық біліміміз жеткіліксіз. Тек үздіксіз ғылыми ізденістердің арқасында ғана XVII ғасырдағы тарихымыздың жекелеген тұстарының беймәлім құпиялары ашыла түсуде, жекелеген тарихи тұлғаларымыз анықталып, олардың тарихи рөлдері енді ғана отандық тарихнамамызда анықталып жатыр. Сондай тұлғаларымыздың қатарына Есімханұлы Жәнібек хан жатады. Алғаш рет Есім ханның ұлдарының бірі – Жәнібек ханның өміріне бай­ла­ныс­­ты көпшіліктің назарын Т.Сұл­танов аударды. Одан кейінгі жылдары тарихшы И.Ерофеева 1998 жылы Алматы қа­ласында И.Г.Андреевтің «Описание Сред­­ней Орды киргиз-кайсаков» атты ең­бегін басып шығарып, еңбекке түсі­ніктемелер жазу барысында Жәнібек ханға тоқталады. И.Андреевтің  Жәнібек хан мен Жәңгір ханды  Есім ханның ұлдары деп көрсетуіне ол төмендегідей түсініктеме береді: «Жәнібек хан. Бұл жерде Есім ханның үлкен ұлы, шамамен 1628 жылдан – XVIII ғасырдың 40-шы жж. ортасы аралығында  қазақ даласында билік құрған  Жәнібек хан жөнінде айтылып отыр...» 2012 жылы тарихшы Т.Жұмағанбетовтің «XVII ғасырдағы қазақ мемлекеті тарихындағы II Жәнібек хан» атты мақаласы шығып, автор алғаш рет отандық тарихнамада Жәнібек ханның тарихи рөлін көрсетуге тырысады. Осылайша, бұрын тарихымызда белгісіз боп келген Жәнібек ханның болмысы бірте-бірте айқындала бастайды. Дегенмен де әлі күнге дейін Есім-ханұлы Жәнібек хан туралы қалың жұртшылық таныс емес, ол туралы оқу­лық­тарға материалдар енген жоқ. 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдар­ла­масымен шыққан «История Казахстана в русских источниках» атты жинақтың І томында Жәнібек ханға қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған бірнеше тың материалдар кездеседі. Бұл жинақ­тағы құжаттарда 1635-1639 жылдары болған алғашқы қазақ-жоңғар ұрыстары, қазақта Жәнібек ханның билеуші екендігі және сол ұрыстарда Жәнібек ханның інісі, Есім ханның ұлы – Жәңгір сұлтан­ның тұтқынға түскені жөнінде баяндалады. Бұл материалдар Жәнібек ханның Қазақ хандығындағы билік құрған жылдарын анықтауға, оның қазақ тари­хындағы тұлғалық болмысын аз да бол­са түсінуге жол ашып, зерттеушілерге мол мүмкіндіктер береді деп ойлаймыз. Алғаш рет Жәнібек хан есімі орта­ға­сырлық жазба дерек мәліметтерінде XVII ғасырдың алғашқы жылдарындағы Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы аштарханилық әулет арасындағы оқи­ғаға байланысты кездеседі. Егер де XV ғасырдың 70-жылдарынан  XVI ға­сыр­дың соңына дейін Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы темірлік әулет, оның орнына келген  шайбанилық әулет ара­сындағы күрестердің негізгі себебі – Сыр бойына немесе Түркістан аймағына иелік ету үшін  болса,  XVII ғасырдың ал­ғашқы жылдарынан бастап Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы жаңа әулет – аштарханилық әулетпен арадағы күрестің басты себебіне Ташкент қа­ласы мен оның аймағын иелену жатады. XVII ғасырдың бірінші онжылды­ғын­да, 1603 жылы аштарханилық билеу­шілер Бахымұхаммед хан, одан кейін 1607 жылы Уәлимұхаммед хан бірнеше рет Ташкент қаласын алу үшін  жорыққа аттанады да,  жеңіліс тауып кейін оралады. Ал 1611 жылы  Есім хан және бір­не­ше қазақ сұлтандары – Абылай сұлтан, Кішік сұлтан, Жәнібек сұлтан  аштарханилық сұлтандар арасындағы алауыздыққа араласып, Иран шахы Аббас қолдап отырған Уәлимұхаммед ханды биліктен кетіруге араласады да, Бұхар билеушісі Имамқұли ханға қолдау көрсетеді. Соның арқасында қазақ сұл­тандары Түркістан, Ташкент қалаларын иемденеді. Есім ханның ұлы – Жәнібек сұлтан аштарханилар билігі тұсында Мауереннахрдағы алты облыстың бі­реуі­нің орталығы Сагарджаны басқару­ға алады. Ортағасырлық тарихшы Мах­муд бен Уәлидің мәліметтерінде Есім хан үшін «Жәнібек сұлтан «қымбат сәби» (до­рогое дитя) болған» деп, одан ары оның себебін: «шамасы оның үлкен ұлы болғандығынан болуы керек», – деп түсіндіреді Т.Сұлтанов. Біз өз тарапымыз­дан  болашақ ханды әкесі Есім хан ел бас­қаруға жас сұлтан кезінен баули бас­таған деп есептейміз. Осылайша, Жәнібек сұлтан тарих беттеріне ілінеді. Әкесі үшін «қымбат сәби» атанған Жәні­бек ханның ел басқарып, мемлекет тізгінін жоңғарлармен күрес жылдары ие­лен­се де, бүгінгі күндерге дейін тарихымызда ұмытылып, айтылмай келуі өте қызықты нәрсе болып саналады. Жәнібек сұлтанның тарихтағы келесі іздері орыс деректерінде кездеседі. Оның нақты қай жылы қазақ тағын ие­ленгені белгісіз, бірақ біз Жәнібек сұлтанды әкесі Есім хан қайтыс болған­нан кейін 1628-1629 жылы хандық би­лікке келген деп санаймыз.  Т.Сұлта­нов­тың пікірінше, Жәнібек сұлтан билікке тек билікқұмар және  жігерлі көкесі Абылай сұлтан қайтыс болғаннан кейін ғана, яғни  XVII ғасырдың 30-жылдары­ның ең басында келуі мүмкін. Жәнібек ханның билікке келуі мен оның алғашқы жүргізген сыртқы саясаты Қазақ хандығының шығысындағы Жоңғар мемлекетінің құрылуымен сәйкес келді. Жалпы, қазақ-қалмақ қаты­настарының тарихы XV ғасырдан бастау алады.  XIV ғасырдың екінші жартысында батысмоңғолдық – шорас, торғауыт, хошоуыт және дүрбіт тайпалары бірігіп, «ойрат одағын» құрады да, өз тайшыла­ры­ның билігінде болады. Бұған дейін айтып өткеніміздей, XVII ғасырдың 30-жылдарына дейін қазақ-қалмақ қатынастарында екі жақтың да күштері бір-біріне алма-кезек тонаушылық, ке­калушылық сипатта жорықтар жасап тұр­ған. Сондай жорықтың бірі – Есім хан­ның 1627 жылғы қалмақтарға жаса­ған жорығы. Жоңғар хандығының құрылу қар­саңындағы ойрат одағындағы саяси жағ­дай өте күрделі жағдайда дамиды. Дүр­біттер көсемі Далай тайшы, шорос­тар көсемі Харақұла тайшы, торғауыт­тар көсемі Хо-үрлік, хошоуыттар көсемі Хұндүлен тайшы және тағы басқа тайпалар көсемдері  жеке-дара билікке ұмтылып жатқан болатын. Талас-тар­тыс­тың нәтижесінде, шамамен 1628 жылы «ойрат одағы» ыдырайды. Тор­ғауыт­тар – Хо-үрлік тайшымен Солтүстік Қазақстан жері арқылы батыстағы ноғай иеліктеріне қарай көшеді де, төменгі Еділ бойында Қалмақ хандығын құрады. Хошоуттардың бір бөлігі – Тибетке қарай қоныс аударады да, қалған бөлігі ойраттар жерінде қалады. «Ойрат одағының» орнында  шорос тайпасының рөлі артып, билік осы тайпаның көсемі Харақұла тайшыға көшеді. Іс жүзінде Харақұла жаңа мемлекеттің не­гізін құрушы болып саналды. 1634 жы­лы ол қайтыс болғаннан кейін Ха­рақұланың ұлы, әрі мұрагері Хото-Хоцин Батыр ойрат чулганында (ойрат тайшылары­ның кеңесі, құрылтай секілді жиын) хошоуыттар көсемі Байбағас тайшымен бірдей  дәрежеге ие болады, ал Далай-лама оған хонтайшы титулын береді. Сөйтіп, іс жүзінде Батыр хонтайшы ойрат одағының жеке билеушісіне айналады. Ал тарихи әдебиетте 1635 жыл – Батыр-хантайшының бас­шылы­ғымен Жоңғар мемлекетінің құрылған жылы болып есептеледі. Бұл кезде Қазақ хандығында Есім хан­ның ұлы – Жәнібек хан билік жүр­гізіп отырған еді. Екі жақта да билеу­шілер өзгергенімен, қатынастардың  не­гізгі себебі бұрынғыша қала берді. Бұған дейінгі қазақ-қалмақ, қазақ-ойрат қатынастарының орнына жаңа саяси жағдайға байланысты қазақ-жоңғар қатынастары келеді. Ал  екі жақ үшін де қарым-қатынастың негізгі себебіне   қазақ елінің шығыс аумағындағы шүй­гін­ді, суы мол  жайылымдық жерлер жатты. Орыс дерегіндегі мәліметтерге қарасақ, Жәнібек хан тұсындағы қазақ-жоңғар қатынастары 1630-жылдардың ортасында  басталып кетеді. 1635 жылғы 19 шілдедегі, 1635 жылғы 6 шілде мен 2 желтоқсан арасында жазылған құжат­тарда жоңғарлардың қазақтарға жоры­ғының болғандығы, қазақтардың жеңі­ліс тапқандығы және қазақтың Жәң­гір сұлтаны тұтқынға алынғандығы туралы баяндалады. Бірақ бұл құжаттарда қазақ ханының кім екендігі айтылмайды. Ал 1639 жылдың 17 тамызында жазылған құ­жатта қазақ ханы Жәнібек ханның есімі бірнеше рет айтылады. Құжат мә­тініндегі Жәнібек ханға тікелей қатысты жерді толықтай беруге тырысалық. «(л. 731) И как, государь, смотрели мы,  холопи твои, тобольских служилых людей и юртовских служилых татар, которым идти на твою государеву службу с Яковым Тухачевским, и в те поры сказывал нам, холопем твоим, в съезжей избе Тобольсково города атаман казачей Гаврило Ильин: В прошлом де, государь, во 144 году прежние стольник и воеводы князь Михайло Темкин Ростовской с товарыщи посылали ево, Гаврила, в Колмацкую Орду к Талаю тайше в пос­ланникех говорити о тюменском полону. И при нем де, государь, Талай тайша со многими колмацкими тайши ходили в поход казачьи Орды против Яныбека царя, а ево де, Гаврила, Талай тайша имал с собою ж. И в том де, государь, походе // (л. 732) с ним были твои государевы изменники тюменские татаровя Янбайко Янтурин с товарыщи. И идучи де, государь, те татаровя улусами у Енденя да у Торгучи тайшей в улусех и во всю дорогу били челом тайшим, чтоб им, пришед ис походу от Яныбека царя, итти под твои государевы городы и на слободы. И как Талай и Елдень и Торгучи и иные многие колмацкие тайши и абаши с колмацкими своими улусными людьми ис походу пришли и стали улусами своими у озер у Ильдень камени, и на то де урочищо при нем, Гавриле, присылали к Талай тайше колмацкие Ельдень да Торгучи и иные многие тайши и абаши, чтоб им итти под твои государевы городы под Тюмень и под слободы. И в колмацкой, государь, записной кни­ге прошлого 144 году написано: Посылан он, Гаврило, да с нис тобольсой юртовской служилой татарин Келмамет княж Бегишев к Талай тайше говори­ти, чтоб он, Талай тайша тюменской и тарской полон, что улусные ихлюди пои­мали под Тюменью и под Тарою, сыс­кав, вес отпустил без задержанья... И ходил де Талай тайша в поход Казачьи Орды против Яныбека царя и, пришед де ис походу, в тюменском полону ему отказал... ...А что, государь,  Гаврило Ильин ска­зывал нам, холопем твоим, в распросе, как  Талай тайша и иные тайши хо­ди­ли в поход Казачьи Орды против Яны­бека царя,»[4,338-340]. Көріп отырғанымыздай, құжат мәті­ніндегі жоңғарлық Далай тайшының қазақтарға жорығы  1638 жылы болып, ол кезде қазақ билеушісі болып Жәнібек хан отырған. 1640 жылдың 3 маусымы мен 1641 жылдың 3 ақпаны аралығында жазылған құжатта «Хантайшыда Қазақ ордасындағы Жәңгір сұлтанның төрт бұхарлық елшісінің» болғандығы баяндалады [4,342]. Орыс тіліндегі бұл құжаттың мәлі­меттеріне  талдаулар жасай келе,  жи­нақ­ты құрастырушы  А.Исин  1640 жыл­ғы орыс елшісі  М.Ремезовтың Батыр хонтайшыға барған сапарына мынадай  түсініктеме береді: «1640 жылы 1 қа­рашада М.Ремезов Батыр хонтайшы алдында сөз сөйлеп, оған «патша сыйын» тапсырғанда оның жанында Ельден тайшы (торғауыт Үрлік тайшының ұлы), Қазақ ордасынан Жәнібек ханның елшісі және тағы үш елші отырады». Одан кейінгі орыс тіліндегі құжат мәлі­меттерінде  Жәнібек ханның есімі кез­деспейді. Бірақ оның туған інісі Жәң­гір сұлтанның есімі 1640 жылғы, 1646 жылғы оқиғаларды баяндайтын құжат­тар­да «сұлтан» лауазымымен ұшы­ра­сады. Жәнібек ханның қай жылы, қандай жағдайда қайтыс болғаны белгісіз, ол жөнінде дерек мәліметтерінде айтылмайды. Т.Сұлтанов бұл мәселеге қатысты екі пікір білдіреді. Бірінші пікір бойынша, Жәнібек хан XVII ғасырдың 40-жыл­дарының басында жоңғарлармен болған кезекті бір ұрыстарда қаза табуы мүмкін. Келесі бір пікірінде зерттеуші: «Жәңгір  қазақтардың аға ханы болып, шамамен XVII ғасырдың 40-жылдарының ортасында ағасы Жәнібек хан қайтыс болға­н­­нан кейін отырды», – деп жазады. Біздің ойымызша, Жәнібек хан XVII ғасырдың 40-жылдарының екінші жартысында, шамамен 1646 жылдан кейін қайтыс болған. Өйткені жоғарыда келтірген орыс деректерінің мәліметтері бойынша, 1646 жылы  Жәңгірдің әлі де болса «сұлтан» лауазымымен жазылуы оның әлі тақты иеленбегенін көрсетеді. Олай болса, ресми хан бұл жылы әлі тірі дегенді білдіреді. Интернет материалында Жәнібек хан­ды 1643 жылы қайтыс болған  және сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген делінеді. Бұл материалдың бірінші бөлігіндегі Жәнібек ханның қайтыс болған жылын әлі де болса терең зерделей түсуді қажет етеді. Ал екінші бөлік­тегі материалдың ақиқатына шек келтіруге болмайды. XVII ғасырдан бастап  Есімхан және одан кейінгі қазақ билеу­шілерінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерлене бастағаны белгілі. Олай болса, Жәнібек ханның да кесенеде жерленуі заңдылық болып табылады. Жәнібек ханның XVII ғасырдың 40-жылдарының басынан бастап қазақ-жоңғар қатынастарында көрінбей, туған інісі Жәңгір сұлтанның осы қатынас­тардағы белсенділігін мынадай жағдай­мен түсіндіруге болады. Тек  ресми хан­ның ұзаққа созылған науқасына бай­ла­нысты ғана мемлекет басқару ісіндегі ең маңызды бағыт – сыртқы сая­сат, оның ішінде жоңғарлармен қа­тынастар мәселесі ханның ең сенімді, тә­жірибелі, қайрат-жігері мол бауыры – Жәңгір сұлтанға тапсырылған деуге болады. Жоғарыдағы дерек мәлімет­терінде Жәңгірдің  «сұлтан» атағымен кездесуінің себептерін тек осылай түсіндіруге болады. Жәнібек ханның ұрпақтары туралы ешбір деректе айтылмайды. Осылайша, Жәнібек хан туралы жо­ға­рыда айтылған ойымызды қорытын­ды­лай келе, мынадай тұжырымға келеміз. Бірінші, отандық тарихымызда ұзақ уақыт бойы дерек мәліметтерінің тап­шылығынан ұмыт қалған тарихи тұлға – Есім ханұлы Жәнібек ханның ел тарихында өзіндік орнын алар уақыты  жетті және тарихи атқарған рөлін ашып көр­сету басталды. Екінші, Жәнібек хан – Қазақ ханды­ғының тарихында «Жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі» деп аталатын к­езеңде ел билеп, жоңғар мемлекеті құрылған күнінен, олардың  қазақтарға қарсы жасаған жорықтарына тосқауыл­дар ұйымдастырады, қарсы жорықтар жасайды. Жәнібек хан бүкіл билік құр­ған жылдарын жоңғарларға қарсы күрес­те өткізген тарихи тұлға болып сана­лады. Үшінші, әртүрлі деңгейдегі оқу­лықтарда жазылып келген «Есім ханнан кейін билікке Жәңгір хан келіп, ол  1628-1652 жылдары хан болды» деген тұжы­рым­ды өзгертіп, 1628-1646/1647 жылдары Есім ханұлы Жәнібек хан билікте болған деп өзгертуіміз қажет деп санаймыз.  

   Берекет Кәрібаев,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің профессоры,

тарих ғылымының докторы