Жаңалықтар

Қазақстандық балерина ТМД сыйлығының лауреаты атанды

ашық дереккөзі

Қазақстандық балерина ТМД сыйлығының лауреаты атанды

Танымал қазақстандық балерина, «Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева ТМД-ның «Дебюттер достастығы» жастар сыйлығының лауреаты атанды. Марапаттау рәсімі бүгін, 9 желтоқсан күні, Беларусьтегі Брест академиялық драма театрында өтеді. Сыйлыққа Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстаннан 26 номинант ұсынылды. Шығармашылық жетістіктері өнердің әр саласын дамыту мен дәріптеуде елеулі үлес болған Достастық елдерінің сегіз мәдениет қайраткері халықаралық қазылардың шешімімен сыйлықтың лауреаты атанды. Сыйлық ТМД-да Мәдениет жылы деп жарияланған 2018 жылдың қорытындысы бойынша берілді. - Осы сыйлықтың құрылтайшыларына маған білдірген сенімдері мен шығармашылығыма берген жоғары бағалары үшін алғысымды білдіремін. Әртіс үшін әрбір сахнаға шығу – үлкен бақыт, көрермендерді қуанту, орындаушылық шеберліктің жаңа қырларын ашу мүмкіндігі. Мұндай марапаттар бізді жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырады. Классикалық би жанкүйерлеріне балет өнеріне деген шексіз махаббаты мен қолдаулары үшін көп рақмет айтамын, - деп атап өтті Әйгерім Бекетаева. «Дебюттер достастығы» халықаралық сыйлығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі және Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорымен 2008 жылы құрылған болатын. Құрылтайшылармен анықталатын гуманитарлық салалардағы аталмыш сыйлық жыл сайын жас мамандарға (35 жасқа дейін) табысталады. Сыйлық беріле бастаған жылдардың ішінде оны ақындар, дәрігерлер, ұстаздар, ғалымдар, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мамандар, спортшылар мен жаттықтырушылар, туризмді ұйымдастырушылар иеленген. 2019 жылғы ТМД-ның мәдени астанасы Бресттегі салтанатты рәсім жыл бойындағы іс-шаралар бағдарламасын түйіндейді. Осы кеште Шымкент қаласы құрметті мәртебе эстафетасын қабылдап, 2020 жылы Достастықтың мәдени астанасына айналмақ.