Қазақ елі Дінмұхамед Қонаевты еске алды

Қазақ елі Дінмұхамед Қонаевты еске алды

Қазақ елі Дінмұхамед Қонаевты еске алды
ашық дереккөзі

Бүгін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Осыған орай Алматы жұртшылығы қайраткерді еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және Д. Қонаевтың туған-туыстары қатысты. «Бүгін біз Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосқан, көрнекті тұлғаны еске алып, рухына тағзым етуге жиналып тұрмыз. Ол өзінің қажырлы еңбегінің арқасында кезінде үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Мен Димекеңмен 25 жылдан астам уақыт қызметтес болдым. Ол өте бір мейрімді, қарапайым және аса еңбекқор адам болатын. Алматы қаласының дамуына көп көңіл бөлген жан. Димекеңнің арқасында «Медеу» биік таулы спорт кешені, Республика сарайы және басқа да маңызды нысандар салынды. Қазақстан халқы Димаш Ахметұлын ешқашан ұмытпайды», – деді өз сөзінде мемлекет және қоғам қайраткері, 1970-1984 жылдары Қазақ КСР министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болған Сұлтан Жиенбаев. Талдықорған қаласында да Дінмұхамед Ахметұлы туған күніне арналған салтанатты митинг өтті. Шара Димаш Ахметов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ескерткіш маңына ардагерлер ұйымдары және ғылыми қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ өз дәуірінің көрнекті тұлғасын еске алмақ ниетте бірқатар қала жұртшылығы жиналды. Шара барысында сөз алған Дінмұхамед Қонаев атындағы облыстық қор төрағасы Қадыржан Жексенов Қонаевтың Кеңес кезеңіндегі Қазақстанның дамуына қосқан үлесіне тоқталды. «Дінмұхамед Қонаев - өз елінің адал перзенті. Оның басқаруымен Қазақстан кеңес дәуірінде гүлденіп, үлкен биіктерге қол жеткізді. Оның орасан еңбегі ерліктің нышанындай баршамызға үлгі болып келеді. Ол біздің есімізде солай сақталды», – деді ол. Еске сала кетейік, Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12-ші қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында өмірге келіп, 1993 жылы тамыз айының 22-ші жұлдызында 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды.