Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл жайлы не білеміз?

Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл жайлы не білеміз?

Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл жайлы не білеміз?
ашық дереккөзі
Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл – Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті хабарлады.  Комитеттің дерегінше, 2019 жылдың 1 сәуіріне осы ауылдың халық саны 53 286 адам құраған. Тарихқа көз жүгіртсек, Бейнеу ауылының іргетасы 1916 жылы қаланып, 1948-1963 жылдар аралығында Бейнеу өңірін игерудің бірінші кезеңі аяқталған. Екінші кезең 1963 жылы Мақат-Маңғыстау, Бейнеу-Қоңырат теміржолдарының салынып, пайдалануға берілуінен бастау алады. Бұрынғы "Жібек жолы" торабы қайтадан ел мен елді жалғастыратын, араластыратын күретамырға айналып, Бейнеу станциясының бағы жанып, тоғыз жолдың торабы, Орта Азияға шығатын Қазақстанның қақпасы атанған. Орталық Азия газ құбыры желісі тартылып, компрессор станциясының орналасуы, Бейнеу ауылының өсуіне зор әсерін тигізген. Газшылар Бейнеу мен Боранқұл ауылдарын сәнді ғимараттармен әрлей түсті. Айналасы он жылдың ішінде Бейнеу теміржолшылардың, газ бен мұнай тасымалдаушылардың, құрылысшылардың көшелері көк желекке толы қала типті мекеніне айналған. 1969 жылы Сам өңірін өріске толтырған мал фермаларының негізінде Маңғыстау кеңшары құрылды. Бүгінде 53 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда жалпы орта білім беретін 11 мектеп, он бөбекжай, бір кешкі мектеп, бір өнер мектебі, бір спорт мектебі, жекпе-жек спорт залы, бокс залы, кәсіптік білім беретін екі колледж, жеке қосымша білім беретін бес орталық, бір аурухана бар. Бейнеу ауылдық әкімдігінің мәліметінше, ауылдағы туу деңгейі 2,38 пайызға артқан, биыл өмірге келген сәбилердің саны - 1256 бала. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бейнеуліктердің саны Қазақстан бойынша ең жоғары болуының сыры  халықтың өмір сүру деңгейіне байланысты. Айталық, ауылда теміржол және автомобиль жол қатынастары, сондай-ақ, байланыс жүйесі, коммуналдық қызметтер - газ, су, тоқ жұмысы жоғары деңгейде.