Қазақшасы жатық «Мұзды өлке – 2»
Қазақшасы жатық «Мұзды өлке – 2»
Жуықта «Болашақ» қауымдастығының жүзеге асыруымен Walt Disney Animation Studios ұсынған «Мұзды өлке – 2» толықметражды анимациялық фильмі көрерменге жол тартты. Бұл фильм – екі мәрте «Үздік әуен», сосын «Үздік анимациялық фильм» санаттары бойынша «Оскар» жүлдесін иеленген және ең табысты кассалық фильм саналған кинотуынды. «Болашақ» қауымдастығының «Өзіңнен баста» жобасының бастамасымен аударылған кезекті 33-ші фильмнің сюжеті ерек.
Апалы-сіңілі Эльза мен Аннаның басынан өткен шым-шытырман хикая кімді де болса елітіп, өзіне баурап алады. Тұтас әлемді өзіне телмірткен бұл фильмнің түп идеясы түркі халықтарының наным-сенімінен, мифологиясынан алынғаны белгілі. Енді, міне, сол идеясы бізге таныс Крисс Бак пен Дженнифер Лидің режиссерлігімен түсірілген фильм ана тілімізде сөйледі.
Дубляж режиссері және аққала Олафтың дауысын дыбыстаған белгілі актер Шахмұрат Ордабаев: «Бұл – өте қызықты жоба. Кастинг басталған сәттен бастап прокатқа шыққанға дейін әрбір детальға ерекше мән беріп, назар аудардық. Фильмнің мәтінін қазақтың табиғатына сай еркін аударып, диалогтар арасына Абай атамыздың «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегендей сияқты өлең жолдарын қосып, кейіпкерлердің болмысын ашуға тырыстық. Бүкіл әлем баласының қиялына қанат бітірген фильм», – дейді. Эльзаны қазақша сөйлеткен – Бегімнұр Қалила, Аннаның дауысын дыбыстаған Назерке Серікболқызы сияқты жас театр және кино актрисалары. Кино жобаға Данияр Өтеген, Динара Сұлтан, Инди Еділбаева және тағы басқа орындаушылар қатысқан.
Жансая ЖАНАТҚЫЗЫ, көрермен:
– Керемет мультфильм! Отбасыммен барып көрдім. Ана тілімізде дыбысталған туындыда кейіпкерлер сөзі мағынасына қарай аударылған. Музыкалық эффектілері ерекше. Актерлердің дауысы да әсерлі. Қынжылтатын жәйт, кинотеатрда қазақ тіліндегі көрсетілім өте ыңғайсыз уақытқа қойылған. Кім демалыс күндері таңғы 9-да кинотеатрдан табылсын? Барлығы 100 адамға арналған көрермен залында ұзын-ырғасы 10-нан аса адам ғана отырдық. «Мұзды өлкені» адам демалыс орнына көп баратын, кешкі серуен уақыты 18-19 сағаттарға қойса, қатып-ақ кетер еді! Естір құлақ болса, қазақ тілді көрерменнің назы айтылды.
Елдос МӘДИЕВ, көрермен:
– Бұл мультфильм маған ерекше ұнады. Өзімді сол киноның кейіпкері сияқты сезініп отырдым. Бұның 1-ші бөлімін ерекше ықыласпен көрген болатынмын. Міне, 2-ші бөлімі де көңілімнен шықты. Қазақ тіліне еркін аударылған. Кейіпкерлердің мимикасына дейін қазақша сөйлегеніне қуанып қалдым. Біздің ана тіліміздің қолданыс аясын осындай әлемдік жобалар көтергеніне ризамыз. Осындай анимациялық фильмдерді өзіміздің режиссерлер де түсірсе екен деген тілек бар. Қашанғы шетелдің түсірген дүниесін қызықтап, соларға иек арта береміз?
Айғаным ӨТЕУЛІ, көрермен:
– «Болашақ» қоры аударған мультфильмдерді соңғы жылдары отбасымызбен үзбей көріп келеміз. Әр премьера сайын шығармашылық ұжымның тынымсыз ізденісі мен еңбегінің нәтижесі байқалады. Мәселен, «Арыстан патшадағы» орыстар Шрам деп атаған жағымсыз кейіпкерге «Ызғар» деген атты тауып қойса, «Мұзды өлке-2» мультфильмінің бір-екі эпизодына данышпан Абайдың өлеңдерінен бір жол болса да үзіндіні орынды қолдана білген. Әрине, балаларға арналған туынды болғандықтан мультфильмде қайсарлық пен мейірімділік, бауырмалдық айқын көрсетілген. Әсіресе, Анна мен Эльзаның арасындағы сыйластық апалы-сіңілілердің қандай болатынын балаларға үйретеді. Мультфильмде қиын жағдайлар болмаса, жағымсыз кейіпкерлер жоқ. Ең бастысы, Голливудтың қиял-ғажайып ертегіге құрылған туындыларының қазақша сөйлеп қана қоймай, кинотеатрларда сеанс саны мен көрерменнің артуы көңіл қуантады.
Елдос Нүсіпұлы