Жайбарақат күн кешу бұйырмаған
Жайбарақат күн кешу бұйырмаған
Дүниетанымы шексіздікпен, кеңдікпен, адалдық пен әділет, жомарттықпен өлшенетін, ғажайып тілі бар халықтың поэзиясы әлемдік жауһарлардың қатарында тұруы да заңдылық!
Сондай жауһар жырларымен ұлтының рухани байлығына үлесін қосып кеткен Фариза Оңғарсынованың туындылары философиялық ауқымы, адамгершілік және азаматтық пәрмені, ой мен сөз өрнектерінің көркемдігі бойынша терең талдауларға, бірнеше докторлық диссертацияға сұранып-ақ тұр. Осыны алдымен өзіміз зерттеп, ары қарай әлемге насихаттауға қоғамдық сананың дайындығы мен ықылас, ынтамыз керек-ақ сияқты. Өзінің мәдени мұрасына, тілінің байлығы мен рухының күштілігіне сенімді, оларды ұлықтауды, мақтаныш етуді мақсат еткен ел ғана ақындары мен жазушыларын әлем тілдеріне аударып, кең танытуға жанқиярлықпен еңбек етеді.
Фариза – Жаратушы сыйлаған қасиет бойына дарыған, ұлылықтың өрісінде қаныққан ақын. Қасиетті болуды да, ұлылар қатарына еніп өз дәуірінің ерекше құбылысы атануды да құдіретті Жаратушы ғана сыйлайды. Ежелгі түркіден сақталған Күлтегін жазбаларындағы бабалар, Асан қайғы мен Абай, Абайды қазақтың санасына сіңірген Мұхтар, жаңа дәуірдегі Мұқағали, Қасым мен Оралхан, Тұманбай мен Қадыр, Шерағаң, Әбіш пен Фариза болса, сол ұлылар көшін үзбей ертеңмен жалғаған рухтың «титан көпірлері» бүгінгі Мырзатай ағалар. Аталғандардың әрқайсысы қасиет тұнған, ұлағатты сөз тастаған ұлттың рухани көсемдері. Бұл тізімді жалғастыра берсек қазақ даласында ұлы, әулие, қасиетті деген теңеулерге лайық тұлғаларды мыңдап тізе аламыз.
Қасиет дарыған тұлға ұлтына қараңғы түнде жарық, қиындығында пана болады. Қасиет қонған адам – көптің бірі емес. Бірақ қасиетпен бірге олардың қасіреттері де аз болмайды, мойындарына артылған жүгі де төтенше ауыр. Тағдырлары қиын, өздері жалғыз, жанашыры аз. Бұралаңы көп өмір Фариза ақынды да аз сынамаған:
Азаптырақ ақынды ой қамағаны:
асау ой бұлқынғанда,
сөз-маржандар жиылмай гүл қырманға,
мың құбылып жанар ма, түр-тұлғаң ба –
ұқсап дауылды айдында ақ желкенің
дал-дұл боп жыртылғанға,
кенет... әлем, сосын сен – қос Құдірет,
қайталап күлкіңді арна...
буындырып ой-толғақ азаптайды
ақындар жыр туғанда.
Ал қарапайым халық ақынын пір тұтады. Өйткені ұлылар бұқараның сөзіне иланады, өксігіне тұншығады, бірге қуанып, бірге қиналады. Қалың бұқарада еш уақытта билік те, байлық та болмайтыны рас. Бүгін де, ертең де солай жалғаса береді.
Қай дәуірде болмасын ақынның айтқаны, сынағаны билікке ұнай бермеген. Билікке сөзін ұқтыра алмаған, түсіндіруге жол, ұғындыруға мінбер таба алмаған басқа ақындардай Фариза апайымыз да өзін қалайша жалғыз сезінбейді?
Сенім – адам жанының нұр шуағы,
ертеңіне шақырған шың шынары.
Онсыз қадір, қабілет, дарының да
күн көрмеген тамырдай тұншығады.
Кінәламай барлығын, бір жайды ұғын:
жер үстінде басқаша тумайды күн,
адалдығың, сенімің жоқ па жұртқа –
онда олардан сенің де жұрдайлығың.
Ерекше қасиеттің арқасында ақын басқаларға келмеген ойды айтады, басқалар таппаған жолды көреді. Сол қасиеттің арқасында ұлының артында қалған сөзі мен үні, өмір өнегесі халқының рухани қазынасына айналады. Міне, дәл сол сәттен бастап ұлы адамның ұлт жүрегіндегі ұлылық сапары басталады. Бұл – құдірет сыйлаған қасиеттің арқасы!
Фариза – ақын, Фариза – тұлға, Фариза – апай…
2007 жылы Фариза Оңғарсынова туралы «Жұрт мені қатал дейді…» атты фильм түсірдім. Өзім күтпеген жылылықпен көрермен фильмді жоғары ілтипатпен қабылдады. Бәрінен бұрын, бірінші көрермен – Фариза апамыздың ризашылығы ерекше болды.
«Жұрт мені қатал дейді…» алғаш рет «Қазақстан» ұлттық арнасынан 2008 жылы 22 наурызда прайм-таймда эфирге шықты. Фильм аяқталған соң 1 минуттан кейін Фариза апай телефон шалды. «Ұлбосынжан, мен туралы фильмдерді саған дейін де түсірген. Сенің фильміңнен басқалар бойлай алмаған, өзім бөтенге аша қоймаған мінез бен сезімді көрдім. Соларды дәл тауып көрерменге жеткізген, менің көпшіліктен жасырған жүрек сырымды жайып салғаның үшін де ризамын» деген Фариза апайдың сөздері өмірімде естіген ең қадірлі мақтау шығар. Осындай ұлы жанның батасын алу, ол кісіні қуанту қандай бақыт!
Фариза ақынның нәзіктік пен сезімге елжіреген үлкен жүрегін маған адастырмай тапқызған алтын кілт мына өлең жолдары болды:
Ол жоқ жерде
таңдайдағы бал үміттердің,
толқынына тұншығып, малынып шердің,
ештеңені, ешкімді көзіме де ілмей
тек соған табынып сендім.
Үзіліп қыршын,
сонан соң...
өтетін болды жабырқау, жеке кештерім...
Қайғым бар (білем – басқалар бекер дескенін)
ол – өзгені сүйе алмай
жалғыздықпенен
мәңгілік некелескенім.
Жалғыздыққа жұтылмауға ақынға шынайы көңілмен жанашыр халқы көмектеседі. Ақынға ақ сезімін, таза жүрегінің бұйрығын тыңдамау да оңайға түспеген.
Жүрегім бұлқып керім,
құшақтаса береді кірпіктерім,
ерек бейнең тұрады сонда алдымда,
кеудемдегі дүбірді іркіп демім.
Күйім менің – күзгі гүл, нұр – күткенім.
Адам жарық дүние есігінен кіріп есейеді, толысады. Кейіннен қарттық шалып солады, сөне бастайды. Ішкі дүниесі аласапыранға толы жандар «шегрен теріге» ұқсап тез тартыла берсе, қасиетті жандар, керісінше, парасат-пайымы, өмірлік жиған тәжірибесі толысып абыздыққа көтеріліп, ішкі жан сарайы кеңейе береді.
Көзі тірісінде Фариза Оңғарсынованы «ұлтымыздың рухани анасы» деп айтқан едім. Апайдың өзі «бұның қалай, бұл қандай мәртебе, теңеу?» деп сұраған емес. Ақын Темірхан Медетбек ағамыздың 1989 жылы Фариза Оңғарсынова туралы мақаласынан «ұлтымыздың рухани анасы» деген Фариза апайға арнаған теңеулерін жақында тауып алдым.
Бұндай теңеулерді ол кісінің көзі тірісінде айту әркімге де үлкен жүк екені белгілі. Біле тұра, мен де осыған тәуекел еттім. Апайдан қатты сөз естіп қалу қаупі де болды. Солай бола қалған жағдайда да өкінбес едім. Ең бастысы, дүниеден өткен соң аямай жататын мақтау сөздеріміз бен құрметімізді «Фариза апай – сіз қазақтың рухани анасысыз. Біз оны мойындаймыз» деп тірі кезінде айтып үлгергенім.
Фариза Оңғарсынованың поэзиясы суы мөлдір, тұнып тұрған сырлы құдық тәрізді. Фариза – әрбір қазақтың жүрегіндегі сезім жанартауын оята алған, оята беретін қастерлі ақын.
Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен.
Мейлі, жұртым тентек дер, асыл жан дер.
Бұл тірлікте жарқ еткен жақсылықтың
Барлығын да құшамын ғашық жанмен.
Қыңыр кетсем кешір деп өтінбеймін.
Шақыр, өмір, әділет сотын мейлің!
Мен әйтеуір жалтаңдап, жалбарынып
Өзім қылған ісіме өкінбеймін.
Фариза Оңғарсынова өзінің бірегей тұлғасымен ұлт шамшырағындай ұрпағын адастырмай, әділет пен ақиқаттың түзу, шындықтың хақ жолына үндеген ісімен де қастерлі. Ақын Фариза осылайша руханияттың көкжиегін кеңейтіп, мәңгіліктің дәнін болашаққа сеуіп өткен:
Жайбарақат күн кешу бұйырмаған,
Қиял қуған мен болдым «қиын» балаң.
Салқын дүние мені әбден қалтыратты –
Сәбиіңе қойыныңды аш, үйім-далам!
Құшағыңның жылуын берсең болды –
Мен әлі де талай шың, қиырды алам!
Фариза Оңғарсынованың 10 томдығының 4-кітабына 2004 жылы жазған алғы сөзін данышпан Әбіш аға Кекілбаев былай деп түйіндеген екен: «Дүние шексіз. Өмір шекті. Бұл түп қиянаттың түбегейлі есесін келте дәурен сүріп, кескекті ғұмыр кешетін тек осындай ересен талантпен, ерен өнермен ғана қайтара алмақшымыз. Ендеше, Фариза еріксіз бас идіреді. Бар бол, баһадүр сөз!». Қазақтың рухани төріне қош келдіңіз, Фариза ақын!
P.S.
Мақала жазылып болған соң екі апта өткенде Фариза Оңғарсынованың он томдық шығармалар жинағын парақтап отырып мына жолдарды кездестірдім:
«...табиғатында сәуле жоқ адамды ақын немесе композитор жасау мүмкін емес. Мұндай сәулені Жаратылыс қана береді. Сол Жаратылыс берген сәуленің үлкен алауға айналуы үшін алдында теңіздегі маяктай алыстан болса да жарқыраған бір үлгілер болуы қажет-ақ. Өнердегі ұстаздық деген сол.
Өнердің киесі әйел затына қонса, ел-жұртына жақсы. Бірақ өнер иесі үшін үлкен жүк. Ол жүктің салмағын кез келген ер көтере алмауы мүмкін».
Ұлбосын ЕСЕНБЕКОВА,
«Дарын» мемлекеттік жастар
сыйлығының иегері