Әлемдегі қазақтілді БАҚ-тың болашағы талқыланды

Әлемдегі қазақтілді БАҚ-тың болашағы талқыланды

Әлемдегі қазақтілді  БАҚ-тың болашағы талқыланды
ашық дереккөзі
Елордада «Отандастар» қорының мұрындық болуымен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел өтіп, сырттағы қандастар бір ортаға жиналған болатын. Жиынның ашылу салтанатына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев қатысты. Халықаралық дөңгелек үстел аясында тақырыптық панельдік сессиялар ұйым­дас­тырылды. Соның бірі – шетелдік БАҚ өкіл­дері бас қосқан панельдік сессия. Мұн­да журналистер арасындағы өзара ын­ты­мақтастық мәселесі сөз болды. 6 елден кел­ген 12 қазақтілді БАҚ өкілдерінің басын қос­қан жүздесуде маңызды мәселелер тал­қыға түсті. Кездесу барысында моң­ғо­лия­лық «Қазақньюс» порталы, «Шұғыла» жур­налы, «Жаңа дәуір газеті», Бай-өлке аймақ­тық радиосы, Ирандағы «Парстудей» ақ­па­раттық агенттігінің қазақ бөлімі, Түркияда 14 саны жарық көрген «Қазақ елі» журналы, Ресейде шығып жатқан «Омбы қазақтары», «Ақ арна» газеттері, сол секілді Өзбекстанда шығатын «Нұрлы жол» республикалық га­зеті, «Кенимех таңы» аудандық газеті, Науаи телерадио­компаниясы атынан кел­ген өкілдер өз ақпарат құралдарының бү­гінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Одан бөлек қазақтілді БАҚ өкілдері өздері тұрып жатқан мемлекеттердегі қандас­тары­мызды қазақ тіліндегі ақпаратпен қамту мәселесін де назардан тыс қалдыр­ма­ды. Сондай-ақ «ҚазАқпарат» халық­ара­лық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Омаров болашақта шетелдегі қа­зақ­тілді БАҚ қауымдастығын құру идеясын қолға алу қажеттігін атап айтты. Кездесуде БАҚ өкілдері өз тараптарынан түр­лі ұсыныс-тілектерін де білдірді. Мәсе­лен, Өзбекстандағы «Нұрлы жол» газетінің редакторы Ғұламзәкір Юсупов Egemen Qazaqstan газетімен ортақ меморандумға қол жеткізу арқылы ақпарат алмасуды ұсын­ды. Ал отандық ақпарат құралдары ара­сынан Egemen Qazaqstan республикалық га­зеті акционерлік қоғамы Басқарма тө­рағасының орынбасары – бас редактор Ай­бын Шағалақ сыртта жүрген әріптес жур­налистер «Егемен академиясы» арқылы та­ғылымдамадан өте алатынын жеткізді. Ал «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-прези­ден­ті Мағауия Сарбасов қазақтілді шетелдік БАҚ өкілдерінің ұсынысы негізінде қауым­дастық аясында жұмыс істеудің жоспары жа­салатынын атап өтті. Асқар ОМАРОВ, «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры (Қазақстан): – 15 жыл бұрын «Қазақпарат» елімізде бірін­ші болып латын әліпбиімен жаңалық тарата бастады. Ал 10 жыл бұрын төте жазу нұс­қасын енгізді. Осының бәрі қиырдағы қа­зақтармен байланыс орнатып, қан­дас­тарға ақпарат беру үшін жасалған болатын. Бүгінгі қауымдастық құру ұсынысы сол қа­дам­дардың заңды жалғасы іспетті. Па­нельдік сессияға 6 елден 12 БАҚ (қазақтілді) 17 өкіл қатысып отыр. Өз еліміз бен өңір­лерімізден де өкілдер отыр. Шетелдегі қа­зақ­тілді БАҚ-тардың бірігу бастамасы был­тыр шыққан. «Отандастар» қоры мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бастаманы қолдады. Осы ретте шет­ел­дегі қазақтілді БАҚ-тардың қауымдастығын құру деген идеяны ортаға салғымыз келеді. Бұл – өте қажетті және заманға сай жоба. Әлем елдеріне қарасақ, орыс, әзірбайжан, армян тілді БАҚ-тардың қауымдастықтары бар­шылық. Түркі тілдес халықтарда да бар. Сондықтан бізге де қазақтілді БАҚ-тардың қауымдастығын құрып, байланыс орнатуға болады. Бір-бірімізге осылайша қолдау білдіре аламыз. Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, «Шұғыла» журналының редакторы (Моңғолия): – Моңғолияда «Отау тв» телерадиохабар тарату жүйесі арқылы «Қазақстан» телеар­насын жайлаудағы ел көріп отыр. «Балапан» арнасы келгелі балалары дүниеге келгенде Балапан деп ат қоятындар көбейді. Қымбат Досжанды көріп, Қымбат есімді қыздар өмір­ге келуде. Мұның бәрі – ақпараттың қолжетімділігінің нәтижесі. Қазір жаңа ғасыр, жаңа технология за­маны. Ақпараттың жылдамдығына бай­ланысты әртүрлі мәселелерді ортаға сал­ға­нымыз дұрыс болады деп ойлаймын. Ең маңызды мәселе – тіл мәселесі. Тіл таным­дық деңгейге жету керек. Тіл кеңсенің немесе ұялы телефон арқылы хабарлама жазудың ғана тілі болып бара жатыр. Мұны ең басты мәселе ретінде көтеруіміз қажет. Содан кейін Моңғолия қазақтары ар­наны тамашалағанымен, онда қазақ газет­тері бармайды. Бұл – өзекті мәселе. Шетел­дегі тарихи газет-журналдарға мүмкіндік бер­се, көмектессе дейміз.   Ертолқын ГАЙРЕТУЛЛАХ, «Қазақ елі» журналының редакциялық кеңес төрағасы және жауапты шығарушы редакторы (Түркия): – Қазақ және түрік тілдерінде шығатын «Қазақ елі» журналының жарық көргеніне 4 жыл толды. Түркиядағы қандастарымыз бен Қазақстаннан келген бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетуді көздейді. Журналды Қазақстан мен Түркия арасын­дағы байланыстарды тереңдету мақсатында жарыққа шығардық. Одан бөлек басылым қазаққа қызмет ету, халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын сақтап қалу­ға өз септігін тигізеді деп сенеміз. Жур­налда «Қазақ-түрік білім және зерттеу» қауымдастығы тарапынан ұйымдасты­рыл­ған іс-шаралар туралы ақпараттар беріліп отырады. Қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауды, қолымыздан келгенше қазақ халқына қызмет еткен тұлғаларды мадақ­тау, бағалауды басты мақсат етіп отырмыз. Қазақ­тың ұлы тұлғалары туралы мақалалар журналымыздың әр санында жарық көреді. Журнал Еуропада тұратын қандастары­мызға арналған. Шетелдегі қазақтардың кейбірі қазақша түсінбейді немесе оқи ал­майды. Сондықтан да екі тілде шығатын «Қазақ елі» журналы қажеттіліктің орнын толтырып отыр деп ойлаймыз. Алдағы уақытта «Қазақ елі» журналын халықаралық деңгейге көтерсек деген ойымыз бар. Ағылшын тілінде және латын қарпінде жарық көрсе, қазақтар көп тұратын ел­дерде еркін таратар едік.   Жаппарбай ШАТКАМ, Иран радиосы қазақ редакциясының жүргізушісі және аудармашысы (Иран): – Бүгінде Иранда 6-7 мыңдай қазақ бар. Өкі­нішке қарай, Қазақстанмен мәдени байланыстар өте сирек. Тіпті, қазіргі уақыт­та Иранда қазақ мектебі де жоқ, еш­қандай білім алуға мүмкіндік те қарастырылмаған. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғалы қазақ тіліндегі газет-журнал да, кітап та келмей­тін болды. Мұның бәрі қазақ балаларының ана тілінен хабарсыз болуына ықпал етуде. Ал жастардың, әсіресе кішкентай бала­лардың қазақ тілін ұмытып бара жатқаны өте қауіпті жағдай. Бұрынғы жылдары Қазақстанмен қарым-қатынас жақсы болып, келіп-кетіп жүргеніміздің арқасын­да тілді сақтап қалуға жақсы мүмкіндік туды. Ал қазір бұл да мүмкін болмай тұр. Иранда диаспораларға шектеу көп. Қоғам­дық ұйым құруға, өз тілінде білім алу­ға мүмкіндік берілмейді. Елдің Конс­титуциясында «әр ұлт өз тілінде білім алу­ға, оқуға құқығы бар» деп жазылған, бірақ мұның бәрі қағаз жүзінде ғана. Иранда Қазақ радиосы жұмыс істейді. Бірақ оның қазақ радиосы деген аты бол­ғанымен, тарататын ақпаратының бәрі Иранның өз саясаты, өз мәдениеті. Қазақы дүниелерді тарата алмайды. Сондықтан мен өз тарапымнан балаларға қызықты, тар­тымды, алфавитті үйретіп, қазақ тілін меңгеруге септігін тигізетін тілашар бағдарламалар таратылса деген ұсынысым­д­ы білдіргім келеді.