Райымқұлова райынан қайтпапты
Райымқұлова райынан қайтпапты
Turkistan халықаралық газетінің 21 қараша күнгі санында «Райымқұлова райынан қайтып қалған жоқ па? немесе өнерпазды кім дейміз елді алдаса» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Мақалада қазіргі заманғы әншілердің фонограммаға түгелдей иек артып, өнердің құнын түсіріп, тыңдаушыны жалықтырып отырғаны айтылған. Аталмыш мақалаға қатысты Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев редакцияға хабарласып, мәселеге ресми жауап беретіндігін жеткізген. Төменде мәдениет министрлігінің жауабын жариялап отырмыз.
Табиғи өнердің тазалығын сақтау, фонограммамен ән айтудың өнерге, тыңдарман талғамына кері әсері туралы мәселені жан-жақты зерделей отырып, сауатты көтерген әрі өте орынды ұсыныстар айтқан басылымға ризашылық білдіреміз.
Министр А.Райымқұлова өз сөзінен қайтқан жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі бұған дейін мәлімдегендей, өнердегі тазалықты толық қолдайды. Бұл – құрғақ сөз емес. Осы бағытта іс жүзінде біршама жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар еткіміз келеді. Ең алдымен, министрліктің бастамасымен қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңға фонограмма мәселесін бақылауға және концерттік бағдарламаларды өткізу бойынша тиісті өзгертулер енгізу туралы заң жобасы әзірленді.
Бұл заң жобасында орындаушыларды тыңдармандарға фонограмма қолданатыны жайында ескертуге міндеттеу көзделіп отыр. Ал бұл ескертпелерді құзіретті орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі қабылдайды. Оның ішінде кез келген жарнамалық (афиша, теле-радио бағдарлама) материалдарда фонограмма пайдаланылатыны не пайдаланылмайтыны көрсетілетін болады.
Осылайша, көрермен мен тыңдарман фонограмма қолданылатын концертке бару немесе бармауды өзі шешеді. Сондай-ақ фонограммамен қойылатын концерттік бағдарламаларға белгіленетін билет бағасына да өз әсерін тигізеді, ретке келтіреді.
Сонымен қатар аталған жобада этика мәселесіне, орындаушылардың концерт кезінде сахнада өзін-өзі ұстауына қатысты да талаптар бар. Аталған ұсыныстар қазіргі таңда мемлекеттік органдар тарапынан толық қолдау тауып отыр. Ал фонограмманы толық жоюға байланысты кейбір мемлекеттік органдар тарапынан келіспеушілік бар. Дегенмен министр А.Райымқұлованың тікелей бақылауымен осы бағытта заңнамалық мәселелерді реттеу жұмыстары әлі де табанды жүргізіліп жатыр. Сіздерге мәдениетіміздің өзекті мәселелері бойынша жанашырлық танытып, сауал жолдағандарыңыз үшін алғыс білдіреміз.