Жаңалықтар

Азғындықтың алдын алуға не кедергі?

ашық дереккөзі

Азғындықтың алдын алуға не кедергі?

Соңғы жылдары елімізде балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету оқиғасы жиiлеп кетті. Ілгерiде мұндай қыл­мыстар БАҚ-та жариялана бермейтіндіктен болар, әлгiндей сорақы жағ­дайлар қоғамға мүлде жат көрiне­тiн. Ал қазір әлеуметтік желіні ашсаң да, теледидар қосып, газет-журналды парақ­та­саң да зорланған бүлдіршіндер жайлы ақпараттардан денең түршігеді. Қаны­пезер­ліктің белең алғаны соншалық, екі күннің бірінде құлағымыз шалатын мұндай жаңалықтарға етіміз өліп бара жат­қандай. Бала зорлауға қатысты ресми деректер тым қорқынышты. Мәселен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегінше, 2013-2018 жылдары кәмелетке толмаған 964 бала зәбір көрген. Бұл – бейбіт заманда өрімдей 964 баланың болашағына балта шабылды деген сөз. Үкілеп өсіріп отырған перзентінің өмі­рі қор болған ата-ананың ащы зарын биыл да көп естідік. Азғындықтың құр­баны болған балаларды қайта-қайта жіп­ке тізіп, онсыз да жазылуы қиын жараның бе­тін тырналай бергеннен түк ұтпасымыз анық. Алайда Жамбылдағы оқиғадан кейін көкейдегі көп сұрақ қолға еріксіз қа­лам алдырды. Тараздағы №6 мектептің 7-сынып оқу­­шысы талтүсте зорланды. Сабақ кезінде әжетханаға сұранып шыққан өрімдей қыз азғынның уысына тап болды. Оқушы мектептің ішіндегі әжетхана жабық тұр­ғандықтан ауладағы әжетханаға шығуға мәжбүр болған. Ата-аналардың айтуынша, мектеп маңындағы әжетханаға кім к­өрінген келіп-кетеді екен. Себебі мек­теп­тің сол қапталында ішке енетін есік бар. Әлгі қаныпезер сол жолмен келіп, жеткіншекке жәбір көрсеткен. Бейнебақылау камераларының жазбасынан оның мектеп маңын торуылдап жүргені анық кө­рінеді. Алайда бөгде адамның оғаш жүрі­сіне қауіпсіздікке жауапты қыз­мет­кердің ешқайсысы назар аудармаған. Тіпті, сыртқа сұранып кеткен оқушының сабақ біт­кенше оралмағаны да ешкімді алаң­дат­паған. Әбден азапталған оқушы өзі келіп, мұғалімге мән-жайды айтқаннан кейін ғана бүкіл мектеп аяғынан тік тұрды. 38 жастағы күдікті көп ұзамай қамауға алын­ды. Жергілікті полицияның мәлі­ме­тінше, ол 19 жыл бұрын адам зорлағаны үшін төрт жыл түрмеде отырып шыққан. Бостандыққа шыққаннан кейін ескі әде­тіне басқан азғын енді темір тордан оңай құтылмасы анық. Осы оқиғадан кейін ата-аналар жаппай дүрлігіп, мектеп басшылығын жазалау­ды талап етті. Аймақтың атқамінерлері жы­лы орындарынан өре түрегеліп, оқу­шылардың қауіпсіздігіне жауапты шенеу­ніктер қызметінен айырылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, мектеп директоры Сманова өз еркімен жұмыстан кетті. Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мәдимарова қызметінен босатылды. Жалпы білім беретін мекемелерге бекітілген кәмелетке толмағандардың іс­тері жөніндегі учаскелік инспектор, полиция майоры Рысбаев ішкі істер органдарынан шығарылды. Тараз қалалық полиция басқармасы қызметтерінің бір­қатар басшылары қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар №6 мектептің вахтері Нұршабаева, директордың құқықтық ісі жөніндегі орынбасары Өзбекова, әжет­ханаға сұранған оқушыны жіберіп, сабақ біткенше іздемеген география пәні мұға­лімі Ким, мектеп ішіндегі кезекшілікке жауап­ты қазақ тілі пәні мұғалімі Бай­құ­лова өз өтініштері бойынша жұмыстан кет­ті. Әкімдер де жазасыз қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды. Облыс әкіміне ес­керту жасалды. Жөн делік. Шенеуніктер жаппай қыз­метінен қуылды. Мектеп басшылығы мен мұғалімдер білім ошағынан аластатылды. Талай ошаққа қасірет әкелген қаныпе­зерлік осымен тыйыла ма? Әріптестерінің жаппай жазалануы бала қауіпсіздігіне жауаптылардың жауапкершілігін арттыра ма? Жаңа басшылардың келуі бала аң­дыған азғындардың торуылын тыя ма? Сауал көп. Біртіндеп қояйық.  

1-сұрақ: Мектептегі әжетхана неге құлыптаулы?

Оқиға болған мектеп шалғайдағы ауыл­да емес, облыс орталығында орна­лас­қан. Ғимараттың ішінде әжетхана бар, алай­да оқушылардың айтуынша, ол кө­біне жабық тұрады. Неліктен? Техникалық се­бептен болса, маман шақырып, жаңа жаб­дық алып, неге жөндетпеген? Әлде, ба­лалар ұқыпты пайдалана алмайды деп әдейі жапқызып қойған ба? Қарашаның қара суығында бала неге дірдектеп далаға шығуы керек? Телеарналар таратқан ви­део­лардан әлгі әжетхананың жағдайы оңып тұрмағанын ел тегіс көрді. Кез кел­ген мәселенің себебімен емес, салдары­мен күресетін ескі әдетіне басып, шенді­лер Тараздағы оқиғадан кейін еліміз бойын­ша  мектеп сыртында ор­на­ласқан әжет­ха­наларды тегіс түгендеді. Бі­лім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­ғамбетовтың есебінше, Қазақстанда әжетханасы далада ор­натылған 2 352 мек­теп бар. Мұндай мектептің 60 пайызы – Түркістан облысында, 54,6 пайызы – Алматы облысында, 44 пайызы – Батыс Қа­зақстан облысында және 43 пайызы – Қы­зылорда мен Шығыс Қазақстан облы­сын­да орналасқан дейді министр. Ай­ма­ғамбетов олардың бәрін жабуды ұсынды. Алайда қоластын­дағы­ларға нақты тапсырма бергенін, мәселені дереу шешуге шын құлық танытқанын байқамадық. «Бір күннің ішінде ешкім де жылы әжетхана сала алмайды. Шалғайда орналасқан елді мекендер бар. Дегенмен проблеманы шешу қажет» деді созбаққа салып. Осы орайда, Алматыдағы мобильді по­лиция бекеттері еріксіз еске түседі. Жуыр­да қала әкімі Бақытжан Сағынтаев олардың жұмысын тексеруге шықты. Әкім бар­ған алты бекеттің біреуінде ғана полиция қызметкері болған. Қалғандары бос: полициясы жоқ мобильді полиция бекеттері. Кезекті көзбояушылық. Сонда кімді алдаймыз?  

3-сұрақ: Мемлекет азғындарды қашанғы асырайды?

 Қазақстанда 4 пен 13 жас аралығын­да­ғы балаларға зәбір көрсеткен 126 педофил сотталып, жазасын өтеген соң бос­тан­дыққа шыққан екен. Құқықтық ста­тис­тика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің порталында олардың электронды картасы жасақталған. Онда педо­филдердің аты-жөні, түрі (фотосы), қай өңірде тұратынын бәрін көруге болады. Таңғаларлығы, педофилдердің көбі мерзімінен бұрын босатылған. Қорқыныш­ты­сы, түрмеден шыққаннан кейін олардың тағы да бала зорламайтынына кепілдік жоқ. Тараздағы өрімдей қызды зорлаған қаныпезер мұндай азғындықты осыдан 19 жыл бұрын да жасағанын жоғарыда айт­тық. Демек, педофилдерге өлім жазасын сұраған ата-аналардың жанайқайын жеке бастың қасіретінен туған зар емес, әр­­біріміздің үйімізде өсіп келе жатқан бала атаулының қамсыз бүгіні, баянды бо­лашағы үшін шыңғырып шыққан шындық деп ұққан жөн болар. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғаны белгілі. Қоғамның нара­зылығынан кейін өткен жылдың 1 қаң­тарынан бастап педофилдерді хи­мия­лық жолмен кастрациялау қолға алынды. Биыл бала зорлағаны дәлелденген 88 қылмыс­керге, келесі жылы 71 зорлаушыға химия­лық кастрация жасалады. Биыл бұл мақ­сатқа 11 млн теңге бөлінген. Ал өткен жы­­лы азғындарға дәрі егу үшін мемлекет қазынасынан 9 млн теңгеден аса қаржы бөлініпті. Мамандардың айтуынша, сотталушы педофилге жыл бойы 26 укол салынады екен. Ал бір препараттың ба­ғасы – шамамен 4 000 теңге. Демек, ұл-қызы­мыздың болашағына балта шапқан бір адамға жылына 127 мың теңге шығын­да­лады. Одан бөлек, оларды күнделікті асырау шығыны бар. ІІМ Қылмыстық ат­қару комитеті таратқан мәліметке сүйен­сек, сотталған және тергеуге байланысты қа­малған адамды асырау үшін тәу­лігіне – 2,4 мың теңге, жылына 876,9 мың теңге жұм­салады екен. Осы орайда, педофилдерді өмір бойы ауыр жұмысқа тарту тетіктерін заңмен бекіту керек се­кілді.