Отандық кинематография мәселесі
Отандық кинематография мәселесі
Nur Otan партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. «Қазіргі отандық кинематография саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында өткен отырыста кеңес мүшелері қазіргі киноиндустрияның дамуы мен кемшілігі, отандық фильмдердің прокатқа шығуы, кинотеатрларда көрсетілуі, дубляж мәселесі сияқты ауқымды проблемалар талқыланды.
Жиында «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Тілеуханның кіріспе сөзімен ашылды. Талқы кезінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, блогер Өркен Кенжебек, «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, публицист Алдан Смайыл, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, «Qazaqstan» РТРК» АҚ таңғы бағдарламалар дирекциясының жетекшісі, тележүргізуші, TV продюсер Әйгерім Есеналиева баяндама жасап, кинематография саласындағы мәселелерді атап көрсетті. Спикерлер субтитрлік мәтіндердегі грамматикалық қателерді, аударманың дұрыс берілмеуі сияқты олқылықтарды ашынып айтты.
Қазақстан киноөнеркәсібінде фильм жарнамасының өте нашар дамығаны тілге тиек болды. Жиынға қатысқан режиссерлер мен кинотанушылар тарапынан «Фильм шыққанға дейін жұрт билбордтарды, тіркемелерді, клиптерді және т.б. көруі керек. Жарнамалау кинотеатрдың ақысына әсер етеді. Әлемде киноны ілгерілету үшін олар фильм шығаруға тең пропорцияда бюджет салатыны бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Заңдық норма аясында осы мәселені де қарастыру керек» деген сыңайдағы ұсыныстар білдірілді. Еске сала кетейік, 2019 жылдың 3 қаңтарында «Кинематография туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданған болатын. Аталған заң шеңберінде фильмдердің құқық иеленушілерін және прокаттау компанияларын, яғни ұлттық фильмдерді прокаттау кезіндегі кинотеатрларды корпоративтік табыс салығынан босату нормасы қарастырылған.
2019 жылғы 15 наурызда «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ құрылған. Орталық ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобалар мен ұлттық фильмдерге мемлекеттік қаржылық қолдау ұсынудың және кинематография саласындағы субсидияларды төлеудің бірыңғай операторы. Жиын соңында «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері ұлттық фильмдерді түсіру үшін тарихи оқиғалар мен тұлғалардың тізімдерін даярлау мәселесін қолдады.
Елдос НҮСІПҰЛЫ