Бесікпен бірге әлемді тербеткен ақын-ана

Бесікпен бірге әлемді тербеткен ақын-ана

Бесікпен бірге әлемді тербеткен ақын-ана
ашық дереккөзі

(Егеухан Мұқамәдиқызы туралы)

Ақын қалам ұстаса – Ақиқат арқырайды. Ақын қалам ұштаса – Жан жайқалады. Ақын қалам тербесе – Ар сөйлейді. Ана қалам ұстаса – Мейірім сөйлейді. Ана қалам ұштаса – қалам ұшынан Қайырым нұры шашырайды. Ана қалам тербесе – ғалам да бірге тербеледі! Мына жалғанға ақын болып келіп, ақын болып қалу – екінің біріне бұйырмаған бақ. Ал ақын болып қана қалмай, алтын жүректі Ана болу одан да асқан Бақыт! Ана бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді дейміз. Ал жай ғана Ана емес, ақын жүректі Ана әлемді де, бесікті де қатар тербете білсе, ұлтты ұлы болашақ күтіп тұр деген – сол! Еліне елеулі ақын ана Егеухан Мұқамәдиқызы – дәл осындай адамдардың бірі. Өйткені ол өз тағдырын өлеңмен өріп, жырмен жайқалта білді. Айтысты да, жазба ақындықты да қатар ала жүріп Кәптей (Кәп Құмарұлы) ақынға жар бола білді. Алтын құрсағына он бала бітіріп, Махамбетше жырласақ, «онын да атқа мінгізіп, жер қайысқан қол қылды». «Алып анадан туады» дейміз. Ал ақын-ананың өзегін жарып шыққан сол онның ішінде бүгінгі әдебиетте ақындықтың алдаспанындай жарқырап Дәулеткерей жүрсе, журналистиканың ақ тұйғынындай болып Есенгүл жүр. Егеухан сонау 1989 жылы, Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып-ақ, Халықаралық ақындар айтысына келіп, ел-жерді, халықтың ыстық ықыласын көріп-біліп кеткен болатын. Сосын еліміз тәуелсіздік алысымен жұбайы Кәппен, бала-шағасымен бірге алғашқылардың бірі болып көшіп келді. Қазір Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында өмір сүріп жатыр. Егеухан Мұқамәдиқызының шығармашылығынан туған жерге деген тұнып тұрған сағыныш, Отанға оралу кезіндегі айтып жеткізгісіз зор қуаныш сияқты сезімдер сел болып ағып жатады. Көшіп келдім, ағайын, көшіп келдім, Айқара ашты құшағын іргелі елім. Өзің шашқан тарының талшығымын, Топырағында дән алдым басқа жердің. Көшіп келдім өзіңе, көшіп келдім, Атажұртқа асығып, ұшып көңілім. Жел аударған қаңбақтай тағдыр айдап, Өлмеу үшін өзгеден нәсіп тердім, – дейді ақын «Көшіп келдім» деген өлеңінде алғаш атамекенге оралғандағы сезіміне ерік беріп. Алыстан аңсап жеткен атамекен әркімге де ыстық қой, шіркін! Алайда ақылы мен санасы, жүрегі мен наласы, шабыты мен шабысы жыр тілінде буырқанып-бұрсанған ақынның сезімін осындай өлең ғана жеткізе алса керек. «Көшкен елдің көңіл-күйі» атты өлеңінде: Көштің, көңілің қозғалды ма?! Жұмыр басты пендесің. Өткен күннен із қалды ма, Қимай тұрды жерлесің... ...Қайырылып қарай бердің, Дәл өзіңнен кетті ырық. Көшкен елдің көңіл-күйін, Тереңірек ұқтырып, – деп, Атажұртқа көшкен ел мен Алтайдың арғы жағында қалған елдің аласұрған көңіл-күйін тап басып білдіреді. Иә, бұл да бір алмағайып заман болды. Әрине, кезіндегі «байтал түгіл бас қайғы» болып босып кеткен қаралы көш емес еді бұл. Дегенмен бейбіт күнде бірі алып таудың ар жағында қалып, енді бірі бер жағына өткенде, алыс-жақын ағайынның, туып-өскен ауылың алыста қалып бара жатқанда қалай ғана сай-сүйегің сырқырамас?! Қош, сонымен Егеухан ақын атажұртқа көшіп келген соң да, өзі қоныстанған Шығыс Қазақстанның көркем табиғаты мен көрікті адамдарын жырға қосудан еш талмады. Армысың, Үржар халқы, қандастарым, Өнердің жарқылдатып алдаспанын. Тарихыңнан тағылым таныр ұрпақ, Қарияң да ұлағат, жас та жалын, – дейді тебірене «Үржардың мекендедім Көкөзегін» атты өлеңінде. Жалпы, қазақта «Туған жердің қадірін жат елде жүріп білерсің» деген сөз бар. Егеухан ақын атажұрттың қадірін бір адамдай білетін жан. Туған жері Моңғолия болса да, ата-бабасының сүйегі қалған қасиетті қазақ топырағы көкірегі ояу, көзі ашық кез келген қазақты өзіне тартатыны анық. Сондықтан да Егеухан Мұқамәдиқызының көптеген жырлары дәл осы атамекенге арналған. Оның «Тарбағатай» атты толғауы осы сөзімізге мысал бола алады. Тарбағатай, таныс болып тасыңмен, Сымбатыңа, сырласуға қойдым ден. Маужыраған қойның толы сыр, дастан, Жастайымнан жаным сырға жерік ем, – дей келе, осынау бір киелі өлкенің өткеніне көз жүгіртіп, қазыналы тарихын бір қазып шығады да: Көгілдір Ту, көгімде өрлеп Әнұран, Қазақ елін әлем елі таныған. Шерменделер шеру шекті шеттегі, Әйгіленген Елтаңбаға табынған, – деп бүгінімен қоса жырға тізеді. Әрине, атажұрттың аты бір бөлек, дегенмен кез келген адам үшін кіндік қаны тамған туған жер де өзінше ыстық болатыны әмбеге аян. Егеухан ақынның да осы екі тұғырын тең көріп, қай-қайсысын да қатты қастерлейтінін жырларынан көреміз. Алайда тағдыр айдауымен тарыдай шашыраған қазақтың атажұртта бас біріктіріп, жарқын болашақ жолында тастүйін бірігуі кезек күттірмейтін мәселе еді. Осындай қиын таңдаудың құрсауында қалған ақынның жүрегі туған жерімен қимай-қимай қош айтысады. Егеухан «Еркемін, егіз шыңға ұя салған» атты өлеңінде осы сезімін жырымен жеткізеді де. Еркемін, егіз шыңға ұя салған, Қарманғанда халықтан қуат алғам. Цамбагарав саясы мені ұшырса, Алатау қойнын ашты мұрат-арман, – дейді ақын туған жерін ыстық ықыласымен еске алып. Цамбагарав қайнары – анам сүті, Тал бойыма дарыған таудың құты. Дүниеге келіппін қойыныңда, Кіндік қан тамған Олоннуур, Шұңқыр жұрты. Міне, осындай таудың баурайында туып-өскен ақын қыз Моңғолия қазақтары арасында танымал болған әрі ақын, әрі атбегі Кәп Құмарұлымен тағдыр сабақтастырып, он баланы дүниеге әкеліп, бүгінде айтулы ақын ғана емес, асыл ана, абзал әже болып отыр. Иә, бізді тәнті еткен ең негізгі қасиет те осы. Яғни ақындық арынын да бәсеңдетпей, журналистік қызметін де тастамай бірге ала жүріп, 10 баланы өсіріп-жеткізу кез келген әйел затының қолынан келе бермейтін ерлік. Ақын бір сөзінде бұл жайында Фариза Оңғарсынова да сыр қып айтқанын еске алады. Сол туралы Фаризаға арнаған өлеңінде де жазған екен. Заман дауыл, тықсырған тығырыққа, Шетін, шемен, шер шегіп, жүрдің сыртта. Әйелдік бес парызын әйдік өтеп, Өлең көшін жеткіздің атажұртқа. Жақсы кепсің, жарыңмен өмір серік, Еміренткен емшекті балаң – көрік. Салт-дәстүр, діл-тіліңді таза сақтап, Ақындықпен алдаспан өлең өріп, – деп, Ф. Оңғарсынованың айтқан сөздерін өлеңмен өреді. Қарап отырсақ, Фариза ақынның Егеухан ақынға айтқан сөздерінен терең сыр, тәрбиелік мән-мағына көруге болады. Өйткені әйел адамның ең басты міндеті өмірге ұрпақ әкеліп, бала тәрбиелеу емес пе? Осы міндетін адал атқарған Егеухан балаларын өсіріп-жеткізіп қана қоймай, қазақтың қара өлеңімен тәлім-тәрбие де берді. Қиын кезде демеу боларлық, жолайрықта нұсқау боларлық жыр-өсиет, өлең-өнеге қалдырды. Фариза апамыздың «Әйелдің бес парызын әйдік өтеп» деп отырғаны да осы болса керек. Егеухан ана болудың мәнін де терең түсінген ақын. Ана асар алты кезең, алпыс қырдан, Ана жаны жаралған жақұт нұрдан, Ана жолы күдірлі, иірімі мол, Там-тұмдап таратайын терең сырдан, – дей келіп, қыз баланың өмірге келгеннен бой жетіп, жар сүйіп, жас ана атанған, одан кейін ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, бес парызын өтеген, асыл ана атанған шағына дейінгі өмір жолын жырға тізеді. Ал қызына жат жұртқа келін болып барарда айтқан ана өсиеті ретіндегі өлеңі құтты бір келін тәрбиелеудің әліппесі дерсің. Онда көшпелі өмірімізге байланысты келін қандай міндет атқару керек, қалай жүріп-тұру керек дегеннің барлығы тәптіштеп айтылады. Жас келін – қолға түскен көк кептері, Өмірдің игереді ылди, өрі. Қит етсе, дейді «Келін аяғынан...» Тұс-тұстан қадалады сын семсері... ...Келіннің ілтипаты қабағынан, Шын ықыласпен жасаған тамағынан... ...Әйел жолы жіңішке, жаны нәзік, Ілтипатты ізгілік – жаныңа азық. Әйел – өмір негізі, бірлік-тірлік, Отбасының ұйытқысы, темірқазық, – деген үзінділерден ақынның қоғамдағы әйел рөлін қаншалықты жоғары бағалайтыны байқалады. «Бодандық жайғаннан соң керегесін» деген өлеңінде әйелді бұзатын істер туралы толғап, бодандықта болып, ата-баба жолынан адасқан ұрпақтың сорақы қылығын да сын садағына алады. Бодандық жайғаннан соң керегесін, Ерлермен басталды әйел ерегесі. Ерлерше шашын қиып, бөрік киіп, Шалбарланып, құнтиып жөнегесін. Ананың ескерілмей ғибраты, Келімсектің уытты жұқты таты. Құрту үшін тұяқтың тұқым тегін, Жатырда жандандырмау ғаламаты, – деп ашынған ана бүгінгі кейбір қыз-келіншектердің жаһандануға желігіп, жезөкшеге айналып кеткеніне жаны күйзеледі. Міне, осылай өсімнен сиреп кеттің, Сонырқалы сояулық сойқан екпін. Бала тұр ғой арыңды саудаға сап, Жезөкшелік жиіркеніш күйге жеттің, – деп мұңаяды. Жалпы, ақынның шығармашылығын­дағы «Қашан қазақ боламыз», «Ана сөзі – аманат», «Күрмегенге жетсе тұтам қысқа жіп», «Адал болсаң», «Тынымсыз талғампаздық», «Адалдықтан аздырған», «Халық қалай өседі» және тағы да басқа ойлы да ғибратты жырларында қазіргі қазақ халқының шылым мен ішімдікке әуестігі, жастар арасындағы нашақорлық, тәнін сату, көшеде көпшілік көзінше сүйісу, кіндігін жарқыратып, ашық-шашық, қалай болса солай жүру, қыздарымыздың өзге ұлт адамына тұрмысқа шығуы сынды келеңсіз жайттар кеңінен толғанып, тереңнен жырланады. Бұл сарындас өлеңдердің өзегінде өкініш-мұң, қайнаған зығырдан, қазақы салт-дәстүрге, елдікке үндеген поэтикалық өсиет, үлгі-өнегелік өрімдер молынан кездеседі. Биыл жетпістің бесеуіне шығып отырған ақынның соңғы жазған өлеңдерін оқып отырсақ, Абайдың «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген терең ойларына сүңгіп шыққандай күйде қаласың. Мәселен Мұқамәдиқызының «Осы мен: өлімін бе, тірімін бе?!» деген өлеңінен көпті көрген, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, өмірге кейуаналық көзқараспен қарай бастаған ақынды көреміз: Осы мен: Өлімін бе, Тірімін бе?! Санатында жоқпын-ау, бірінің де. Тоқтау суда торыққан аққайраңдай, Қорқамын «қор» қармаққа ілігуге... ...Осы мен: Өлімін бе, Тірімін бе?! Өліара шақта екенім білінуде. Дегендей, «Аю атқан қара мылтық», Құлақ түрем өмірдің гүріліне. Осы мен: Өлімін бе, Тірімін бе?! Ірілердің бірі едім тірі күнде. «Жүрекке әжім түспейді» Ол рас сөз, Қызығам қызықты өткен тірі күнге... – деп тебіренеді. Бұл өмірден түңілу ме, жоқ әлде жастық дәурені қызық-қуанышпен, елі үшін, халқы үшін талмас еңбек, жанталаспен өткен ақынның лирикалық шегінісі ме? Біздіңше, екіншісі. Өйткені Егеухан апай өзін мұқалмас рух пен намыстың, өжеттік пен қайраттың адамы екенін талай рет дәлелдеген жан. Бүгінде үлкен бір әулеттің анасы болып отырған ақынның әлі талай асқаралы асулардан асып, немере-шөберелерінің ортасында ақ әже болып отыра беретініне сенімдіміз. Оған Егеухан Мұқамәдиқызының: Пай-пай жүрек, Жетпіс бес жыл жасадың, Жүрегі емес едің-ау тым осалдың. Пендеміз ғой, досым көп, қасым да көп, Доспен шалқып, Дұшпаннан сен өш алдың. Пай-пай жүрек, Жетпіс бес биік белес, Көз алдыма келеді өмір елес. Ыстық-суық, Бар мен жоқ тайталасын, Елемейтін шын болат темір емес. Пай-пай жүрек, Жетпіс бес бұл шағыңда, Дамылдасаң, түспейін қыр соңыңа. Тәубә, тәубә! Тәңірге табынамын, Жетпіс бес құтты болсын ұрпағыма, – деген жолдары куә!  

Әбуасқар Мекешұлы, Астана қаласы