Бейжің Вашингтонды Қытайдың ішкі ісіне араласты деп айыптады

Бейжің Вашингтонды Қытайдың ішкі ісіне араласты деп айыптады

Бейжің Вашингтонды Қытайдың ішкі ісіне араласты деп айыптады
ашық дереккөзі

Қытай Құрама Штаттарға және бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан бірқатар үкіметтік емес ұйымдарға санкция енгізді, деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі. 

Олардың арасында "Human Rights Watch" және "Freedom House" ұйымдары да бар. Қытай билігі бұл ұйымдарды Гонконгтағы акцияларды қолдап жатыр деп айыптайды. Қытайдың сыртқы істер министрлігі Вашингтонды "жауапсыз іс-әрекетін айыптап, Бейжіңнің ішкі ісіне қол салды" деп сынады. Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Гонконгтағы демократияны және адам құқықтарын қорғауға бағытталған екі заңға қол қойған. Бұл құжаттарға сәйкес, "АҚШ мемлекеттік хатшысы бұл өлкедегі адам құқықтары туралы кемінде жылына бір рет баяндама жасап тұруы керек" деген жолдар бар. Егер Вашингтон Гонконгта жеткілікті деңгейде адам құқықтары сақталмайды деп санаса, онда сауда-саттықтың бірқатар түрлері тоқтатылып, жекелеген адамдарға санкция енгізілуі мүмкін. Бұдан бөлек Гонконгқа полиция жабдықтарын және техникалық жабдықтарын экспорттауға тыйым салған. Осыған байланысты Қытай билігі дүйсенбі күні америкалық әскери кемелер мен ұшақтардың Гонконгқа баруы туралы өтінішін қарауды тоқтатты.