3 Желтоқсан, 08:13 233 0 Руханият Анар ЛЕПЕСОВА

Түркі тілдес елдердің 2020 жылғы мәдени астанасы белгіленді

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Қырғыз елінің Ош қаласында өткен Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымы Мәдениет министрлерінің 37-отырысына қатысты. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ведомствоның мәліметінше, шара барысында Нұрғиса Дәуешов ақын, қоғам қайраткері Абайдың 175 жылдығын атап өтуге арналған жобаны таныстырды. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов пен өзге де ұйым мүшелері таныстырылымнан соң 2020 жылды түркі тілдес елдерде ұлы ақынның мерейтойын атап өтуді бір ауыздан қолдады. Сондай-ақ, министрлер осы жылы бауырлас мемлекеттер арасындағы мәдениет, өнер саласындағы байланыстар жайын талқылады. Отырыс барысында 2020 жылы түркі елдерінің мәдени астанасы болып Өзбекстанның Хиуа қаласы белгіленді.

Іс-шараға Қырғыз елінің Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманқұлов, Ош қаласының мэрі Таалайбек Сарыбашев, Түркия Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Нәдір Алып Аслан, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Рафиг Байрамов, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Камола Акилова, Түркіменстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Гурбанмұрад Мырадалиев, ТҮРКСОЙ ұйымы елдеріне қарасты мемлекеттерден келген өзге де мәртебелі қонақтар қатысты.

 

Соңғы жаңалықтар