Алматы әкімі қаладағы мұз айдындарының дайындық барысын тексерді
Алматы әкімі қаладағы мұз айдындарының дайындық барысын тексерді
Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы мұз айдындарының дайындық барысын тексерді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл қыста қалада төрт тегін, яғни «әлеуметтік» мұз айдындары ашылады. Атап айтқанда, 28 панфиловшылар саябағында, Тұңғыш Президент бағында, сондай-ақ Наурызбай мен Түрксіб аудандарында, «MART» ойын-сауық орталығында іске қосылады.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев дайындық жұмыстарының барысын тексеріп, мұздың сапасы мен ілеспе сервис инфрақұрылымын дұрыстау жөнінде бірқатар ескерту жасады. «Мұздың сапасын ретке келтіріп, конькиді жалға беру мен тамақтанатын орындарды дұрыс жолға қойып, демалу орындары мен санитарлық аймақтарды ойластыру керек. Мұз айдыны кез-келген жастағы келушілер үшін қауіпсіз және ыңғайлы болуы тиіс», — деп мердігер компания өкіліне айтқан қала әкімі Б. Сағынтаев «әлеуметтік» дегеніміздің сапасыздық емес екенін тілге тиек етті.