Жаңалықтар

Мешіттегі намаз үстінде "Әминді" дауыстап айтқан азамат жазаланды

ашық дереккөзі

Мешіттегі намаз үстінде "Әминді" дауыстап айтқан азамат жазаланды

Атырау қаласында үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған Салауат Досмұхановқа  505 000 теңге айыппұл салынды, деп жазады Kazislam.kz. Бұдан бір жыл бұрын әкімшілік жаза қолданылған С.Досмұханов араға бір жыл салып мешіттің тәртібін тағы да өрескел бұзған. Яғни, биылғы 28 қыркүйек күні  20 сағат 45 минут шамасында Атырау қаласы, "Иманғали" орталық мешітінінің тәртібіне бағынбай, "Құптан" намазы үстінде имамның ғибадат ету тәртібін сақтауға шақырған сөзін тыңдамай, оған қарсы шығып, "Әмин" сөзін дауыстап айтқан. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Республикалық ислами діни бірлестігі мешіттерінің ішкі тәртіп ережесіне» сәйкес, мешітке келушілер Ханафи мазхабына сай құлшылық жасауға, намаздағы "Әмин" дұғасын іштей айтуға міндетті екенін біле тұра, намазға ұйыған мешіт жамағатының тыныштығын бұзған. Намазда имамның артында бірінші қатарда тұрып "Әмин" сөзін дауыстап айтқан С.Досмұханов  өзіне ескерту жасаған мешіт қызметкерлеріне дөрекі мінез көрсетіп, айқайлап сөйлеп, олармен жағаласып, алысқан. Сот отырысында С.Досмұхановтың кінәсі мешіттің бейнежазбасы және  жанында намазда тұрған адамдардың куә болуымен толығымен анықталды. Куә болғандар оның мешіттің ішкі тәртібін үнемі осылай бұзатынын айтты. Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Салауат Досмұхановты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 490-бабының 8-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны бойынша кінәлі деп танып, қызметке тыйым сала отырып, оған әкімшілік жаза ретінде 505000 (бес жүз бес мың) теңге әкімшілік айыппұл салуға шешім шығарды.