Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры: Жастықтың жігерін жақсы арнаға бұру маңызды

Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры: Жастықтың жігерін жақсы арнаға бұру маңызды

Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры: Жастықтың жігерін жақсы арнаға бұру маңызды
ашық дереккөзі
  Деректі кино өнерінің көшбасшысы Ораз Әбішевтің 100 жылдық мерейтойына орай «Тұран» университеті Қазақстанда тұңғыш рет Халықаралық деректі кино фестивалін өткізбекші. Осы бастамаға орай университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман АЛШАНОВпен өткізілген сұхбат келелі әңгімеге ұласты. – «Сырт көз – сыншы» дейді. Сіздіңше, кино өнерінің қалыптасу үр­дісі қандай бағытта дамып жа­тыр? – Тұңғыш рет 1895 жылы 28 желтоқсанда Париж қаласында ағайынды Люмьердің арнайы кино көрсетілімінің өткеніне биыл 120 жыл толды. Осы айтулы күн әлемдік кинематографтың тарихында өзіндік орнын айқындады. 1908 жылдың 15 қазаны Ресей елінде «Понизовая вольница» фильмінің алғашқы көрсетілімі арқылы кино өнерінің тууы болып тарихта қалса, қазақ жерінде Әліби Жангелдиннің шетел аралаудағы ұзақ сапарынан кейін, Жапониядан әкелген киноаппараты арқылы Торғай өңірінде фильмдер көр­сетіп, жергілікті халықтың сауа­тын ашуға ықпал жасаған алғашқы қадамына биыл 101 жыл болды. Бүгінде 120 жылдық тарихы бар әлемдік кинематографтың жетістіктері таң­қаларлықтай. Өзгерістер өте көп. Өнердің ішін­де кино саласының мүмкіндігі зор. Бұл өнер түрінің негізінде өмір философиясының басты құндылығы жатыр. Бір фильм тұтас өмірдің мағынасын қамтуға қауқарлы. Кино өнері синтездік қасиетке ие. Оның құрамына барлық өнер түрлері топтастырылған. Осы рухани күштің қауқарын түсінген шығармашылық тұлғалар кино өнерін жаңа деңгейге көтере білді. Бүгінде әлемдік кинематографта таңқалатын таңғажайып идеялар жүзеге асып жатыр. Таңдаулы фильмдердің астарынан адамзаттың келешегіне қатысты көптеген тың ақпараттарды оқудың мүмкіндігі бар. Келешекте осы визуальды өнердің арқасында виртуальды өмір сүру дәстүріне жол ашылатын құбылыстар туындайды. Жаһанданудың жаңа есігі ашылмақ. Бұл бізді алға жетелейтін армандардың кілтін тапқан өнер түрі. Өкінішке қарай, біздің отандық кинематографта осы жаңашылдық үрдісіне ілесу қарқыны тым баяу. Бұл біздің шығармашылық тұлғалардың қабілетімен байланысты. Көштен қалып қоймау маңызды. Түпнұсқалы идеялар керек. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жүзеге асырылып жатқан жоба экран өнері арқылы тарихымызды қайта жаңғырту мақсатындағы жаңа деңгейдегі жетістік. Бұл жобаға мемлекет үлкен қолдау көрсетуде. Алайда кино саласындағы әрбір киногер осындай үлкен қадамды өз тараптарынан жасайтын уақыт келді. Тарихи тақырыптан да бөлек заманауи өзгерістерге ерекше көңіл бөліп, адамзаттың табиғатындағы әлі де ашылмаған тылсым құбылыстарға ғылыми ізденіс тұрғысынан болжам­дар жасау көкейкесті болмақ. Жастардың әлеуметтік мәселелер­дің көлеңкелі жақтарын қамтыған тақырыптарды қазбалап, айналшықтай бермегені абзал. Жастықтың жігерін жақсы арнаға бұру маңызды. Ізденіс адамды ойлаудың жаңа деңгейіне көтереді. Олардың өнердегі алатын жаңа белесі елдің мәдени өміріне үлкен серпіліс әкеледі. Жастарымыз Оскар сияқты кино сала­сындағы беделді жүлделерді өзге елдің киногерлері біздің мемлекетімізден алуға ұмтылатындай ауқымды жобалардың негізін қалап үйренуі керек. Нобель сыйлығының атын ауыстыратындай айтулы тұлғалар бізде де бар. Осындай қадамдарды жүзеге асыруға жастарымыз жүрек­сін­беуі қажет. Әлемдік деңгейде беделімізді арттыратын жобаларды қолға алатын уақыт келді. Тәуелсіз мемлекеттің жастары өзге елдің кинофестивальдерінде мойындалуға ғана телміріп, тәуелді болмауы керек. рахман – Отандық киноөндірісінің көр­сет­­кіштері нәтижелі деп ойлайсыз ба? – Соңғы жылдары Қазақстанның киноөндірісінде едәуір өрлеу нышандары бар. Халықтың киноға деген қызығушылығы жоғары. Бұл көрсеткішті мынандай нақты деректерден көруге болады. 2002 жылды алып қарасақ, киноға 2,8 млн. адам барса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 12,8 млн., оның ішінде Алматы қаласы бойынша 1,2 млн. адам. Осы мақсатты жүзеге асыруда кинотеатрлар жүйесін дамыту да жолға қойылған. Оның саны 96, соның ішінде Алматыда 23, ауылдарда 17-ге жеткен. Бұл кинотеатрлардың 249 кинозалы, оның ішінде Алматыда 96 зал бар. Кино көрсетілім 2002 жылы 69,6 мың болса, 2014 жылы 537,8 мыңға жеткен. 116 мекеме осы саламен айналысса, оның 68 жеке, 43 мемлекеттік және 5 шетелдік болып табылады. 2014 жылдың кино көру қоры­тын­дысы бойынша 12,8 млн. адам көрген АҚШ-тың фильмдерін көруге 6,8 млн. келсе, Ресей 1,6 млн., Қазақстан 1,06 млн., Франция 288,5 мың, Ұлыбритания 88,9 мыңды құраған. Бұл көрсеткіш қазақ киносы үшін үлкен жетістік. 2002 жылдары бұл көрсеткіш іс жүзінде нөлдік дәрежеге тең болған. Қысқа мерзімнің ішінде және қатаң бәсекелестік жағдайында 10 пайыз деңгейіне көтерілу оңай шаруа емес. Киноөндірісінің жетістіктері түсірілген фильмдердің санының артуымен де байланысты. 2014 жыл бойынша 347 фильм түсірілген, оның құрамында 269 қысқаметражды, 77 толықметражды, 202 деректі және 53 анимациялық фильмдер бар. Фильмдер тек Алматыда ғана түсірілмейтіндігін ерекше атап өту қажет. 2014 жылы Алматыда 245 фильм түсірілсе, Астанада 68, Шымкентте 23, Шығыс Қазақстан облысында 11 фильмнің түсірілімін құрайды. Түсіру жұмыстарымен 31 мекеме айналысқан. Киноның қаржылық жағының көрсеткіші де назар аударарлықтай. Егер 2002 жылы 69,6 кино көру үшін көрермендер 654,3 млн. теңге төлесе, 2014 жылы кинотеатрлар 537,8 мың көрерменнен 12,3 млрд. теңге, соның ішінде Алматыда 5,1 млрд. теңге табыс тапқан. Салыстырмалы талдау нәти­же­лері алматылықтардың да орташа фран­цуз бен америкалықтар сияқты киноға баратындығын айқындайды. Алдағы уақытта арнайы кино маман­дары кинотеатрлар жүйесіндегі бағ­дарламалардың 50 пайызын отандық кино өнімдермен толтыру, көрермендердің қалауы мен қызығушылығын талғамы жоғары туындыларымен өтеу, көркемдік сапа деңгейін арттыру мақсатында белсенділігін арттырса, ұлттық кинематографтың бағындырар белестері көп болмақ. – Университет тарапынан кинофестиваль ұйымдастыру батыл да жақсы бастама. Жобаны жүзеге асы­ру жұмыстарына тоқталып өтсеңіз... – Белгілі киногер Ораз Әбішевтің 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіледі. Осы төңіректе әртүрлі мәдени шаралардың ұйымдастырылуына белсенді түрде атсалысып жатқан ұжым арнайы бағдарлама қабылдады. Ораз Әбішев атындағы қор құрылды. «Тұран» университеті, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-сы, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті кино факультетінде оқитын талантты студенттерге Ораз Әбішев атындағы арнайы стипендия тағайындалуда. Режиссердің туған жері Семейде арнаулы мектеп пен көшеге Ораз Әбішевтің есімін беру іс-шарасы да қамтылуда. Ел тарихынан сыр шертетін, арнайы деректерді негізге алған таңдамалы фильмдерінің қорын жасау жұмыстары да жоспарда бар. «Тұран» университеті О.Әбішев атындағы Халықаралық деректі кино фестивалін 2016 жылдың сәуір айында өткізуді жоспарлап отыр. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын деректі кино өнеріне арнап, оның негізін қалауға алғашқылардың бірі болып атсалысқан режиссердің есімін кинофестивальмен байланыстырып, жыл сайын жастардың санасында жаңғыртып отыруды әділдік деп санаймын. Университетте кино­фестиваль жұмысының жаңғыруы кино саласы бойынша білім алып жатқан жастарымыз үшін тәжірибелік тұрғыдан мүмкіндіктерін арттыруға айтулы үлес болады. – Ұлттық деректі кино өнерінің негізін қалаған киногердің шығар­ма­шылық жолын танымдық тұр­ғыдан қалай бағалайсыз? – Ораз Әбішевтің әрбір туындысы бүгінгі күнде экран өнерінің баға жетпес шежіресіне айналуымен құнды. 70-тен астам фильмдері мен 300-ге жуық киножурналдары қазақ киносының қорына қосылған теңдессіз еңбек. Халқымыздың таңдаулы тұлғалары Абай, Қажымұқан, Дина Нүрпейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаевтардың өмірлік жолын зерттеп, кинотаспаға жазып қалдырды. Режиссердің «Халық таланттары», «Қазақ жерінде», «Апа», «Бір хаттың ізімен», «Тарихпен тілдесу», «Абсент», «Тастағы таңбалар», тағы да басқа көптеген тақырыптарды қамтыған деректі фильмдері республиканың қалыптасу кезеңдерінен таптырмас бағалы деректер береді. Бұл кинотуындылар болашақта еліміздің өткенін танып-білуде маңызды материалдар болып табылады. Ораз Әбішевтің кино әлеміне келу жолы да қызықты деректерге толы. 1916 жылы Семей өңірінде дүниеге келген Ораз аға жастайынан өнерге жақын болып өскен. Ол уақыттарда елдің келешегіне алаңдаған айтулы тұлғалар әр аймақты аралап жүріп, дарынды жастарды іздеп-тауып, олардың білім алуына жол ашып, қолдарынан келген барлық мүмкіндікті жасаған. Осындай мақсатта елді аралап жүрген Әди Шәріпов Ораз ағаның бойынан өнерге деген ерекше қабілетін байқап, Семейден Алматыға оқуға алып келеді. 1936 жылы Ораз Әбішев Қазақ Музыка театрының жанындағы екі жылдық актер мамандарын даярлайтын мектепке қабылданады. Кейіннен Алматыдағы Қазақ музыка театрының белді әншісі болған. Сахнада Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов сынды өнер тарландарымен бірге опера қойылымдарында әртүрлі рөлдерді сомдаған. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, көп ұзамай, 1938 жылы Ашхабадта өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне барған сапарында тамағына суық тиіп, сахнаға шыға алмай қалады. Кейіннен дауысына келген зақымнан сахнаға шығу мүмкіндігі шектеледі. 1939 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің бұйрығымен таңдаулы да талантты қазақ жастарын Мәскеудегі Бүкілодақтық Кинематографистер инс­титутына оқуға жіберу туралы шешім қабылданады. Осы таңдаулылардың қатарында оқуға аттанған Ораз Әбішевтің кино әлеміндегі тағдыры бүгінгі күнде ұлттық деректі кино өнерінің көш басындағы бірегей жолын айқындады. – Ораз Әбішев атындағы Халық­аралық деректі кино фестивалінің басты құндылығы неде? – Үлкен жүректердің соғысын әлем естуге хақылы. Ораз Әбішевтің Қазақстанның деректі кино өнерінің дамуына қосқан еңбегі теңдессіз. Көш бастаудың жауапкершілігін көтере білген Ораз Әбішевтей қайраткердің өнердегі ізбасарларына мүмкіндік жасау біздің міндетіміз. Өнердің тарихын қалыптастыруға өлшеу­сіз үлес қосқан тұлғаларымыз­дың есімін уақыттың жадына жазып қал­дыру келешек ұрпақ алдындағы парыз. Қазақстанда деректі кино өнеріне арналған кинофестиваль бірінші рет өткізілмекші. Және оны отандық деректі кино өнерінің негізін қалаушы Ораз Әбішевтей ұлы тұлғаның есімімен байланыстыруды жөн деп шештік. Кинофестиваль жұмысы дәс­түр­лі түрде өткізіледі деп жоспар­лау­дамыз. Жыл сайын Ораз Әбішев атындағы арнайы сыйлық тағайын­далады. Талапкерлерге қатысты қосымша барлық ақпарат «Тұран» университетінің сайтында жарияланатын болады. Кинофестивальдің басты құнды­лығы мен мақсаты – қазақ деректі кино өнерінің дамуына үлес қосу, талантты жастардың шығармашылығына қолдау көрсету және олардың әлемдік өнер кеңістігіне батыл түрде қадам жасауына мүмкіндік жасау болып табылады. – Отандық кинофестивальдердің қатары жаңа жобамен толықпақшы. «Евразия», «Шәкен жұлдыздары», «Бастау» кинофестивальдерінің тәжірибесі мен өткізілу деңгейіне көзқарасыңыз қалай? – Тұрақтылыққа жету маңызды. Кинофестивальдің тарихын қалып­тас­тыру қажет. Отандық кинофес­ти­вальдердің таңдаған бағыты әртүрлі болғанымен, мақсаты мен мүддесі бір. Басты мақсат – қазақ кино өнерін дамыту. Әлемдік киногерлермен тәжірибе алмасу, шығармашылық деңгейлерді салыстыру маңызды. Кинофестиваль – мәдени келбетімізді айқындап береді. Халықаралық деңгейде өз міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқан «Евразия», «Шәкен жұлдыздары», «Бастау» атты кинофестивальдеріміздің аты біршама әйгілі болып қалды. Біздің міндет – отандық деректі кино бағытының жұмысын алға жыл­жытуға университетіміз тара­пынан үлес қосу. Еліміздегі кинофес­ти­вальдердің қатарының толыққаны, күшіміздің артқанының көрсеткіші. – Қазақстанда өнер саласына арнайы мамандар даярлайтын бірнеше жоғары оқу орындары бар. «Тұран» университетінің кино мамандарын даярлаудағы өзіндік ұстанымы қандай? – Еркін ой иелерін білім алаңына топтастыру. Таңдаулылардың талабын жігерлендіру. Ертеңіне сенімді жастарға жауапкершілік арту. Шығармашылықтың шыңын бағындыруға қауқарлы таланттарды іріктеу. Жетістікке жетудің кілтін табуды үйрету. Шәкірттерді тәрбиелеуде осы ұстанымдарға басымдық береміз. Университетімізге іріктелген ұстаздар қауымы да қазақ елінің келешегін жалғастырушы жастардың басты капиталы – білімде екендігін, өздеріне артылған мемлекет алдындағы жауапкершілікті толығымен түсінеді. – Кино өнері саласы бойын­ша оқу ісі бағыты қандай көрсет­кіш­терге ие? – Университетімізде «Кино және телевизия академиясы» факультеті жұмыс жасайды. Кино саласы бойынша «Режиссура», «Операторлық өнер» мамандықтарын даярлаймыз. Келешекте қосымша мамандықтар ашу да жоспарымызда бар. Оқытушылар құрамына өз саласы бойынша айтулы жетістікке жеткен, тәжірибесі мол мамандар ғана жасақталған. Студенттеріміз тұрақты түрде ВГИК және Нью-Йорк киноакадемиясынан ресми келісім-шарттың негізінде арнайы шеберлігін шыңдау курстарынан өтіп тұрады. Шәкірттеріміздің қоғамдық мәдени іс-шараларға белсенді түрде атсалысуын қадағалап отырамыз. Университет тарапынан студент­тер­дің шығармашылықпен еркін айна­лысуына барлық мүмкіндік жасал­ған. Халықаралық деңгейдегі кинофес­тиваль жұмысын ұйымдас­ты­рып, оның аясындағы іс-шаралар­д­ы жоғары деңгейде өткізуге университе­ті­міздің жабдықталу қауқары да жеткілікті. Өнердегі талантты жастарды қолдап, олардың әлемдік кеңістіктегі өнер бәсекесіне батыл қадам жасауына барлық жағдай жасау университетіміздің міндеті. – Білім саласындағы тәжірибелі маман ретінде Қазақстанның жо­ғарғы оқу орындарының оқыту жүйе­сіндегі бағыт-бағдары жайын­да қандай тұжырымдар жасайсыз? – Келешек білімді жастардың қолында. Бұл қағида қай заманда да өз құндылығын жоғалтпайды. Білімсіз жарқын болашақ жоқ. Бұл – заңдылық. Білім беру мекемелерінің саны мен сапасының артқаны мемлекет үшін маңызды. Мемлекеттің жаппай білімдендіру мақсаты өз дәрежесінде орындалып жатыр. Ұстаздар қауымы мен студент­тер үшін де бүгінгі күні әртүрлі шетелдік оқу орындарымен тәжірибе алмасу ісі жақсы жолға қойылған. Халықаралық байланыстың берер нәтижесі мол. Білім мен өнерде шекара жоқ. Әлемге есіктер айқара ашылған уақытта шәкірттердің өз мүмкіндіктерін толық игергені біз үшін тиімді. Қазақстандық жоғарғы оқу орындары заманауи талапқа сай жүйемен өз міндеттерін атқаруда. Бірақ, мәселе мынада, шәкірттердің өз тараптарынан ізденімпаздығы көп нәрсе шешеді. Уақытты үнемді де тиімді пайдаланып үйренгендері абзал. Біз жаһандану заманының жаңа сатысына көтерілетін үлкен дайындық кезеңінің алдында тұрмыз. Нарық талаптары – қабілетсіз, құштарлықсыз, жігерсіз мамандарды көтермейді. Сапаға сұрыпталу кезеңі өте қатаң өтеді. Өз біліміне сенімді жастар ғана қоғамдағы өз орнын ойып тұрып алады. Ұстаздар да заманауи өзгерістерге қарай икемделуі қажет деп есептеймін. Жастардың санасына білім мен адами құндылықтарды сіңірудің тиімді тәсілдерін қолданғаны абзал. Бүгінгі заманның балалары тым зерек. Өзінің қалауын ашық айтуға қабілетті. Зорлықпен оқыта алмайсың. Тез жалығады. Қызықты әдіс-тәсілдерді талап етеді. Жастар не нәрсенің де оңай жолын таңдайды деп жатамыз. Шын мәнінде, олай емес. Заманына қарай талабы да сай болуы керек. Тілін тапсаң, жансыз заттан да жауап алуға болады. Мәселе, қолданылатын тәсілдің ерекшелігінде. Білім ордалары осы әдістемелік ұстанымдарын дұрыс жолға қойғанда ғана ұтады. Қоғамдық пікірлерде көп сынға ұшырап жатқан қағазбастылық мәселесі шын мәнінде көп кедергілер туындатады. Ұстаздар қауымы қағаз­дың бос әуресімен емес, ұрпақ тәрбиесі алдындағы жауапкершілігіне көп көңіл бөлгені дұрыс. Өздерінің жеке танымдық қабілетін дамытуына да бос кеңістік қалдыру маңызды. Бүгінде уақыттың қарқыны тым өзгеше. Осындай алмағайып заманда адамзаттың өзін-өзі, бағыт-бағдарын жоғалтып алмағандығы бірінші орындағы мәселе. Бұл мақсатта білім орындары атқарушы күшке ие. Ең бастысы, осы салада тиянақтылық пен бірізділік болуы шарт. Уақытты үнемдеу, күш-жігеріңді басты мақсатқа ғана жұмсау, бос нәтиже бермейтін тірлікке айналмауды бүгінгі жастарға үйрету тиімді болмақ. Ұстаздар қауымы да жұмыс есебін қағаз жүзінде емес, ісімен арының алдында бергені абзал. Қағазды да үнемдеуді үйренетін уақыт та тым алыс емес. Бір мекеменің жылдық есебі бір беттік қағаздың көлеміне сиятындай сапа деңгейіне өтеміз деп сенемін. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлзат КӨБЕК