Қала тазалаушылардың жалақысы өседі
Қала тазалаушылардың жалақысы өседі
Елордада 2020 жылдан бастап қаланы тазартумен айналысатын жұмысшылардың жалақысы өседі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Елордада коммуналдық қызметтер паркі жаңа арнайы техникамен толықты. Жолдар мен тротуарларды қардан тазалау үшін 67 арнайы техника сатып алынды: олар автогрейдерлер, қар тиегіштер, тракторлар және басқалар. Келесі кезекте алдағы жылдың басында 90 арнайы техника алу жоспарланып отыр.
Парк техникасын жаңарту қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын жасауға және санитарлық тазалаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Арнайы техника қаражатты оңтайландыру мен «ҚДБ Лизинг» АҚ-мен бірлесе сатып алу есебінен алынды. Техниканың басым бөлігі - отандық өнім. Коммуналдық қызметкерлер жаңа техниканы сатып алудың маңызын атап өтті, себебі қолда бар техниканың 30-50% тозған. Жұмысшылар ескі техниканың бірнеше рет бұзылып, жұмыс кезінде де істен шыққанын айтты.
Елорда әкімі Алтай Көлгіновтың тапсырмасы бойынша «Астана Тазалық» қызметкерлері қаланы тазартудағы ерен еңбегі үшін сыйақы алды, жыл соңында тағы да сыйақы беріледі. Ал 2020 жылдың басынан бастап жұмысшылардың жалақысы өседі.