Жаңалықтар

Еліміздің солтүстік аймақтарына Ресейден газ тартылады

ашық дереккөзі

Еліміздің солтүстік аймақтарына Ресейден газ тартылады

Қазақстанның энергетика министрлігі елдің солтүстік аймақтарын Ресейдің есебінен газдандыру мәселесін қарастыруда.  Бұл туралы энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. "Біз Ресейдің газ беру жүйесіне қосылу есебінен солтүстік аймақтарды газдандыру жұмысымен ұзақ уақыттан бері айналысып келеміз. Тіпті бұл мәселе "Сарыарқа" газ құбырын салу туралы шешім қабылданғанға дейін көтерілді, - деді ол "Сарыарқа" магистральді газ құбыры құрылысының бірінші кезеңін іске асыру бойынша өткен дөңгелек үстел барысында. Вице-министр "Сарыарқа" газ құбырын салудың екінші және үшінші кезеңдері Нұр-Сұлтаннан Көкшетауға, одан әрі Петропавлға құбыр тартуды қарастыратынын атап өтті. "Енді біз ресейлік әріптестерімізбен Түмен облысының Ишим қаласынан Петропавл мен Көкшетауға газ жеткізу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізгіміз келеді", - деді салалық ведомствоның өкілі. Оның айтуынша, ведомство құбырдың құнын, тарифті, газдың бағасын есептеуі керек және барлық есептеуден кейін ғана Қазақстанның энергетика министрлігі солтүстік аймақтарды газдандыру үшін "ең тиімді нұсқаны" таңдай алады. "Егер біз Ишим қаласынан газ құбырын тартатын болсақ, онда Нұр-Сұлтанда құбыр желісін "Сарыарқа" газ құбырымен түйістіреміз. Бұл біз үшін газдандырудың ең қауіпсіз нұсқасы болады, өйткені дәл сол Нұр-Сұлтан қаласы газдандырылады және екі газ көзі болады. Біз бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деп түйіндеді вице-министр. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда қараша айының басында 2018 жылдың соңында еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев іске қосқан "Сарыарқа" газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды.