Төркіндеу дәстүрін жаңғыртты

Төркіндеу дәстүрін жаңғыртты

Төркіндеу дәстүрін жаңғыртты
ашық дереккөзі
Жуырда Қостанай қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның жанынан құрылған Аналар кеңесінің VI  жиыны болып өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси моделі саналатын Ассамблеяның жанындағы Аналар кеңесінің құрамында көпбалалы аналар, қоғамда береке мен бірлікті, достық пен ынтымақтастықты насихаттап жүрген іскер әйелдер бар. Екі күнге созылған дүбірлі жиын аясында қазақ ұлтының төл дәстүрі, салт-санасы жаңғыртылып, «Төркіндеу» деп аталатын ұмыт қалған ғұрып жаңа мазмұнда көрсетілді. Республикамызға танымал ілеспе аудармашы, сол саланың негізін салушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, ақын Камал Әлпейісова  өзінің туған жері – Тобыл-Торғай өңіріне төркіндеп келіп, бала-шағасын, немерелерін еліне таныстырып, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында шығармашылық кешін өткізді. Кеш аясында тағы да сол қазақтың этнографиясы мен ғибраты мол салт-дәстүрі туралы театрландырылған көріністер, ақынның өлеңдерінен поэтикалық образдар жасалып, көрермен қауымға жылы көңіл күй сыйлады. Зал тегіс жым-жырт. Пышақ кесті тыныштық орнаған. Тек сахнадағылардың сөзі ғана жаңғырып, ерекше естілді. Сілтідей тынған жұрт, өңір-өңірден келген аналар мен делегаттар дәстүрге ұйып, ұмыт болған салт-сананың қасиетін сезді. Сол көптің арасында отырған біз де туыстық қатынасты, ағайын арасындағы бірлікті арттыруға мәні зор жақсы дәстүр, ұмыт қалған ескі бір ғұрып туралы ойланып, оның тарихи тамырына қызығып қалдық.  

Елдос НҮСІПҰЛЫ