Салық жүйесін жаңғырту – жауапты іс
Салық жүйесін жаңғырту – жауапты іс
Әр мемлекеттің өсіп-өркендеуінің және дәулеттілігінің кепілі – салық. Сондықтан салық төлеу жүйесі келешегін ойлайтын ел үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та салық төлеу жүйесін жаңғыртуға баса назар аударып отыр.
Президент «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Содан бері елімізде салық төлеу жүйесін дамыту бойынша маңызды жұмыстар қолға алынуда. Соның нәтижесінде қараша айының басындағы есеп бойынша, республикалық бюджетке 290,8 млрд теңге салық түсті. Осылайша, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда салықтық кіріс 20,2 млрд теңгеге артып отыр. Ал өңірлер арасынан Атырау облысы (41,5 млрд теңге), Алматы (37 млрд теңге) және Нұр-Сұлтан (30,1 млрд теңге) қалаларындағы салық көлемі көш бастайды.
Мемлекет басшысы Жолдау барысында: «Қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесін жаппай енгізу керек. Бұл үшін тежеуші фактордың бірі саналатын банктердің жоғары үстеме алымын жою қажет. Сондай-ақ тиісті реттеу ережелеріне сәйкес банктік емес төлем жүйесін белсенді дамыту керек. Бұл сегмент қарапайым әрі тартымды болғанымен, ақша жымқырудың және елімізден капитал шығарудың көзіне айналмауы тиіс» деп атап айтқан еді. Осы ретте қолма-қол ақшасыз төлемдер мәселесіне көп көңіл бөлініп отыр. Бұл мәселе бойынша Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі тиісті шараларды бірлесе іске асыруда. Ұлттық банк қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің артуы бюджет кірісінің өсуімен қатар жүруі керек деп есептейді.
Ал Қаржы министрі Әлихан Смайылов: «Ақша аударымдары бойынша комиссия болмағандықтан, пайдаланудың ыңғайлылығына байланысты Kaspi сияқты жедел аударым жүйелерінің тұрғындар арасында және бизнесте танымалдығы артып келеді. Әрине, қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсімі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал ететінін түсініп отырмыз. Қаржы министрлігі мұндай аударымдардан ешқандай қосымша төлем немесе салық алуды жоспарлап отырған жоқ. Әсіресе, жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексеру ешқандай жоспарда жоқ», – дейді.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, министрлік банктермен бірлесіп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін ыңғайлы және заманға инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді. «Ал кәсіпкерлік сала ашық болуы керек. Заңға сәйкес кәсіпкерлер фискалды түбіртек беріп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн-кассалық машиналарды пайдалануы тиіс. Kaspi-ді кәсіпкерлік мақсатта пайдалану – кәсіпкерлерді осы міндеттемелерден босатпайды. Тұтынушының құқығын қорғау үшін тексерудің маңызды екенін ұғыну керек», – дейді министр.
Сонымен қатар қазір Қаржы министрлігі жедел қызмет көрсету жүйесін пайдаланып кәсіпкерлердің кірістерін әкімшілендіру мәселесін пысықтап жатыр. Министрліктің дерегінше, бұл онлайн-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды автоматты түрде толтыру және салық есептілігін жіберу функционалдылығымен біріктіру арқылы жүргізіледі. Айта кетейік, салық төлеушілер үшін онлайн-кассалық машиналарды енгізу кезінде тіркеу тәртібі барынша жеңілдетіліп жатыр. Кәсіпкерге салық өтінішін мемлекеттік кірістер органдарына келіп тапсырудың қажеті жоқ, онлайн-кассалық машиналардың деректері фискалдық деректер операторының веб-сайты арқылы электронды түрде жіберіледі. Бұл қызметтің нәтижесі фискалдық оператордың сайтындағы жеке кабинет арқылы алынады. Жыл соңына дейін фискалдық операторлар санын арттыру көзделіп отыр. Егер осыған дейін бір ғана оператор болса, ал қазір олардың саны үшеуге жетті. Бұл тұрғыда «Қазақтелеком», «Транстелеком» және «Кар-Тел» қамтылып отыр. «Транстелеком» АҚ 3 қыркүйектен өз қызметін ұсынуды бастады. «Кар-Тел» ЖШС осы жылдың аяғына дейін өндірістік ортаға шығуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, онлайн кассалық аппараттарды енгізу елдегі сауда-саттықтың ашық жүруіне әсер ете бастаған. Үстіміздегі жылдың тамыз айына дейін онлайн кассалық аппараттар салық органдарынан жасырылған 14 млрд теңгені жарыққа шығарған.
Еліміздегі салық жүйесін жаңғыртуға байланысты айта кететін тағы бір жайт, келер жылдан бастап жер мен мүлік салығын біріктіру көзделіп отыр. Бұл жағдайда жер мен мүлікке салынатын салық жеке-жеке есептеледі. Ал салық төлеушіге бір сомамен төлеу ұсынылады. Сол секілді, заң жобасында көп пәтерлі тұрғын үйлердің иелері бойынша жер салығын алып тастау да қарастырылған.
Ал шағын және орта бизнес өкілдеріне салықтық рақымшылық жүргізу ісі бойынша, 2018 жылдың 1 қазанына дейінгі берешегі болған 90 мыңнан астам тұлға 210 млрд теңгеге жуық негізгі қарызын төлесе, олардың 123 млрд-қа жуық өсімпұлы кешіріледі. Осы уақытқа дейін салықтық рақымшылық аясында қазақстандықтар 10 млрд теңгеге жуық салық берешегін өтеген.
Сонымен қатар рақымшылық аясында осы кезеңде салықтық қарызы болмаған, бірақ тексеріс барысында анықталған берешектері бар шағын және орта бизнес өкілдерінің қарызы кешірілді. Комитет ақпаратына сәйкес, қазір 5 млрд теңгеден астам берешегін өтеген 1 800-ге жуық шағын және орта бизнес өкілінің айыппұлдары есептен шығарылды. Айта кетейік, биыл жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық тамыз айынан басталған болатын. Берешегі барлар әлі де жыл соңына дейін негізгі қарызын өтеп, өсімпұлын шегере алады. Ал салықтық берешектің бар-жоғын үйден шықпай-ақ, электронды үкімет порталынан білуге болады.
Сондай-ақ елімізде салық төлеушілерді санатқа бөлу қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде тәуекел деңгейі төмен санатқа жатқызылған салық төлеушілер ұзақмерзімді салық берешегін және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегін өтеуден босатылды. Осылайша, 2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша тәуекел деңгейі төмен санатқа жатқызылған 60 385 салық төлеушінің 41,6 млрд теңге сомасында салық берешегі бар. Бұл республикалық салық берешегі сомасының 12,1 пайызын құрайды. Бұл ретте аталғандардың ішінде 42 218 салық төлеуші бір айдан астам уақыт ішінде салық берешегін өтемеген.