Қандастар елордада бас қосты
Қандастар елордада бас қосты
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстел шымылдығын түрді. Шара аясында шет мемлекеттерден келген қандастарымыз бас қосты.
Халықаралық дөңгелек үстел «Отандастар қоры» КЕАҚ және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ ұйымдастыруымен өтуде. Жиынның ашылу салтанатына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев қатысты.
Қырымбек Көшербаев, Мемлекеттік хатшы:
– Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 1 миллионан астам қандасымыз келіп, Отанымыздың бір-бір уығына айналып, мемлекетіміздің өркен жаюына үлестерін қосуда. Қандастарымыздың баспанамен және жұмыспен қамту мәселесі 2017-2021 арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында өзінің шешімін тауып отыр. Сонымен бірге, қазіргі уақытта шетелден келген ағайындарға құжатты ресімдеуде көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру, шетелдегі отандастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау туралы заңнамалық тетіктерді енгізу жөнінде де маңызды шаралар да қолға алынады.
Бердібек Сапарбаев, Премьер-министрдің орынбасары:
– Шетелдегі қандастарымыздың ішінде мықты қалталы азаматтарымыз, ғалымдар мен өнерпаздар бар. Олар өздерінің Отандарына көмектесу керек. Сіздер баспасөзден жақсы білесіздер: армяндар мен еврейлердің Арменияға, Израильге қалай көмек жатқаны белгілі. Бізде де солай болу керек. Қанша дегенмен Отанымыз бір – Қазақстан. Америкада тұрасың ба, Қытайда тұрасың ба – жүрегің Қазақстан деп соғу керек. Сондықтан біздің өтінішіміз – осы жағына да көңіл бөлсеңіздер.
Дәурен Абаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
– Біз шетелдегі қандастарды қолдаудың жаңа тетігін кешенді түрде пысықтап жатырмыз. Ол – халықаралық тәжірибеге негізделген механизм. Екіншіден, министрлік этникалық қазақтардың елімізге көшу рәсімін оңтайландыруға бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Біз адамдардың «қандас» мәртебесін алуға өтішін беруінен бастап қазақстандық паспорт бергенге дейін барлық процесті талдап, қандастардан сұралатын құжат санын 46-дан 20-ға дейін қысқартамыз.
Нұртай Әбіқаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:
– Шет елдегі отандастар мен қазақ мәдени орталықтарын қолдау мақсатында шекаралық облыстармен меморандумдарға қол қою арқылы шет елдердегі қазақ мәдени орталықтарына қамқорлық жасауды қолға алдық. Алайда алдымызда әлі де талай асу бар. Түйіні тарқамаған түйткілдер, күрмеуі шешілмеген күрделі жәйттер де жоқ емес. Осы орайда «Отандастар қоры» жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға байланысты бірқатар ұйымдастыру мәселелерін кешеуілдетпей шешу керек деп ойлаймыз.
Айта кетейік, дөңгелек үстел аясында тақырыптық панельдік сессиялар ұйымдастырылуда. Шет мемлекеттердегі қазақтілді БАҚ өкілдері қатысқан панельдік сессияда журналистер арасындағы өзара ынтымақтастық мәселесі сөз болды. «Абай» мәдени орталығының панельдік сессиясында қазақ мәдениетін, өнерін, әдебиетін шет мемлекеттерде дамыту мәселесі талқылануда. Ал «Жас Қазақ» жастар клубының панельдік сессиясында шет елдердегі қазақ жастарын тарихи Отанын айналасына шоғырландыру және оларға жан-жақты қолдау көрсету мәселесі қозғалады.