Жаңалықтар

Мәжіліске заң жобасын алып барған Аймағамбетов ұятқа қалды

ашық дереккөзі

Мәжіліске заң жобасын алып барған Аймағамбетов ұятқа қалды

Бүгін  ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды.  Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан заң жобасындағы басты кемшілікті атады. «Бұл қоғамға қажетті тамаша заң жобасы. Nur Otan партиясының сайлауалды уәдесін орындауға мүмкіндік беріп те отырған заң. Бірақ мына жерде мынадай қызық болып тұр. 6-баптың 2-тармағы 1-тармақшасында былай дейді: «Педагогты оның кәсіптік қызметтеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді«, деп жазылған. Ал заң жобасының 15-бабы 7-тармақшасында: «Қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндетті» дейді. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу меніңше мұғалімнің қызметіне кірмейді. Түлкі бұлаң болып кеткен жоқ па?», - деп сұрады депутат  Білім және ғылым министрінен. «Шын мәнінде бұл тарапта біз келісеміз, қауіп бар. Осындай редакцияда бергеннен кейін шын мәнінде басқаша түсінеді. Біздің әріптестерімізді жұмысқа қайтадан тартуға осы норма мүмкіндік беруі ықтимал. Бұл кемшілікті мойындаймыз. Жұмыс тәртібінде бұл мәселе жұмыс тобында да қарастырылды. 2-оқылымға дейін сіздің ұсынысыңызды қабылдаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов. Бұл ретте Нұрлан Нығматулин заңды Парламентке әкелмей тұрып түзету қажеттігін қатаң ескертті. «Парламентке алып келгенде оны неге енгізбейсіздер. Расында да осы екі норманың мағынасы бір-біріне қарама-қарсы келіп тұрғаны көрініп тұр ғой. Бір жағынан педагогты басқа жұмысқа тартуға болмайды дейміз. Ал екінші жағынан қоғамдық жұмыстарға көмектесу керек дейміз», - деді Мәжіліс спикері.