Атажұртқа ағылған көш

Атажұртқа ағылған көш

Атажұртқа ағылған көш
ашық дереккөзі
Шет жұрттағы қандастарды атамекенге қайтару – тәуелсіз Қазақ­стан­ның ең басты мақсатының бірі. Мұны Тұңғыш Пре­зиденті­міз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді егемен мемлекет деп жа­рия­лаған тұста-ақ қадап айтқан еді. Содан бері Қазақстанға 1 миллионнан астам қазақ көшіп келді. 1991 жылдың қыркүйек айында республика Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барды. Бірақ бұл кезде Қазақстан әлі тәуелсіздігін жариялап үлгермеген болатын. Соған қарамастан осы сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы Стамбұл қаласындағы қазақ диаспорасымен жүздесіп, оларды атажұртқа көшіріп алуға уәде етті. Сөйтіп, елге оралғасын Елбасы қаулы қабылдады. Ол – шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы Қаз КСР Үкіметінің қаулысы еді. 1991 жылдың 18 қарашасында қабылданған бұл қаулы шет жұрттағы қазақтардың атамекенге оралуына жол ашқан маңызды құжатқа айналды. Арада бір ай өткесін, яғни 16 желтоқсан күні Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялап, Елбасы алыста жүрген қандастарымыздың Отанына оралуына бар жағдайды жасады. Осылайша, әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтар атажұртқа қарай бет бұра бастады. Ал 1992 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құру туралы пәрмен берді. Ондағы мақсат – шетелдегі қазақтармен байланысты арттыру, олармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмысты жандандыру және оларға көмек қолын созу болатын. Қауымдастық құрылғаннан кейін сол жылдың 29 қыркүйегі мен 3 қазаны аралығында еліміздің сол кездегі бас қаласы – Алматы шаһарында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Құрылтайға 33 елден келген қандастарымыз қатысты. Тұңғыш құрылтайдың шымылдығын ашқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Бүгінгі күн – ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі иісі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс Құрылтайға жиналып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға кірмеген шығар. Енді, міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік. Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгірген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар»  деген ыстық ықыласқа толы сөзін барша жұрт жылы қабылдады. Мақсатты шараларды сапалы және толыққанды орындау мақсатында 2005 жылдың қараша айында Президент «2005-2007 жылдарға арналған шетелде тұратын отандастарды қолдаудың Мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарғысына қол қойды. Қандастарымыздың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету мақсатымен 2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітіліп, жүзеге асырыла бастады. 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасының алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 24 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне – халықтың көші-қоны және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат  шетелдегі қандастарымыздың көшіп келуінің құқықтық жағын тағы бір  дәйектеп берді. Деректерге иек артсақ, алғашқы бес жылда (1991-1996 ж.ж.) бүгінге дейін келген қандастарымыздың 10 пайызы, 1997-2001 жылдар аралығында – 8 пайызы, 2002-2006 жылдары – 38 пайызы, 2007-2011 жылдары– 34 пайызы, 2012-2017 жылдары 10 пайызы Қазақстанға қоныстанған екен. Ал олардың 61,3 пайызы – Өзбекстаннан, 12,6 пайызы — Қытайдан, 11,5 пайызы –  Моңғолиядан, 7,1 пайызы – Түркіменстаннан, 3,7 пайызы – Ресейден, 3,8 пайызы өзге елдерден келген. Ал 2016 жылы – 33 754, 2017 жылы – 18 605, 2018 жылы 14 541 шет жұрттағы қазақ тарихи Отанына қоныс аударған. Олардың 24 пайызы – Алматы облысына, 9 пайызы – Түркістан облысына, 20 пайызы– Маңғыстау облысына және Шымкент қаласына 1,1 пайызы қоныстанған. Елге оралған қандастарымыздың 61 пайызы – еңбекке қабілетті жастағылар болса, 18 жасқа дейінгілері – 28,5 пайызды, зейнеткерлер – 10,5 пайызды құрап отыр. Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының мақсаты – еліміздің ұлттық бірегейлігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды қысқарту мен сұрыптаушылық көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон процестерінің келеңсіз салдарын азайту. Көштің тоқтамайтыны, жалғастығы туралы әлем қазақтарының 2017 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы тиісті орындарға нақты тапсырмалар берген болатын. Дәл осы құрылтайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміз бен қоғам тарапынан қандастарымызды қолдаудың маңыздылығын айтып, «Отандастар» қорын құруды тапсырды. Бұл қор қандастарымызға қолдау көрсетудің негізгі тетіктерін анықтауға міндеттелді. Бүгінде аталған қор өз жұмысын табысты жүргізуде. Айта кетейік, қазақ даласына қарай бет алған ұлы көш бүгінге дейін Үкіметтің қамқорлығынсыз қалған жоқ. Атажұртына асыға жеткен қандастарға қолдан келгенше көмек көрсетіліп келеді. Ал шеттегі қандастарымызды атажұртқа қайтару – Елбасының басты арманының бірі. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан бауырларымызды атажұртқа оралту бағытында көптен ойымда жүрген арманымды орындаған сәтімді менің өз өмірімдегі ең бақытты кезеңім деп есептеймін. Бұл – бір жүрекжарды қуаныш, сезімге толы салтанат, азаматтық парыздың салмағын сезінудің шынайы көрінісі болды» деп ағынан жарылғаны көптің жадында әлі күнге дейін жатталып қалды. Елбасы саясатына сенім артқан алыстағы ағайын қашанда Қазақстанды өздеріне тірек санап, мақтанышпен айтып жүретінін тілге тиек ете кеткен абзал. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ең басты жол – Отанға бастайтын жол» деген сөзі де сырттағы қандастарымыздың туған елге оралу туралы үміт шамын ешқашан сөндірмейтіні анық. Жандарбек МӘЛІБЕКОВ, мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші: – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі қазақтарды атажұртына көшіру туралы бастамасы бәрімізді қуантқаны рас.  Елбасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысқан болатынмын. Сол құрылтайда тарыдай шашылып кеткен қазақты бір шаңырақ астына қайта жинаған Елбасының саясатын қолдай отырып, өзге елден келетін өзім секілді қазақтарға бір кеңесімді айтқан едім. «Сендер елге келгенде, «Мен не аламын?», «Маған не береді?» деген оймен келмеңдер, керісінше «Мен тәуелсіз еліме не беремін?» деп ойланыңдар» деген болатынмын. Расында да, туған топыраққа оралғасын, осы елге қызмет етуді ойлау керек. Тағы бір айта кететін жайт, сол құрылтайда біз сырттан келген қандастардың атажұртқа, туған елге, жерге деген сағынышын көзбен көріп, жүрекпен сезіндік. Ұшақтан түсе сала туған жердің топырағын сүйіп, иіскеген қазақтардың қуанышында шек болмаған еді. Ал бізге мұндай бақытты сыйлаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Тұңғыш Президенттің тәуелсіздікке қол жеткізе салып, шетте жүрген қазақтарды тарихи Отанына қайтаруды қолға алуы – өте маңызды әрі мазмұнды шешім болды. Сол Елбасы бастап берген «Нұрлы көш» әлі де жалғасын табатынына сенімдімін. Сондай-ақ шетелде жүрген қазақтарға туған елімізде ерулік дәстүрін ұйымдастырсақ, елордадан «Қазақ» салтанат сарайын құрсақ, сол сарайда шетелдегі қазақтар өздерінің жиындарын, кештерін өткізуге мүмкіндік алса, шетелдегі қазақтарға арналған «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін қызмет көрсету нүктесін ашсақ, нұр үстіне нұр болар еді.   Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор: – Әлемде өзінің қандастарын тарихи Отанына шақырған төрт ел ғана бар. Соның бірі де бірегейі – Қазақстан. Тәуелсіздік алғанымызға бір жыл толмай жатып, яғни 1992 жылдың күзінде сол кездегі бас қаламыз  Алматыда Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтті. Сол жылдың мамыр айында халықаралық «Жігіт сұлтаны» байқауы өткен болатын. Байқауға Моңғолия, Ресей еліндегі қазақ жігіттері қатысты. Ең бірінші «Жігіт сұлтаны» байқауына Ресейдің Омбы қаласындағы қазақтардың атынан өзім де қатысқанмын. Сол кезде ұйымдастырушы азаматтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күзде құрылтай өткізетінін айтып, сол жиынға бәрімізді шақырған. Ең алғаш рет дүниенің төрт түкпіріне тарыдай шашылған қазақты бір ортаға жинайды деген ақпаратты естіп, қуанып қалдық. Күзде құрылтайға Омбы қаласынан онға жуық делегат қатыстық. Сол жиындағы Елбасының айтқан жалынды сөздерін Ресей қазақтарына жеткіздік. Елбасы «елге оралыңдар» деген ұран тастады. Сол ұранның арқасында, Елбасының салиқалы саясатының арқасында бастау алған бұл көшті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та тоқтатпайтынын жеткізді. Бүгінге дейін елімізге 1 миллионға жуық қазақ көшіп келді. Әлі де сыртта жүрген 5 миллиондай қазақ бар екен. Ендігі мақсат – алыстағы сол ағайынды Отанына қайтару. «Елбасының бұл саясаты бізге не берді?» деген сұрақтың туындауы заңдылық. Біріншіден, тарихи әділеттілік орнады. Өйткені шетелдерге ауа көшкен қазақтың көбі атамекенінен өз еркімен кеткен жоқ. Бір кездері қазақтың кейбір жерлері шетелдіктердің еншісіне өтіп кетті де, қазақтардың біразы сол аумақта қалып кетті. Олар тарихи Отанынан қоныс аудармаса да, туған елден алшақтап қалды. Енді бірі ашаршылық кезінде, қуғын-сүргін зардабынан шетке кетуге мәжбүр болды. Соның бәрін Елбасы елге қайта көшіріп әкеліп, тарихи әділдік орнатты. Ал шеттен оралған қандастарымыз еліміздің экономикасын ілгерілетуге, мәдениет пен ғылым-білім саласын дамытуға өз ықпалын тигізді. Одан кейін шет мемлекеттен келген қазақтар елдегі демографияны дамытуға көмектесті. Елімізден көшіп кеткен өзге ұлт өкілдерінің орнын толтырған да осы сырттан келген қандастарымыз. Сондықтан Елбасының бұл саясаты жалғасын табуы керек.  Шетте жүрген ағайын-туыстың елге көшіп келуіне жағдай жасап, түрлі кедергілерді жою да күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «оралман» сөзінің орнына «қандас» деген ұғымды пайдалануды тапсырды. Бұл да көңіл қуантады. Қазір қазақтың саны 70 пайызға жетіп қалды. Бұған сырттағы қандастарымыздың да ерекше үлес қосқанын айта кеткен жөн. Ал мұның бәрінің астарында Елбасының салиқалы әрі сарабдал саясаты жатыр.   Мағауия САРБАСОВ, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті: – Елбасы шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Отандастар қорын» құрды. «Қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақ­ты қолдау мен көмек берудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзірлесін» деп шеттегі қандастарымызды жан-жақты қолдау, Қазақстанға көшіп келген ағайындардың бейімделуіне көмек беру және осы жұмыстарды іске асыруда заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде арнайы тап­сырды. Осы тапсырмалар аясында «Отан­дастар қоры» қызметінің жалпы ұстанымы белгіленді, 2019-2022 жылдарға арналған «Жол картасы»  жасалды. «Нұрлы көш» мемле­кеттік бағдарламасының тиімділігін ес­кере­тін болсақ, Елбасының бағдарлама қабылдау жөніндегі тапсырмалары өміршеңдіктен туындап отырғанын анғаруға болады. Қазір арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқ. Тек қана квоталар арқылы елге ораламын деген қандастарға бірқатар жеңілдіктер қарас­тырылған. Шет мемлекеттерден Отанымызға оралғысы келетін азаматтар түрлі құжат толтыру тауқыметін бастан кешетін. Елбасы «Елшіліктер азаматтардың құжатын қамдап қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Оны Сыртқы істер министрлігіне тапсыра­мын. Сонда шекарадағы шырғалаң да, елге кел­ген соң құжат түгендеу үшін ары-бері сабылу да болмайды» деді. Осы тапсырманың орын­далуы бойынша Сыртқы істер ми­нистрлігі мен еліміздің шет мемлекеттердегі диплома­тия­лық өкілдіктері алыс жерлерде тұратын ағайындарға қолдау көрсету бойынша жұмыстарды жүйелі түрде атқарып келеді. Еліміздің шетелдегі консул­дық мекемелері Отанымызға өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген этникалық қазақтарға келу, оның ішінде оралмандарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Үкіметі айқындаған өңірлерге келу және қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы тиісті ақпараттар береді. Сонымен қатар Қазақстанның визаларын беру қағидаларына сәйкес тиісті құзыретті мекемелермен келісу бойынша этникалық қазақтарға шақырусыз алғашқы кезде 1 жылға дейін, ал қайта өтініш жасағанда 3 жыл мерзімге дейін жеке сапар визаларын рәсімдейді. Егер қандастар Қазақстан визаларымен елге келіп, тарихи Отанында тұрақты тұруға қалғысы келсе, онда олар осы жерде тұрақты тұруға рұқсатты Ішкі істер министрлігінің миграциялық қызмет бөлімшелерінен ала алады. Бұдан бөлек, «Отандастар қоры» және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» елге келген ағайындар үшін қолжетімді жағдайлар жасау мақсатында осы саладағы өзекті мәселелерді отандастарды қолдау орталығы арқылы ше­шуді қолға алды.