«ҚазМұнайГаз» жыл басынан бері қазынаға 1,2 трлн теңге құйды

«ҚазМұнайГаз» жыл басынан бері қазынаға 1,2 трлн теңге құйды

«ҚазМұнайГаз»  жыл басынан бері қазынаға 1,2 трлн теңге құйды
ашық дереккөзі
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы үстіміздегі жылдың тоғыз айында 1,162 трлн теңге салық төледі. Бұл былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 11%-ға артық. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» үш тоқсанның қорытындысы бойынша есебінде хабарлады. Брент мұнайына бағаның құбылып тұруы және KMG International-дың сату көлемінің азаюы салдарынан табыстың бір бөлігінен (1,9%) айырылу сияқты сыртқы нарықтағы кедергілер қарамастан, «ҚазМұнайГаздың» қаржылық жағдайы тұрақты. Газды Қытайға экспорттау көлемінің артуы және теңгенің әлсіреуінің арқасында ұлттық компания есесін жіберген жоқ. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша түсім 5,1 трлн теңгені құрады. Компанияның таза табыс – 800 млрд теңгеге жақындап қалды. Бұл 2018 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 22,5%-ға артық. Сонымен қатар, есепті кезеңнің маңызды жаңалықтарының бірі ретінде «ҚазМұнайГаздың» Теңізшевройл мұнайына аванс беру шеңберіндегі міндеттемелерін 1 846 млн. АҚШ долл. сомасында мерзімінен бұрын орындағаны, соның ішінде 1 270 млн. АҚШ долл. сомасын жеделдетіп өтеуі туралы мәлімделді. Айта кетейік, 2016 жылы ұлттық компания халықаралық трейдерлермен Теңізшевройлдың шикі мұнайы мен сұйытылған газын жеткізіп беру туралы ұзақ мерзімді келісімге отырған болатын. Жалпы, «ҚазМұнайГаздың» қаржылық жағдайы халықаралық рейтингтік агенттіктердің баяндамаларында айқындалған. Атап тайқанда, Fitch агенттігі ұлттық компанияның рейтингісін «ВВВ-/Болжам тұрақты» деңгейінде растады. Бұл ретте агенттік жеке рейтингтің (stand-alone credit profile) «b» деңгейінен «bb-» деңгейіне дейін көтерілгенін атап өтті. Ал Moody's халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан үкіметі тарапынан қолдауды есептемегенде, дербес негіздегі «ҚазМұнайГаздың» кредит қабілеттілігі рейтингін «Ва3»-тен «Ва2»-ге дейін көтерді. ҚМГ ұзақ мерзімді рейтингі «Тұрақты» болжамынан «Позитивті» болжамына қайта қаралып, «Ваа3» деңгейінде расталды. Есепке сүйенсек, ұлттық компанияның адымы әзірге жаман емес. Қаржылық жағдай тұрақты, өндірістік көрсеткіштер жоспарға сәйкес. Енді 2019 жылды қандай нәтижемен аяқтайтынын көре жатармыз.