Жоғары білім сапасы жүйелі қадағалануы тиіс
Жоғары білім сапасы жүйелі қадағалануы тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қала және ауыл балаларының білім деңгейіндегі алшақтықтарды жоюды және тұрғылықты жері мен ата-аналарының әлеуметтік жағдайына қарамастан балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беру сынды мәселелерді көтерген болатын.
Расында да, материалдық-техникалық базасы жақсы дамыған қала мектептері мен қарапайым интернетке қосыла алмай отырған ауыл мектептерінің білім беру сапасы салыстыруға келмейді. Ауылдық жерлердегі білікті кадрлардың тапшылығы да – өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырған болатын. Айта кетейік, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2019 жылдың соңына дейін 7 176 маманға 1,3 млрд теңге жәрдемақы беріледі. 2019 жылдың 7 айында 5 172 маманға 911,4 млн теңге сомасында жәрдемақы төленсе, 2 527 маманға тұрғын үй алу үшін 9,1 млрд теңге несие берілген. Ал жыл соңына дейін 3 908 маманға 14,8 млрд теңге көлемінде тұрғын үй алуға несие берілмек.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыруға да баса назар аударғаны мәлім. Жолдауда айтылған тағы бір мәселе – сапасыз жоғары оқу орындарының көбейіп кетуі. Жоғары білімді сапалы ету үшін бәсекеге қабілеті төмен ЖОО-ларды жабу. Ал ондай оқу орындарын анықтаудың негізгі көрсеткіші – түлектерінің жұмыспен қамтылуы. Өкінішке қарай, бүгінде өз түлектерін жұмысқа орналастыруға қауқарлы оқу орындарының саны аз. Мұны Президент те қадап айтқаны белгілі. «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте еліміздің Білім және ғылым министрлігі білім бағдарламалары мен оқыту деңгейі заман талабына сай келмейтін жоғары оқу орындарының лицензияларын өздігінен қайтарып алуды қолға алған болатын. «Бұл – біздің оқу орындарымыздың жоғары сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі. Жоғары сапалы жоғары оқу орындары жұмыс істеп, білім беруі керек. Мемлекет басшысы айтқандай, жұмыспен қамту проблемалары бар университеттер, оның ішінде көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі кей жерде қатаң шаралар қабылдауы керек. Енді аудит жүргізіліп, оны орындамағандар үшін біз шешім қабылдаймыз» деген болатын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде министрлікті қолдады. Сондай-ақ бұл жұмыс бойынша заңнамалық деңгейде тиісті нормативтік-құқықтық база әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Жолдауда аталған мәселелердің түйінін тарқату үшін ең алдымен мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын ретке келтіру қажеттігіне тоқталған. «Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының білім беру сапасын арттыру және педагогтарды қолдау жөніндегі тапсырмасы аясында Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының бюджеттеріне талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтің бар екені анықталды. Сөйтіп, бірқатар жоғары оқу орны оқытушылардың жалақысын арттыру бойынша нақты шараларды жүзеге асыруды қолға алды. Олардың қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Каспий университеті мен Тараз педагогикалық университеті бар. Басқа да мемлекеттік ЖОО-ларға аталған шаралар шеңберінде тапсырмалар жүктелді.