Жаңалықтар

Жемқорлықты жоюдың жаңа әдісі

ашық дереккөзі

Жемқорлықты жоюдың жаңа әдісі

Ақмола облысында сы­байлас жемқор­лық­пен күресудің жаңаша әдісі ұсынылды. Тың әдіс мобильді қосымша ар­қылы жүзеге асы­рыл­мақ. Мобильді қо­сым­ша халықтан жедел мәлімет алуға мүм­кін­дік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа ар­наған Жолдауында сыбайлас же­м­қорлықпен күрес мәселесіне ай­рықша назар аударған болатын. «Орталық және жергілікті орган­дар­дың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сыбайлас жемқор­лыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек» деген болатын Президент. Осыған байланысты еліміздің бірқатар өңірлерінде жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары табысты жүргізілуде. Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанынан ашылған тұрғын­дарға қызмет көрсету орталығында таныстырылған мобильді қосым-ша – соның бір дәлелі. «Халық бақы­лаушысы» деп аталатын мобильді қосымша арқылы азаматтар жем­қорлық деректері туралы, мем­лекеттік қызметшілердің, сон­дай-ақ департамент мамандары­ның әдеп нормаларын бұзу жағ­дайлары бойынша хабар бере алады. Осы қосымша арқылы саладағы жаңалықтарды оқып, іздеуде жүр­ген адамдардың тізімін де көруге мүмкіндік бар. Айта кетейік, бұған дейін елі­міздің Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі жанынан ақпараттық-ағартушылық штабы құрылған болатын. Бұл да – агенттік қолға алған жемқорлықпен күрес тәсілінің бірі. Штабтың мақ­саты – адамдардың моральдық-этикалық түсінігіне ықпал етіп, адал әрі ашық қоғам қалыптастыру. Ақпараттық-ағартушылық штаб­тың алғашқы кездесулері желтоқ­сан айына жоспарланып отыр. «Көптеген адамдар өзінің құқығын білмеуі кесірінен, сол заңды бұзуға дейін барып жатады. Параны алған адам да, берген адам да тең дәрежеде жауап беретіндігін білесіздер. Осыны біз халыққа жеткізуіміз керек. Сондықтан республикалық арнайы штаб құрылды. Төрағаның тапсырмасымен облыстарда да осындай штаб жасақталып жатыр», – дейді Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бірінші орын­басары Арман Бердалин.