ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ, ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҺӘМ ТҮРКІСТАН
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ, ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҺӘМ ТҮРКІСТАН
Мемлекет тізгінін қиын-қыстау кезеңде қолға алған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев елінің жарқын болашағын басты мұрат етіп, атқарған ерен еңбегі мен дұрыс жүргізген сындарлы саясатының арқасында тәуелсіз қазақ елі алға қадам басты. Нарықтық жүйеге бет бұрып, жекешелендіру жүргізілді, инвестиция тартылып, сырт елдермен өзара сауда қатынастары жүйелі жолға қойылды. Төл теңгеміз қолданысқа еніп, дербес қаржы жүйесі құрылды. Халықтың жұмыс істеуіне жан-жақты қолайлы жағдай жасалды, өндіріс орындары мен жеке кәсіпкерлік қарқынды дамыды.
Елбасының жыл сайынғы елге жасаған дәстүрлі Жолдауларындағы мемлекеттің әлеуметтік, стратегиялық дамуына негіз болған бағдарламалары жетістіктерге жетеледі. Бұл жұмыстар тәуелсіз елімізде бұрын-соңды болмаған нәтижені көрсетті. Аталған жағдайлар қаржылық дағдарыстарға төтеп беріп, экономикамызды көтеріп, мемлекетімізді биік белестерге жеткізгенін Елбасының терең ойлайтын, болашақты дәлдікпен болжайтын көрегендігі деп білеміз.
Еліміз тәуелсіздік жылдарындағы өтпелі кезеңнің барлық қиыншылығын еңсеріп, елімізді саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстарға соқтырмай, ынтымақ пен жетістікке қол жеткізген мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының қажырлы еңбегін, дұрыс таңдаған саясатын әлем жұртшылығы да мойындады. Соның арқасында еліміз дамыған 50 мемлекеттің құрамына еніп, бүгінде экономикасы озық 30 елдің қатарынан көрінуге атсалысып жатыр. Бұл еселі еңбектің басында Елбасымыздың өзі құрып, төрағалық етіп жүрген Nur Otan партиясының да ерекше орны бар.
Қазіргі таңда елдің ертеңіне сенім артқан Елбасының үміті ақталып отыр. Елбасының бастамасымен елорданы Арқаға көшіру еліміздің геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына жаңа бетбұрыстар әкелгені баршамызға аян. Қысқа мерзім ішінде Еуразия кіндігінде, Есілдің бойында еңселі қала бой көтерді. Тұңғыш Президентіміз негізін қалаған елорда еліміздің еңсесін, халқымыздың рухын асқақтатты.
2017 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен халықаралық EXPO-2017 көрмесіне келген миллиондаған қонақтар елордамыздың керемет келбетін, салтанатты сәулетін тамашалады.
Ал киелі Түркістанның түркі әлемінде алатын орны ерекше. Ұлы ойшыл, ұстаз Қожа Ахмет Ясауидей бабамыз, Абылай хан бастаған қазақтың 21 ханы мен бірқатар сұлтаны, елдің аманатын арқалаған билері мен батырлары – ұлтымыздың қаймақтары мәңгілік қоныс тепкен Түркістанның тарихы тым арыда. Барша түркі әлемінің түп қазығы саналған, ер түріктің бесігі атанып, дәуірлеген Түркістан аумалы-төкпелі замандарды да бастан көп өткерді.
Дегенмен бабалар арманы орындалып, тәуелсіз ел атандық. Араға ширек ғасыр салып, еліміз ес жиып, әлемдік деңгейдегі жағдайға жеткенімізде енді міне, Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Біз үшін XX ғасырдың басты жаңалығы – еліміздің тәуелсіз мемлекет атануы мен оның елордасы болып Сарыарқаның төрінен қазіргі Нұр-Сұлтандай тамаша қаланың бой көтеруі болды. Ал XI ғасырдың ең жағымды жақсы жаңалығы деп Түркістанның түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанып, жаңа облыс орталығы болғанын айтуға болады.
Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда әлеуметтік нысандарды тұрғызу, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ болашақта әлемнің барлық елінен түлеген Түркістанды тамашалауға келетіндей етіп миллиондаған туристерге жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан қаланы дамытудың мүмкіндіктері жетерлік. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті Түркістанды түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі мол. Яғни, Түркістан облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, түркі әлемінің ғылымы мен мәдениеті және руханиятының ірі орталығына айналады.
Осылайша, мұсылман әлемі қасиетті санаған Түркістанның екінші тынысы ашылып, қазір даму жолына түсті. Мұны ғасырдың ең жағымды жаңалығына санаған жұрт Елбасының бұл шешімін дер кезінде қолға алынды деп қолдау көрсетуде. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Түркістанды дамыту мақсатында ел Үкіметі бастап, барша өңірлер мен еліміздің іргелі ірі компаниялары бүгінде қыруар жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ендеше, рухани ордамыздың келбеті екі-үш жылда адам танымастай өзгереді.
Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған тарихи бастамасын жалғастыруды қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістанды дамыту мақсатында қыруар жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістаннан бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Түркістанды қолдау, жаңғырту, жаңарту, дамыту жұмыстарын ары қарай жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Осы жерде бір айта кетер жайт, бүгінде мен өзім басқарып отырған университеттің құрылуын Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қарлығаштарының бірі деп атар едім. Олай дейтінім, бауырлас Қазақстан мен Түркияның тікелей тығыз қарым-қатынасы еліміздің Тәуелсіздігінің жариялануымен қатысты. Баршамызға белгілі, 1991 жылы Тәуелсіздік алған уақытта дербестігімізді алғаш танып, жарты сағаттан кейін құттықтаған Түркия Республикасының сол кездегі президенті Тұрғыт Озал болатын. Экономикалық байланыс, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас орнату мақсатындағы алғашқы қадамдар одан бұрын, яғни Кеңес Одағы ыдырай бастаған уақытта басталған. Түркия үкіметі арнайы делегация жіберіп, саяси-экономикалық жағдайымызбен алдын ала танысып, ішкі дайындық жұмыстарын жүргізгенін атап өткеніміз жөн.
Сондай сындарлы саяси шешімнің арқасында алғаш бұл университет Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасымен рухани астана-мыз – Түркістан қаласын өркендету мақсатында 1991 жылғы 6 маусымда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті болып құрылды. Ал «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге араға жыл салып, яғни 1992 жылғы 31 қазанда Елбасымыздың бастамасымен сол кездегі Түркияның премьер-министрі С.Демирелдің қолдауымен құрылған болатын.