Қазақстан – Қырғыз елі үшін ең ірі инвестордың бірі
Қазақстан – Қырғыз елі үшін ең ірі инвестордың бірі
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары басталды. Қазақстан Президентіне әуежайдан бастап көрсетілген құрмет бауырлас елдердің ғасырлар қойнауынан бастау алатын достығына саяси өзгерістер мен ауыс-түйістер ықпал ете алмайтынын дәлелдегендей.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда қарсы алды. Амандық-саулық сұрасқан соң мемлекет басшылары әуелі «Ата-Бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барып, қуғын-сүргін құрбандарының монументіне гүлдестесін қойды. Бұдан соң екі ел президенті әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысты. Қуғын-сүргін құрбандары мен даңқты жазушының рухына арнап Құран бағышталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекке сапары одан ары Ала-Арча мемлекеттік резиденциясында жалғасын тапты. Сооронбай Жээнбековпен келіссөздер барысында Қазақстан Президенті бауырлас қырғыз жерінде ыстық ықыласпен қарсы алып, жылы қонақжайлылық көрсеткені үшін әріптесіне алғыс айтты.
– Сіздің қырғыз еліне мемлекеттік сапармен келуге шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл соңғы жарты жылдағы біздің үшінші келіссөздеріміз.
Осындай тығыз жұмыстың нәтижесіне кең ауқымды бағыттар бойынша екіжақты байланыстардың жандануы – елдеріміздің жақындасуына және халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етеріне кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысында Қазақстан Президенті қазақ-қырғыз ынтымақтастығының жетістіктеріне тоқталды.
– Қазақ-қырғыз қатынастарының маңызды басымдығы ретінде ортақ шекараның болуын, ретке келтірілген көліктік инфрақұрылымды және ЕАЭО-дағы серіктетікті атап өткен жөн. Осының арқасында Қазақстан Қырғызстанның алдыңғы қатарлы сауда серіктесінің біріне айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қырғызстан Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
– Біздің тауар айналым үшінші жыл қатарынан тұрақты өсімді байқатып отыр. 2015-2018 жыл аралығында өзара сауда көлемі 30 пайызға өсіп, 900 млн долларды құрады. Қазақстан ең ірі инвесторлардың бірі болып отыр, яғни қырғыз экономикасына 1 млрд доллардан астам қаржы салды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қырғызстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істесе, Қазақстанда қырғыз кәсіпкерлерінің қатысуымен 1 мыңнан астам кәсіпорын өнімді еңбек етуде.
– Қазақ инвесторлары тау-кен, қайта өңдеу, құрылыс, сауда, банк секторында, телекоммуникация саласында қамтылған. Олар Қырғызстанның әлеуметтік өміріне белсенді қатысып, жұмыс орындарын құруда, сондай-ақ қаржы мен технологияның тартылуын ынталандырып келеді. Сондықтан Қырғызстан үкіметі алдағы уақытта да қолдау білдіріп, қазақ инвесторларының қызметіне қолайлы жағдай жасауды жалғастырады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент екі ел ынтымақтастығының одан әрі нығайып, өзара тиімді серіктестік жалғасын табатынына сенім білдірді.
Сапар аясында Мемлекет басшысы бүгін Бішкек қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары ұйым қызметі аясында өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылайды. Сонымен бірге биылғы жылғы ұйым қызметінің басым бағыттарын іске асырудың қорытындысы шығарылмақ.