Тұңғыш
Тұңғыш
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Қазақстандықтардың осы бір айтулы мерекені тойлап келе жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Шын мәнінде бұл мереке Тәуелсіз Қазақстан үшін айрықша маңызға ие. Еліміздің Тәуелсіз ел атануының бірден-бір нышаны – президенттік институттың қалыптасу жолының қайнар бастауы осы күннен басталады.
1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы алғаш рет Тәуелсіз мемлекеттің болашақ тізгінін ұстар үміткерге дауыс беріп, жалпыхалықтық сайлауда өз таңдауын жасаған болатын. 98, 7% пайыз дауыспен бүкіл республика азаматтарының қолдауына ие болып, маңдайы жарқырап Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетіп, тәуелсіз әрі жаңа мемлекеттің тізгінін қолға алған болатын. Сонымен, 1 желтоқсан – алғашқы сайлау, Тұңғыш Президентті таңдау сияқты өзекті мәселелер шешілген күн. Мемлекет ғұмырындағы ең алғашқы саяси өзгерістерге батыл қадам басқан, ешқашан ұмытылмайтын тарихи сәт.
Советтік жүйенің колониясынан шыққан қазақ елін жеке дара мемлекет ретінде құруда, әкімшілік-аумақтық тұтастығы мен халықаралық шекаралық-территориялық бөлінісін шегендеуде, Мемлекеттік рәміздерді бекітуде және көпэтностық халқы бар Отанымызды біртұтас шаңыраққа айналдыруда Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың рөлі айрықша. Уақыт алға жылжыған сайын Елбасының есімі Тәуелсіздік сөзінің, Қазақстан деген мемлекеттің екінші атауына айналып, біртұтас ұғым, бүтін бітім ретінде дараланып келеді. Асылында, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі Қазақстанның әлем алдындағы саяси беделі, рухани келбеті, биік тұғыры. Жас мемлекет құрылысын сызған архитектордың Отанымыздың экономикалық дамуы мен ішкі-сыртқы халықаралық байланысының қарыштауында, аймақтар мен елді мекендердің гүлденіп, абаттануында, өнеркәсіп пен бизнестің өркендеуінде, мәдениет пен өнердің, спорт пен медицинаның, ғылым мен білім, интеграцияның перспективалық өсуінде өз қолтаңбасы, өрнегі бар.
Сырттың ашкөздігінен, іштің алауыздығынан сақтайтын да, қорғайтын да қасиет, ол – мемлекет азаматтарының бірлігі мен тұтастығы, отансүйгіштігі және Тұңғыш Президентке деген құрметі мен ықыласы. Бұл күннің мәні де, мағынасы да – елді сүюге үндейді, егемендікті қастерлеуге саяды.