Ағза ауыстыру – қоғамдағы маңызды мәселе
Ағза ауыстыру – қоғамдағы маңызды мәселе
Бүгінгі таңда қоғамымыз 2017-2018 жылдары шетелдік азаматтың ұйымдастырған қылмыстық тобы Қазақстанда заңға қайшы жолдармен адам ағзаларын трансплантациялағаны және оған қазақстандық танымал трансплантолог дәрігерлердің қатысы бар екен деген ақпараттармен даурығып жатыр. Осы іске қатысы бар деген білікті дәрігерлер қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Аталған мәселеге қатысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мырза БАҚ-тарға берген сұқбатында: «...Қазақстанда бұл онша дамымағанмен бірнеше себептер бар. Біріншіден, мысалы органдар қара нарықта қолданылатын болады деген белгілі бір қорқыныш бар. Екіншіден, бұл белгілі діни көзқарастарға байланысты. Алайда мен дін қызметкерлерімен жеке сөйлестім және ешқандай дәстүрлі дін донорлыққа тыйым салмайды. Бұл мәселеде көптеген түсіндіру жұмыстары қажет. Мен бұл туралы ойладым. Жақын арада мен қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімім туралы құжаттарға қол қоямын»,- деп мәлімдеме жасады.
Шынында да адам ағзаларын трансплантациялау қоғам үшін маңызды мәселе екені сөзсіз. Және де бұл жерде діннің және діни бірлестік басшыларының орны ерекше маңызды. Ахиреттік өмірін ойлаған пенде о дүниеде опық жеп қалмайын деп ең алдымен дін маманына жүгінеді.
Министр Д. Абаевтың ұстанымына толық қосыла отырып, осы тақырыпқа қатысты Құран не айтады және шариғат бұған қалай қарайтынына шолу жасап көрейік.
Құран Кәрім мен хадистерде адамның дене мүшелерін трансплантациялау туралы нақты ашық үкім жоқ. Алғашқы мужтахид ғалымдар мен ислам факихтері (факих ғұламалары) да өз дәуірлерінде мұндай мәселе кездеспегендіктен өлген адамның ағзасының басқа адамға берілуіне байланысты қандай да бір үкім шығармаған. Сонымен қатар біздің дінімізде Құран және сүннет белгілерінің дәлелдерімен шығарылған жалпы үкімдер мен ережелер бар.
Құранда және сүннетте үкімдері нақты көрсетілмеген және әр дәуірде кездесетін жаңа мәселелер осы жалпы ережелер арқылы үкімі белгілі болған ұқсас мәселелерді салыстыру арқылы шығарылған. Ғұламалар адам ағзасын трансплантациялау бойынша үкім шығарарда да осындай ұқсас процедураны қолдану орынды болады деп санайды.
Әрине адам баласы ерекше кемел жаратылыс. Алла тағала оған жаратылыстардың ішіндегі ең абзалы деген мәртебені берді. Осы жағынан алғанда қалыпты жағдайларда өлі немесе тірі адамдардан алынған адам ағзалары мен оның бөліктерін қолдану теріс әрекет саналып, бұл адамның қадір-қасиеті мен абыройына қайшы келетін іс ретінде дұрыс емес деп есептелген.
(Бұхари, Либас, 83-87; Муслим, Либас, 33; Касани, Бедаи, V, 125; Ибн Кудама, әл-Мугни, I, 107; Ибн Нужаим, әл-Бахр, VI, 133).
Алайда зәру болған жағдайда қажеттіліктің сипаты мен мөлшеріне қарай бұл үкім өзгереді. Ислам ғұламалары өлген ананың құрсағындағы тірі баланы аман сақтап қалу үшін қарнын жарып алуға, адамдардың сынған сүйектерін емдеудің ешқандай жолдары қалмаған жағдайда оны басқа сүйектермен алмастыруға, белгісіз ауруларды диагностикалау және емдеуді қамтамасыз ету мақсатында туыстарының келісімін алу шартымен өлген адамға аутопсия жасау дұрыс болады деген пәтуалар шығарған. Сондай ақ тірі адамды құтқару үшін оларға өлілердің денесінің ағзаларын алмастыруға рұқсат еткен (Науауи, әл-Мажмуа, III, 145; Фетавал- Хиндия, V, 440).
Сол секілді, аштық пен шөлдеу жағдайындағы сияқты ауруды да, харамды мубах жасайтын қажеттілік деп санаған, емдеудің басқа жолдары қалмаған кезде ауруларды харам дәрілермен және заттармен емдеуге жол беріледі деген үкімдер шығарған. Бүгінгі таңда қанды, ағзалар мен мүшелерді трансплантациялау емдеу жолдарының бір тәсіліне айналды.
Сондықтан, белгілі бір шарттарды сақтай отырып, адамның өмірін немесе өмірлік маңызы бар ағзасын сақтап қалудың басқа жолдары қалмаған кезде шарттарды ескере отырып ағзаларды трансплантациялау арқылы да емдеуге рұқсат берілген керек. Құран Кәрімдегі «...кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең...» деген аят та осыған меңзейді (Маида, 5/32).
Шын мәнінде, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына құрамына кіретін халықаралық пәтуа ұйымы болып табылатын «Мажмуаул-Фикхул-Исламия» осы бағытта шешім қабылдағаны белгілі. Осы тұрғыда, төмендегі келесідей негіздерге назар аудара отырып, ағзаларды трансплантациялауға жол беріледі.
Олар: а) қажеттілік жағдайының болуы, яғни, кәсіби біліктілігі мен адалдығына сенетін маман дәрігердің «науқастың өмірін немесе өмірлік маңызы бар ағзасын сақтау үшін» трансплантация жасаудан басқа таңдау жоқ деген анықтамасы;
б) Науқастың осы жолмен емделіп, жазылып кететініне сенімнің басым болуы;
в) органы немесе ұлпасы алынатын адамның осы рәсімді жүзеге асырудан бұрын қайтыс болған болуы, егер ағза тірі адамнан алынатын болса онда ол ағзаның адамның (донордың) негізгі өмірлік функциясына зиян тигізбеуі керек;
г) қоғамның тыныштығы мен жүйесін бұзбау үшін ағзасы алынатын адамның көзі тірісінде (қайтыс болғай тұрып) осыған келісімін беруі немесе тірі кезінде қандай да бір өсиеті болмаған жағдайда алуға болатын туыстарының разылығы мен келісімінің болуы;
д) берілетін ағза үшін ешқандай ақы төленбеуі;
е) емделетін пациентің де осы трансплантация жасауға келісімінің болуы;
ж) трансплантация жасау толығымен мемлекеттің бақылауында жүзеге асырылуы шарт.
Көріп отырғанымыздай, министр Дәурен Абаев адам ағзасын трансплантациялаудың дұрыс және маңызды мәселе екендігіне назар аударды және өзі алғашқы болып батыл шешімін жариялады.
Еліміздегі діни бірлестіктердің басшылары да осы тақырыпқа қатысты қолдау білдіріп, ұстанымдарын жария түрде білдірсе дерттеріне шипа іздеген қашама адамдар денсаулығына қауышары сөзсіз.
Балғабек Мырзаев, теолог